Сапа белгісі бар қазақ
Дайрабайды айтамын, біртүрлі қызық жігіт. Жігіт болғанда қазір жасы елуді еңсерген жігіт ағасы ғой. Салиқалы, сабырлы. Самайын да күміске салып үлгерген. Ақыл-парасаты да ауыл баласының аңғал мінезіндей аңқылдап есіп тұрады. Мінезі де ұстамды. Мен мұндалайтын ерекшелігі жоқ, өзіміз қатарлы екі аяқты адам. Бірақ деймін-ау, атүсті жолыққан адамның өзін баурап әкететін бір мінезі бар. Мен өзімнің қатарым, досым Дайрабай Үсіпбаевтың сол ерекшелігі не сонда деп бас қатырып отырмын. Себебі ол туралы мақтап мақала жазғым келеді. Дайрабайдың қаншалықты мықты азамат екенін аз сөзбен дәлелдеп шыққым бар.
Сондықтан да досымды бастан-аяққа дейтін жіліктеп, мінез-құлқын таразыға тартып, бойы мен ойын тезге салып тері илегендей илеп жатырмын. Сонда не айтқым келеді дейсіз ғой. Ең алдымен, иә, ең алдымен Дайрабайды сапа белгісі бар қазақ деп дәлелдегім бар. Кезінде, Кеңес Одағы шетелге экспортқа шығатын мықты дүниелерге баттитып бесбұрыш ен соғатын. Сапа белгісі. Оны біз қазір Алтын сапаға айналдырып алдық. Саф алтындай таза деген сөз. Сол Алтын сапаны Дайрабайдың маңдайына басып қояр едім, нағыз қазақ, міне, осындай болады деп. Өйткені аю мен аждаһаның ортасында отырған жылқы мінез қазаққа бүгін саннан гөрі сапа керек. Сапа ені бар азаматты қазақтың өз ортасынан іздемесек, басқа елдердің адам зауыттары тек өздеріне жұмыс істеп жатыр. Сонымен Дайрабайдың сапасы қандай? Рас, ол – кәсіпкер, қазіргіше бизнесмен. Бірақ, Абайша айтқанда, «өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» емес. Ғылым іздеп жүрген кәсіпкер. Қызық дедім ғой жаңа, сондай. Дәкеңнің ұстазы, ғылыми жетекшісі, әйгілі ғалым, қайраткер Рахман Алшанов ағамыз былай дейді: «Жалпы қазақ ғылымы үшін теңіз портын зерттеп жазу – тың игергенмен бірдей дүние. Ондай ғылыми еңбектер өте аз. Міне, соған түрен салған алғашқы пионердің бірі – Дайрабай. Батыл екен. Білекті түріп тастап кірісіп кетті. Және де тиянақтылығы ұнады. Ғылымға керек мінездер: табандылық пен түбіне жетпей қоймайтын жігер бар бойында. Жап-жақсы дүние жазып шықты. Ғылыми кеңесте де тартынған жоқ. Тыңғылықты жасаған жұмысын дәлелдеді. Сенің бұл жұмысың елге керек, сабақ бер дедім. Университетте сабақ берді. Елмен түсінісуге жақсы. Ең бастысы, қандай оқиға мен дерек болса да, бірдей еріп кетпейді, өз пайымына салады. Зерделеп алады. Сосын өз ұстанымынан айнымайды. Оны мен ЖаңаӨзен оқиғасы кезінде көрдім. Бірге жүрдік, ел араладық. Барлық дүниеге шынайы баға бере алады. Біздің жеріміз кең деп мақтанамыз. Ертең сол жерді кім қорғайды? Енді найзаның ұшы емес, білімнің күші керек. Өткенде Елбасы бізге заманымыздың батырларын іздеңдер деді емес пе? Анау Данияның, Норвегияның азаматтарын қарашы. Біреуі бес қазаққа татиды. Бізге мықты азаматтар керек. Дайрабайды мен дәл бүгінгі қазақ азаматы деп танимын»
