Сансызбайдың ұшағына қамсыз байлар көмектесе ме?
Ордабасылық Сансызбай Оспановтың өз қолымен ұшақ жасайтынын естігенде, сирек кездесетін талант иесімен тілдесуге құмарттық. Алайда Сәкең ашылып сөйлеп, ұшақ жайлы ұзын-сонар сыр бөлісуді оншалықты ұната қоймайды екен. Бәрібір ешкімнен нақты көмек болмайды дейтін болар. Дегенмен ұшақ авторынан сыр суыртпақтаудың жолын таптық. Талант иесі тұратын Сыпатаев атындағы ауылға қоңсы отырған Жеңіс ауылының әкімі Өтеміс Мұхтархановтың көмегіне жүгіндік.
Үйіне жете бергенде, Сәкеңнің ауласындағы «Жигули» көлігінің тұрғанын көріп: «Ә, үйінде екен», – деді әкім алақанын уқалап. «Мына тұрған шеберханасы, ұшақты осының ішінде жасап шығарған», – деді. Шағын ғана шеберхананың шатырына Абайдың «Өнерпаз болсаң, арқалан» деген сөзін жазып қойыпты.
– 13 жастағы балаң кезім, – дейді Сансызбай аға. – Ауылдың аспанын әрлі-берлі кескілеп, АН-2 ұшағы жиі ұшатын. Егістікке дәрі шашады. Бір күні ұшаққа дәрі артысып жүрген Мұсахан көкем: «Бұл жерге неге келе бересің?» – деп сұрады. Бір ұшуға құмар екенімді айттым. Ұшқыштар кілең орыстар болатын.
Соларға айтып жүріп, көкте бір самғауыма Мұсахан көкем мүмкіндік жасады. Сондағы сезімімді тілмен айтып жеткізе алмаймын. «Осындай ұшақ жасамасам ба» деген қиял санама сол кезде қонақтаған.
Санасына ұялаған арманның жетегімен алғашқы ұшақты ағаштан жасайды. Кейінірек күрделене берді. 16-17 жасында бір адамдық шағын ұшақты дүниеге әкелді. Оқушысының ізденісін байқаған бір ұстазы Сәкеңнің қолына «Өмір мұраты» деген үлкен бір томдық оқулықты ұстатады. Бұл ұлы авиаконструктор, «ЯК» ұшағының авторы Яковлевтің кітабы еді.
– Яковлевтің өзі 17 жасында үйінде ағаштан ұшақ жасаған екен,– дейді Сәкең. Мен де сол секілді ұшақ жасағым келді. Мал қораның бір бөлмесін тазалап, мектептен қажетті құралдарды сұрап алып, ағаш, фанера және бөз матадан тағы бір ұшақ жасап шығардым. Бұл бірінші ұшаққа қарағанда, сапалы шықты. Мотоциклдің моторын қойдым. Пәресі ағаштан жасалды. Ауыл балалары болып ұшырмақ едік, алайда доңғалағы әлсіздеу жасалған екен, сынып қалды. Сосын оны ауылға ескерткіш болсын деп орталыққа орнатып қойдық.
Бұл ОС-2, яғни Оспанов Сансызбайдың екінші ұшағы болатын. Бұдан кейін Сәкең әскер қатарына алынды. Әскерге де өзі сұранып, авиациялық әскери бөлімге барады.
– Камчаткада СУ-15 ұшағының механигі болдым, – дейді Сәкең.
Сәкеңнің қабілетіне, талабына тәнті болған әскери бөлімнің басшылары Мәскеудегі конструкторлар даярлайтын институтқа жолдама береді. Сол жолдамамен оқуға түсіп, онда алты жыл дәріс алады. Үйірмеге де қатысып, ұшаққа байланысты білімін жан-жақты жетілдіреді.
Оқу бітіргесін еліне қайтқан Сансызбай аға Шымкент аэропортында 18 жыл механик болып жұмыс істейді. Енді ұшақ жасауға шындап кіріседі.
«1985-86 жылдары ауылға келген соң, жақсылап шеберхана салып, ұшақ жасасам деген ой келді», – дейді Сәкең әңгімесін жалғап. Бірінші келген ой – авиашеберхана жасау болды. Сөйтіп бір жарым жылдың ішінде кәсіби түрде нағыз авиациялық материалдардан жасалған, стандарттарға сай ОС-3 ұшағы дүниеге келді. Бұл – 1988 жыл болатын.
Аулаға шығарып қойылған ұшақты жолдан әрілі-берілі өткендер жиі қызықтап жүреді. Бір күні ұшаққа қатты қызыққан украиндықтар сол кездегі 5 мың сомға сатуын сұрайды. Алғашқыда Сәкеңнің сатқысы келмейді. Алайда қаражат та керек. Екіншіден, бұл ақшаға алдағы уақытта ұшақ жасауды дамытсам деген ой келеді. Бірақ бұл кәсіпті дамыту үшін бірінші кезекте баспана болуы қажет деген оймен сатылған ұшақтың ақшасына үй тұрғызады. Осылай арада бір жыл үзіліс болып қалды.
– Тағы бір ұшақ жасауға кіріскенімде, жолдан өтіп бара жатқан бір қария «осы ұшағыңды алдағы Түркістанның 1500 жылдық мерекесіне арна. Торқалы той кезінде ұшағыңның астына «Түркістан – 1500 жыл» деп жазып алып, қаланың төбесінен бір ұшып өтсең, елдің назары ауады. Шетелдерден келген қонақтар ауыл қазақтарының да қандай өнерлі екеніне бір тәнті болсын. Сенің бұл Түркістанға деген үлкен тартуың болар еді» деген кеңес айтты. Ұсыныс ұнады. Жаныма 4-5 көмекші жігіт алып, бір жарым жылда ОС-4 ұшағын жасап шықтық. Алайда Түркістанның төбесінен айналып ұшу бақыты бұйырмады. Ташкенттен әкелген моторымның күші әлсіздеу болып, ұшақтың салмағын көтере алмады. Ал күштісін сатып алуға қаражат жағы қолбайлау болды, – дейді өнер иесі.
Сансызбай аға бұл іспен өзі ғана айналыспай, шәкірт те тәрбиеледі. Ауылда авиамодельді топ ұйымдастырып, оған ниет білдірген 30 баланың ішінен 15-іне модель жасауды, ұшақ құрастыруды үйретті. Ал өз кіндігінен тараған ұлдарының арасында бұл іске кенжесі Асылжанның ебі бар көрінеді. Бірақ әлі оның сүйегі қата қоймаған жас жеткіншек. «Кәсібімді бір жалғаса, осы Асылжаным жалғауы мүмкін», – дейді Секең.
Шебердің қолынан шыққан ОС-4 ұшағының қимылсыз тұрғанына да 11-12 жылдай болып қалыпты. Қуаты күштірек қозғалтқыш алуға қаржы жоқ. Сәкеңнің үйі тас жолдың бойында орналасқандықтан, ұшағына қызығушылық танытып, арнайы бұрылып келіп, тамашалап кететіндер қатары әліге дейін сиреген емес.
Ал Ордабасыда жасалған ОС ұшағының қашан көкке самғайтыны әзірге белгісіз...