"Шашымды бір ай бойы тарамаймын": Ерекше образды қазақтың қыз-жігіттері сұхбат берді
Мамандардың пайымына салсақ адам образының 70 пайызын шаш құрайды. Шаш образ ғана емес, өмір сүру стилі дейді жастар. Шашын түрлі-түске бояп, желіде танылып жүрген жастар сұхбат берді. Олар мұндай образға неліктен құмартады?
Бұл туралы Basty Prime бағдарламасынада айтылды.
Журналист Есенгелді шашын тақырап алып, жасанды шаш жалғап өзінің ойындағы образын жасап алған. Сонымен қатар қазақша ою-өрнекті бұйымдар тағып жүреді. Қазақша сөйлейді. Бұл менің қазаққа деген құрметім дейді өзі.
"Менің өзімнің ойымнан шыққан образ осы. Мастерге барып осындай үлгіні таңдап алдым. Кейін ғаламторды қарап отырып осындай үлгіні жасадым. Өзіме ыңғайлы. Жол жүргенге де ыңғайлы. Жууға, тарауға уақыт болмағанда таптырмайтын образ", - деді ол.
Нүргүл ханым шашын әр түрлі түске бояп көрген. Орта жасқа келсе де, мұндай образда жүру ыңғайлы екенін айтады.
"Мені сыртымнан сөгіп, сынап жататындар бар. Менің жаным қазақ. Сыртымнан қарап қазаққа жат деуге келмейді. Мен қазақтың әшекейлерін тастамай тағып жүремін. Қазақша да сөйлей аламын. Бұл тек менің қалауымнан туған образ. Алдағы уақытта бұдан да басқа дүниелерді жасаймын", - деді Есенгелді.
Блогер Алмас Тоқабаев карантин кезінде дәл осында өзгеріс жасап көрді. Ол шашының жоғарғы бөлігін қызыл түске бояды. Бастапқыда қызық үшін жасағанымен, кейін солай жүруді әдетке айналдырған. Себебі адамның қандай екені келбетінде емес, жандүниесінде, білімінде дейді. Ал сырт келбетін қалай жасаймын десе де өзі біледі деген пікірде.
Журналист Шынар Байкенова да шашын әр түске бояп түрлі образ жасап көрген бойжеткен. 4 жыл бұрын шаш күлгін түс еді. Қазір қызыл. Ол кезде ел таңғала қарайтын деп мойындайды. Қазір қалыпты жағдайға айналған.
"4 жыл бұрын ел қабылдай алмайтын. Менің жеке өміріме араласып, ақылын айтатын. Тіпті оқу орнының деканы шақырып алып, шашымды өзгертуді сұраған. Бұл менің жеке кеңістігіме қолсұғушылық деп ойлаймын. Адамның қандай екенін сырт келбетіне қарап айта салды. Оны танымай жатып сөгеді", - деді ол.
Этнограф Талғат Омаров бұл пікірдің ешқайсысымен келіспеді. Қазақтың ұлттық коды жоғалып бара жатқанын айтады. Әр адам өзі білемінге салынса, қорқынышты әлемге айналамыз деп шошыды.
"Әркім өзім білем деп шашын тақырласа, қызыл-жасыл болса, орта жастығы ер мен әйелдің өзі осылай жүрсе қазақ кім болғаны. Онсыз да кеңес одағынан бөлініп шыққан әлсіз ұлтпыз. Енді қазақтығымызды сақтамасақ қалай болады? Әркім өзі білмейді. Біз бір бір уықты ұстап отырған, солай қазақ болып отырған халықпыз. Қариясы да ақ сақалын бояп алып, анасы да шашын алып жүрсе қандай боларымызды ойлаудың өзі қорқынышты. Бояушы бояушы десе, сақалын бояпты деген сөз осындайдан қалған", - деді ол.