Дүниенің бәрін Менделеев кестесіне салғандай орнына қойып беретін ғалым ағаның бағасы осындай. Ол кісі де шәкіртінің маңдайына сапа мөрін басқысы бар. Біз, қазақ, қызықпыз осы. Жақсы көрсек жақсылап ен салғымыз келеді. Толыбайдай сыншыны текке тумаған елміз ғой. Жақсы жігіттің бойынан жетпіс қасиет іздемей тоқтаймыз ба, сірә?! Мен де досымның қасиеттерін бармаққа салып есептей бастадым. Ақын, өнерпаз, іскер, әке, досшыл, отансүйгіш, алғыр, батыл, байыпты болып кете береді екен. Сосын Дәкеңнің ақын інісі Әлібек Шегебайдың көкірегінде барын кілкіп алып көрейін дедім: «Алыста Ақтауда біздің ауылдан шыққан мықты кәсіпкер бар деп естіген едім. Бірақ бақуатты жігіттердің бықсығынан көңіл жеріп қалған, іздеп көрген емеспін. Бірде «Қазақ әдебиетіне» бір топ өлеңдерім жарық көрген соң бір жігіт «ағаң едім» деп телефон соғып тұр. Дәкең екен. Ақын інілерін іздейтін бизнесменді көргенім – осы. Танысып, араласып кеттік. Сөйтіп, өлеңдерін оқыдым. Ауылдан жырақта жүргендіктен бе, кілең сағыныштан құйылыпты. Жақын болып кеттік. Жаны жұмсақ ағам ғой. Оның қасында өзіңді жайлауда жүргендей сезінесің. Пендеміз ғой, кейде оңаша қалғанда үшінші біреуді жамандауға болады ғой. Жоқ, ондайын көрмеппін. Сыртынан ешкім туралы пікір айтпайды. Оның есесіне өті жарылып кетсе де, бетіне айтады, тіліп айтады. Сосын сыйламай көр. Ал рухани дүниеге, өнерге ілтипаты ерекше. Ағам Алматыға келгенде ең бірінші бітіретін дүниеміз, кітап дүкендерін аралаймыз. Шынымды айтайын, Дәкеңнің арқасында біраз кітап дүкенінің мекенін біліп қалдым. Ағамның арқасында кітапқа байып қалғанымның несін жасырайын. Бір байқағаным, Дәкеңді алдауға болмайды. Өйткені өте сенгіш адам. Өзгеге жамандық ойламайтын адам сондай болады-ау деймін. Қулығы жоқ адамның қалай мықты кәсіпкер болып жүргенін білмеймін. Бірақ оны алдаған адамның өзінің жолы болмайтын шығар. Жалпы, ол кісі өмір бойы өзін-өзі тәрбиелеп келе жатқан адам деп ойлаймын. Шіркін, біз қазақтың әрбір азаматы сондай болса ғой».
Осы мақаланы жазу барысында сыпыра мақтап отырғанымды сеземін. Бірақ даттамас бұрын мақтауды бітіріп алсам дегенім ғой. Ал мақтауымның шегі көрінер емес. Жақсының жақсылығын айта беруден жалықпайды екенсің. Астанада Дайрабайдың Бауыржан Мұқан есімді інісі бар. Ол да ағасын мақтағанда таңды таңға қосуға бар: «Дәкең сияқты ағаңды қалай мақтасаң да орынды. Шуламайды, дабыра жоқ. Кәсібін тып-тыныш жүргізіп, қанша адамға жұмыс беріп отыр. Өмірде осындай табанды адамдардың ісі алға жылжуы керек. Жігер ғой, тірлігі бітпесе, ұйықтамауға бар. Бірақ бастаған істі шегіне жеткізуі керек. Ағам достарының арасында президент. Көп мәселе Дәкеңнің кеңесімен шешіледі. Бірде Дайрабай ағамның алапай иті жоғалып кетіп, үлкен шу болды. Сөйтсем, ит асырап, қазақтың серілік жолын жалғастырып жүр екен ғой. Ал оның адамның өзгемен сыйласуы кімге болса да үлгі. Ауылдан әкем келгенде екеуі дәмдес болған еді. Ұзын сонар әңгіме соғып, екеуі ажырамай қойды. Сонда Дәкең «үйде қартың болса, қаптаулы хатпен тең» деп тілек айтып еді. Жалпы, ағамның адамгершілігін, қарапайымдылығын, ізеттілігін мен өзіме де, өзгеге де үлгі тұтамын»
Иә, Дайрабайдың үлкенмен де, кішімен де сыйласа білетіндігі маған мәлім. Адамға ілтипатын төгетін адамға ықыласың ерекше болады екен. Мақтауын жеткіздім-ау, ашуландырып бір көру керек еді деген сұмпайы ой келе қалды. Сонда не табады екенмін? Бір-бірімізден тек жақсылық іздей берсек, жаман боламыз ба? Одан да мен Дайрабайға арланның азуын сыйға тартайын. Қазақтың жақсы жігіттерін жын-періден сақтап, сапа белгісі болып мойнында жүрсін.