«Шаншар» Қытайда жүр
Алда келе жатан ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай Орта Азия күлкі жәрмеңкесінің лауреаты «Шаншар» әзіл-сықақ театры 20 ақпанда Қытайға концерттік сапарын бастады.
Әуелі Іле қазақ автономиялы облысы Күнес ауданынан басталған думанды кештің соңы 3 наурызда облыс орталығы Құлжа қаласында жалғасын таппақ. Екі аптаға жуық уақыт ішінде бұл өнер ұжымы облыстың тоғыз аудан, екі қаласын аралап, ең жаңа әзілдерімен көрермен көңілінен шықпақ ниетте.
Айбын Дәуітұлы жауапты болған кештің ақпараттық қолдаушылары – қазақтілді «Бозбала» мен «Азаматтар» сайты. «Шаншар» театры бұрын да Үрімжі қаласында гастрольдық сапармен бірнеше мәрте болған. Сондықтан ондағы ағайын күлкі күймесін мінген Уәлибек пен Жүсіп бастаған әзілкештердің қойылымын көруге әркез құштар.
Айбын ДӘУІТҰЛЫ, жоба үйлестірушісі:
– Шыны керек, мұндағы жұрт бұл әзіл кешке қатты қызығушылық танытуда. Кассадағы билеттерді көптеп сатып алуда. Жоспарымыздан тыс қазағы жиі шоғырланған кей өңірлерде бірнеше рет концерт өткізуімізді өтініп, қоңырау шалып жатқандар бар. Бүгінде мәдени саладағы қарым-қатынастар өте жақсы. Былтыр біздегі сатира саңлақтары атамекенге ат басын бұрып, ондағы әріптестерімен өзара пікір алмасып қайтқан болатын. Сондықтан мұндай мәдени шаралар бізге қажет. Яғни сырттағы қазаққа қажет.