Сәуле Жанпейісова, дәстүрлі әнші: Қазіргі өнерпаздар құрбандыққа бара алмайды

Сәуле Жанпейісова, дәстүрлі әнші: Қазіргі өнерпаздар құрбандыққа бара алмайды

Жуырда Алматыдағы Опера және балет театрында Фариза Оңғарсынованы еске алу кеші өтті. Ақынның өлеңдері оқылды, өлеңіне жазылған әндер орындалды, естеліктер айтылды. Сол кеште экраннан ән салған Фаризаны, күй шерткен Фаризаны, өлең оқыған Фаризаны да көрдік. Соның алдында ғана біз сұхбаттасқан екі адам – дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова мен жазушы-драматург Роза Мұқанова Фариза апай туралы әдемі естеліктерімен бөліскен еді. Сәуле апай да, Роза апай да Фариза апамыздың әншілігі туралы айтты. «Ақ желкеннің» оқырманына осы және өзге де қазақтың көрнекті тұлғалары туралы тағылымды әңгімелерді ұсынғанды жөн көрдік.

Жұмат Шаниннің өнер үшін барған құрбандығын немересі сіздерге жақсы әңгімелеп берген екен. Әшірбек ағамыз айтқан Атагелді Смайыловтың мысалы да солай, – деп бастады Сәуле апай әңгімесін. – Бүгінгі заманның әншілері, өнерпаздары дәл сондай құрбандыққа бара алмайды. Құрбандыққа бару былай тұрсын, оларды бір жерге шақырсаң, «ақша төлей ме?» деп сұрайды. Мұны капиталистік қоғамға жабу да дұрыс емес. Кеңестік замандағы өнер жолындағы құрбандықты социализммен байланыстырмас едім. Ол біздің қазақы дәстүріміздің сақталғанының белгісі. Осындай аңызға бергісіз әңгіменің бірі Ықылас Дүкенұлына қатысты да айтылады. Бетпақдаланың шөлінде сусап келе жатқан келіні баласын тастап, атасының қобызын арқалап келген екен деседі. Қобыз киелі аспап қой. Оқымаған, қазақтың қарапайым келіншегі барған құрбандыққа қазіргі өнерде жүргендердің дені бара алмас еді. Өйткені, сана төмендеп кетті. Бәрін ақшамен өлшейміз. Талғамды бұзып жатырмыз. Жастар теледидардан кімді көп көрсе, кім көбірек жарнамаланып жатса, соған қарай ойысып кететін болды. Әйтпесе, қоңыр тірлік кешіп, өзімен-өзі болып жүрген қаншама мықтыларымыз, тарландарымыз бар. Тек олардың жарнамасы жоқ. Ал бүгінгі заман – жарнаманың заманы. Бәрі бірдей керек дүниені жарнамалап жатыр деп тағы айта алмаймыз.

