Сапарғали ақынның мұрасы насихатталды
Семейдегі Абай мемлекеттік әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтің туғанына 125 жыл толуына орай әдеби кеш өткізілді.
Көрнекті халық ақыны Сапарғали Әлімбетов – соңына мол мұра қалдырған біртуар талант. Абайдың ақындық мектебінен қанаттанған Сапарғалидың айтыстары өмір шындығына сәйкес өрілсе, жыршылық және шежірешілігі өз алдына бөлек әңгіме. Суырыпсалмалық қасиеті, өткір тіл, кестелі сөз шеберінің мазмұнды да көркем өлең-жырлары, толғау-дастан, айтыстары ел көкейінде ертеден жатталып қалды. Соның ішінде «Мейір батыр», «Молдабай балуан», «Ер Бота», «Татьяна», «Ер Білісай» «Балапан», «Байбосын», «Жәһуда», «Қойкелді батыр» атты дастандары қазақ әдебиетінің асыл қазынасына айналды. Сапарғалидың шығармашылық қыры туралы баспасөз бетінде алғаш пікір білдірген Ілияс Жансүгіров болса, белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов оның поэтикалық ерекшеліктеріне талдау жасағандығын да айтқанымыз жөн.
Кеш барысында С.Әлімбетов мұрасын зерттеуші, филология ғылымының кандидаты, доцент М.Иманжапаров ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында мол мағлұмат берді. Ғалымның айтуынша, мол мұраны ел ішінен жинақтау оңайға түспеген. Тынбай еңбектенудің нәтижесінде С.Әлімбетовтің төрт кітабы жарық көрген екен. Кеш барысында ақынның аталас туысы Н.Омарғалиева туыстық шежіресіне тоқтала келіп, «Мейір батыр» поэмасын жатқа оқыды.
Кеш қонақтарына ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнекөрсетілім және кітап көрмесі көрсетілді.