ҒАРИФОЛЛА ҚҰРМАНҒАЛИЕВ НАҒЫЗ ҚАЗАҚ БОЛАТЫН

гарифоллаҒарифолла Құрманғалиевтің шәкірті болғанымды маңдайыма бұйырған бағым деп білемін. Ғарекең бізге бар-жоғы үш ай ғана студияға келіп сабақ берді. Одан кейін ауырып, үйінде жатты. Инсульт алып, аяқ-қолы істемей қалған кездерде аптасына 1-2 рет үйіне барып сабақ алатынбыз. Қалыбек Ақтаев деген ассистенті болды, класта бізді дайындайды да, аптасына 1-2 рет Ғарекеңнің үйіне бастап барады. 5-6 баламыз. Үйренген әндерімізді саламыз, ұстазымыз ақыл-кеңесін айтады. Сонда байқағаным, біз барғанда Ғарекең қатты қуанатын. Қыздарына, немерелеріне дереу «шай қойыңдар» дейді. Қаланың тәрбиесімен өскен балалар, қойғысы келмейді. Ал Ғарекең – нағыз қазақ. Бала демей, басқа демей, үйіне келген адамның дәм татпай кетуіне жол бермейтін. Қазір осыны да ұмытқан адамдар бар. Жуырда бір үлкен кісінің үйіне барып, жағамды ұстап қайттым. Ең болмаса, «нан ауыз ти» деп айта алмады. Өзі үлкен кісінің әйелі, жасы біразға келіп қалған кісі, ал енді оның тәрбиелеген баласы қандай болады? Сонда біздің қазақтығымыз қайда қалды?!
Өзінің әйеліне, өзінің бала-шағасына шамасы келмей, өмірден өткен арыстай азаматтарымыз аз емес. Ғарекең де солардың бірі деп ойлаймын. Оның себебі, бұл кісілер орысша білмегендіктен көп қиындық көрді. Өздері көрген сол ауыртпашылықтан балаларын арылтқысы келіп, орысша оқытты. Ал орысша оқып, орысша тәрбие алған балалар қазақты да, қазақылықты да қажет етпейді. Дәстүр-салтты тіпті керек қылмайды. Әке-шешесінің өнерін керек етпей қалған талай балаларды білемін. Әке-шешесінің дауысын естігісі келмейтіндерді де көрдік. Бұл – қасірет. Қайта Ғарекеңнің немересі Меруерт Құрманғалиева музыка зерттеушісі. Консерватория бітірген, теоретик. Ғарекеңнің ұрпақтарының ішіндегі атасының мұрасына иелік етіп жүрген адам. Заңды мұрагері. Қазіргі жоқтаушысы да осы Меруерт.

ЖӘНІБЕК АҒАНЫҢ ХАЛТУРАҒА ЖАНЫ ҚАС ЕДІ

жанибекҚазір зиялы деген кім екенін де білмей қалдық қой. Ал Жәнібек Кәрменов нағыз зиялы азамат болатын. Ол кісі жәй ғана әнші емес. Жазушылығы өз алдына, үлкен Ұстаз болды. Қазақтың дәстүрін, ұлттық құндылығын бойына жинаған адам. Керемет сыншы болатын. Бүгінгі күні сыншы дегенде ойымызға Әшірбек Сығай ғана келеді. Ал Жәнібек ағадай терең ойлы сыншылар жоқтың қасы. Сол сыншылардың жоқтығынан да шығар, бүкіл эфирді мауыққан мысық құсап мияулаған, кілең қолдан жасалған «жұлдыздарға» беріп қойдық. «Ұялмаған әнші болады» деген заман енді келді. Жәнібек аға сахнада қандай адам тұруы керектігін тәптіштеп түсіндіріп, кейбіреулерге бетін тіліп тұрып айтатын. Тұлғалық қасиеті жоқ, фонограмманың құдіретімен әнші болып жүргендер халықтың талғамын бұзып бітті. Жәнібек аға мұндайға қатал еді. Сын айтқан адамды кім жақсы көреді?! Жәнібек ағамыз да талай қиындыққа тап келді. Бірақ, солай екен деп, тайқып кеткен жоқ. Өйткені, адалын айтуды өзіне парыз санады. Өзі көздің қарашығындай сақтаған дүниеге өзінен кейінгілердің де солай қарауын талап ете білді. Нағыз аманатқа қиянат жасамайтын азамат еді. Ол кісі нағыз, саф өнерге қызмет етті. Халтураға жаны қас еді. Шын таланттардың қамқоршысы болды. Менің жеке өзім кішкентай бір жетістікке жетсем, оған, әлбетте, Жәнібек ағаның ықпалы болды. 1985 жылы эстрада студиясында оқып жүргенмін. Сол уақытта «Жігер» деген фестиваль өтіп жататын. Осы «Жігерге» мен аяқ астынан қатыстым. Бүкіл республика бойынша дәстүрлі ән өнерінің қаймақтары келетін фестиваль, соларды көретініме қуанып барғанмын. Сол жерде Жәнібек аға ұстап алып, қатысуды ұсынды. Шалбар киіп барғанмын, қолымда құжатым да жоқ. «Бұл жерге құжаттың керегі жоқ. Үстіңе анау Күмісайдың көйлегін сұрап ки», – деп шорт кесті. Сонда да болса тартыншақтап тұрған жерімнен қолымнан жетектеп апарып, 47-ші етіп аты-жөнімді жаздырды. Сол «Жігер» фестивалінде ойламаған жерден лауреат болдым. Бірінші Мұхиттың «Үлкен айдайын» айттым. Екінші терме айтсам деп домбырамның құлағын бұрап қойған едім, «Айнамкөзді» айтуды өтінді. Термеге бұрап қойған домбырамен «Айнамкөзді» айттым. Ішегім үзіліп кете жаздап, әрең айтып шықтым. Кейін қатты қиналған кездерімде өнерді тастап кетпек те болдым. Бірақ, ұстаздарымның, соның ішінде Жәнібек ағаның артқан сенімі әрдайым алып шығып отырды. Ауылда жүрген жерімнен консерваторияға ұстаздыққа шақырды. Ұстаздыққа да тәрбиеледі. «Абайды күнде оқы» дейтін. Ол кісі «Абай жолын» жыл сайын басынан бастап оқитын. «Әнші тек ән айтумен шектелмеуі керек. Ең алдымен, адам болыңдар. Сосын білімді болыңдар», – дейтін. Ән жай ғана көңіл көтерудің құралы емес. Жәнібек ағаның қатал сынына төтеп бере алмай, өнерден кетіп қалған адамдар да болды. Солар кейін де шыққан жоқ. Яғни, Ұстаз ретінде ол кісі кімнің кім екенін тап басып тани білді деген сөз. Ал қазір біз біреуге сын да айта алмаймыз. Сын айтсаң, өзіңді күстәналап шығады. Көреалмаушылықпен айтып отыр деп ойлайды.

ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВТЫҢ ШӘКІРТІМІН

кабдоловҚазақ Ұлттық университетінің филология факультетін бітіргенімде, Зейнолла ағай менің ғылыми жетекшім болды. «Әнші, ақын Мұхит Мералыұлы» деп тақырыпты да өзі белгілеп берді. «Мына қыздың бір аяғын осы университетке байлап қою керек. Өнер адамдары ұстатпай кетеді. Бұл дайын тұрған кандидаттық диссертация. Сәуленің қолынан келеді», – деп маған үлкен сенім артты. Бірақ, ғылым жолы ауыр жол болғандықтан, мен бірден іліп әкете қойған жоқпын. Ән шырқадым. Консерваторияда сабақ беріп жүрдім. Енді оның сыртында ғылыми зерттеумен айналысу оңай шаруа емес. Ол үшін көп оқу керек, зерттеу керек. Мұрағаттарды ақтаруға тура келеді. Ал ол үшін уақыт керек. Осылайша, мен көп уақытқа дейін ғылымға бет бұра алмай жүрдім. Кейін, Ғарифолла Құрманғалиевтің 95 жылдығына байланысты «Ән-абыз» деген концерт қойғанымда Зейнолла аға шығып сөз сөйледі. «Мен ғылымға тартып едім, Сәуле өнерге қызмет етті» дегенді айтты. Ұстазымның аманаты ғой деп, кейіннен аспирантураны бітірдім.

РАХМАНҚҰЛ БЕРДІБАЙДЫҢ ЛЕКЦИЯСЫ ТАМАША ЕДІ!

рахманкулБіздің кезімізде Әдебиет және өнер институтында Рахманқұл Бердібайдың лекциялары болатын. Ол бір тамаша сәттер еді! Рахманқұл ағаны нағыз ғұлама ғалым деп есептеймін. Өнерге, ғылымға үлкен еңбек сіңірген адам. Айжан Бердібай деген қызы бар. Өнер зерттеушісі. Нағыз академиктің қызы. Айжан ғылымға ұлы дүние деп қарады, зор жауапкершілікпен қарады. Айжанмен дос болғанымның арқасында Рахманқұл ағаның үйіне де талай рет бардым.
Жәнібек ағаның айналасында да ақын-жазушылар көп болды. Тұрсын Жұртбай ағамыздың да ақыл-кеңесін тыңдадық. Ал қазір менің өз тұстастарым да ағалық деңгейге жетті. Өкініштісі, өз тұстастарымның арасында етене араласатын ақын-жазушым жоқ екен.
Өзіміздің ауданнан шыққан Асанәлі Әшімов, Ілия Жақанов ағаларымыз бастаған, Берік Шаханов, Бейбіт Қойшыбай, Маралтай сынды азаматтармен, Дулыға, Саян бастаған жастармен де әңгімеміз жарасады. Тынышбай Рақым ағамыз өмірден өтіп кетті. Сарысу деген кіп-кішкентай ауданды әдебиет айдыны десек, жаңылыспаймыз. Олардың арасында Қали Сәрсенбай да бар.

ФАРИЗА АПАМ МЕНІ КӨП ЕРТІП ЖҮРДІ

1364707751_-kzЖанына ертіп жүрген, ақыл-кеңесін аямаған апаларым да көп болды. Соның ішінде Фариза апайды бөле-жара айтқым келеді. Атырауға талай рет ертіп апарған еді, жанынан бір елі қалдырмайтын. Ол кісінің көп үлгісін алдым. Фариза апайды көпшілік қатып қалған, қатал адам деп ойлайды. Әсте олай емес. Ол кісінің бойынан өз әжемнің қасиеттерін көретінмін. Мәймөңкелемейді. Жаманды жақсы деп, жауырды жаба тоқымайды. Жақсының жақсылығын айтады. Жаманның жамандығын да айтып салады. Кейбіреулер Фариза апайдың аузынан шыққан бір сөзді іліп әкетіп, сан-саққа жүгіртіп жатады. Ал ол кісі сол сөзді бір қулықпен айтпайды. Келіп қалған ойын лақ еткізіп айта салатын адам. Ар жағында ештеңесі жоқ. Бір жолы қонақта отырғанда бауырсақты аузына салды да: «Мынау қашанғы бауырсақ?» – деп қалды. Оны да бір зілмен емес, әншейін айта салды. Оны жұрт іліп әкетіп, сан-саққа жүгіртті. Ол кісі елдің бәріне өзім деп қарады. Бүкіл қазақты өзіне бауыр тұтты, жақын тұтты. Ақұштап апайдың қасында да көп жүрдім. Ақұштап Бақтыгерееваның, әсіресе, қыз балаларға берері мол. Ақылын көп тыңдадым.
Күләш Ахметованы ерекше жақсы көремін. Қазір ол кісі Таразда. Таза, пәк адам. Пендешіліктен ада. Ақкөңіл, ақжарқын мінез табиғи таланттарға ғана берілетін қасиет пе деп ойлаймын. Фариза апаның мінезі қайшылыққа толы. Ақұштап апаның да өзінің мінезі бар. Марфуға апай өзінше бөлек. Сол сияқты Күләш апаның да өзіндік бір мінезі бар. Нағыз дана әйел. Айналасына таланттарды жинап жүретін, өзінен кейінгі жастардан ақыл-кеңесін аямайтын адам.

ҚАДЫР АҒАМЫЗДЫ «КҮТКЕНІМІЗ» БАР

BD41E3D6-2D8A-4919-BA88-268A1CDAC52C_mw800_sҚадыр Мырза Әли сөзге шешен, әзілге жүйрік адам еді ғой. Бірде Оралға бардық. Ғарифолла Құрманғалиевтің тойы. Қапаш Құлышева, Қажыбек Бекбосыновтар бар, бір топ адамбыз. Оралда жүргенімізде Қадыр түні болды. Алдында байқап жүретінмін, Қадыр аға үнемі Қапаш Құлышеваға әзіл айтып, қалжыңдап жүретін. Қапаш та әзілді жақсы көретін адам. Қадыр түнінің ертесіне бәріміз таңғы аста бас қостық. Қадыр аға да келді. Тек отырмай: «Қадыр аға, Қапаш апа екеуміз түнімен сізді күттік қой. Қапаш апа есігін ашып қойып өз бөлмесінде күтті. Мен тіпті есік-тереземді де ашып қойдым. Сіздің келетін күніңіз ғой деп күтіп едік, келмедіңіз ғой», – дедім таңғы ас үстінде. Қадыр аға сасқалақтап қалды. «Бүгін сіздің түніңіз еді ғой» деп, Қадыр түні екенін есіне салғанымда барып жақсылап бір күліп алды.
Фариза апай дүниеден өткеннен кейін Әбіш Кекілбаевқа арнайы барып, көңіл айттым. Сол жерде әңгімеден әңгіме туып, осыны айтып едім, Әбіш аға: «Ойпырмай, Қадыр тірі болса, звондайтын-ақ сәт екен», – деп бір күліп алды.

ӘБІШ АҒА МЕНІ «ІНІМ» ДЕЙДІ

абишӘбіш ағамен күнделікті араласамын деп айта алмаймын. Бірақ, біз рухани өте жақынбыз. 1995 жылы шығармашылығымның он жылдығына орай «Айнамкөз» дейтін концерт бергенмін. Сонда Әбіш аға арнайы келіп, пікірін білдірген. Ол кезде жаспын, ондай үлкен кісілер келеді деп ойлаған жоқпын. Әбіш аға өзі билетті сұратып, қайта-қайта хабарласты. Сосын шақыру билетін жібердім. Соңынан лебізін, пікірін білдірді. Сол кездегі айтқан пікірі мен үшін «Халық әртісі» деген атақтан еш кем болған жоқ. Өзі ерекше жақсы көріп, «інім» деп жүреді. Оның өзі үлкен баға ғой деп ойлаймын. Қазір осы кісілер көп ішінде жалғызсырап жүргендей көрінеді. Осындай кісілерді пайдалана алмай жүрген сияқтымыз. Культ жасап алдық па, білмеймін, күнделікті көрмейміз. Жалпы, таланттарды тірісінде бағалап, тірісінде осы кісілердің берерін ала білсек қой деп ойлаймын. Әрине, жасы келді, қартайды. Бірақ, кілтін таба білсек, бұл кісілер жасы жүзге жетсе де, шаршамайтын, шаршамауы тиіс адамдар ғой деп ойлаймын.

МЕНІҢ ДОСЫМ – МАРЖАН ЕРШУ

Маржан ЕршуоваИә, рас, менің досым – Маржан Ершу. Менен жасы кіші. Атырауда жүргенімде айналамда осындай ақын, жазушы, журналистер көп жүрді. Өздерінің мінездері де әралуан. Маржан да солардың бірі. «Мінездері түрлі-түрлі адамдармен араласу менің хоббиім» деп күлетінім бар. Шынында да, мінезді, бір-біріне ұқсамайтын қыздармен дос екенмін. Атырауда Гүлзада Ниетқалиева деген тамаша ақын досым болды. Тұрсын Қалимовамен де араластық. Олар келеді, жиналамыз, сырласамыз. Өлеңдерін оқиды. Солардың ішінде Маржан бітімі бөлек, мінезге бай қыз. Көп ортаға сыймай жүреді. Өзім ақын деген халыққа кешіріммен қарайтын адаммын. Төлеген Айбергенов «ақын болу оңай деймісің, қарағым…» деп бекер айтты дейсіз бе?! Ақын деген кез келген нәрсені жанына, жүрегіне жақын қабылдайтын халық. Маржан көп біледі. Содан да шығар, мінезінің қайшылығы көп. Бірге оқыған Мейрамгүл Орашевамен де әлі күнге дейін достығымыз үзілген жоқ. Бекболаттармен бірге өстік, өнерде бірге жүрдік. Бәрімен сәлеміміз түзу.
Соңғы жылдары Тараздамын. Жамбыл облыстық филармониясын басқарамын. Осында келгелі байқап жүргенім, мұнда тамаша жас ақындар бар екен. Тамаша сазгерлер бар екен. Соны көріп қуанып жатырмын. «Жатсынба мені, жас ғұмыр» деген атпен поэзия кешін өткізіп, сол өңірден шыққан, өмірден ерте өткен ақындарды еске алдық. Артығали Ибраев, Бауыржан Үсенов, Серік Томанов, Тынышбай Рақым, тіпті, Шона ағамыздың өзі де өмірден ерте кетті. Көп айтыла бермейді. Осындай тұлғалы азаматтарымызды еске алып тұру керек деп ойладым. Сол кештегі жастардың аяқалысы мені қатты қуантты. Маралтайды үлгі тұтатын ақындар көп екен.

zhasorken.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста