Сахна саңлағы тасада қалуға тиіс пе еді?

Сахна саңлағы тасада қалуға тиіс пе еді?

Қазақстанның Халық әртісі Манарбек Ержановтың туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Осыдан 45 жыл бұрын бақилық болған біртуар таланттың өмірде қандай адам болғанын, өнерде қандай із қалдырып, қай тұрғыда ерекшеленгенін бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Ал көзкөргендердің әнші, актер, композитор Манарбек Ержанов туралы тебірене айтар әңгімесі қашанда аңызға бергісіз. Соларға сүйене отырып, бір сәтке біз де сахна саңлағы жөнінде сыр шертіп көрмекпіз.
...Ата-анасынан жастай жетім қалып, өмірдің тау­қы­метін ерте тартқан Манарбек музыкалық арнайы білім түгіл, мектеп есігін де ашып көрмеген. Сөйте тұра, тумысынан зерек, дарынды ол ауыл-аймағына әуелден-ақ «әнші бала» ретінде танылады. Алайда қо­­лының қысқалығынан алысқа ұзап шыға алмай, жа­­сы жиырмадан асқанша бір жағынан мал бағып та­­­мағын асырап, екінші жағынан, өнерді кәсіп етіп кү­­­нелтеді. Жаңа заман келіп, уақыт өзгерген тұста өнер­ге біржола ден қойып, болашақтағы үлкен мә­де­ниет орталығы Алматыны бетке алады. 1928 жылы Қы­зыл­ордадан Алматыға қоныс аударып келген қазақ драма театрына қабылданғаннан бастап, Ма­нар­­бектің бірыңғай өсу, өрлеу кезеңі басталады. Ал­ғаш­қы кездерде театрдың ұйымдастыруымен өткен кон­­церттерге шығып жүреді де, кейіннен әртүрлі рөл­дерде ойнай бастайды. Бұл туралы әншінің өзі: «Театр менің өміріме үлкен өзгерістер жасап, қай­на­­ған өмірдің ішіне араластырды. …Өз басым орта не­­месе жоғары дәрежедегі мектеп бітірген адам емес­­пін. Маған мектеп болған – осы актерлік өнер», – десе керек. Ал орындаушылығы жөнінде: «Ал­ма­ты­ға келіп, Әміремен кездескеннен кейін менің ән ай­туымда үлкен өзгерістер болды. Өйткені оның ас­қан орын­даушылық өнері маған ерекше әсер етіп, со­дан былай әнді Әміренің үлгісімен айтуға та­лап­тан­­дым», – дейді. Сондай-ақ ол «Ардақ», «Ағаш аяқ», «Сімет», «Ке­ліншек», «Топай көк» сияқты халық ән­­дерін, соны­мен қатар Біржанның «Жанботасы», Ақан серінің «Бал­қадишасы», «Толыбайы», Естай­дың «Қорланы», Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы» сияқ­ты көп­теген әндерді Әмі­ренің өз аузынан естіп, үй­рен­ге­нін айт­қан екен.
1934 жылы музыка театры ашылғанда, Ма­нарбек соның негізгі әртістерінің бірі болып, көптеген үлкен рөлдерде ой­най­ды. «Айман – Шолпанда» – Жарас, «Қыз Жі­бек­те» – Шеге, «Жалбырда» – Елемес, «Ер Тар­ғын­да» – Сақан, «Абайда» – Әзім, «Бір­жан – Сарада» Естай образдарын сәтті кейіптеп, халықтық рухы аңқыған жарқын бейнелер жасайды. Әсіресе «Қыз Жібек­тегі» Шеге бейнесі Манарбек Ержановтың сом­дауын­да мейлінше сәтті шығады. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің он­күн­дігінде осы операдағы Шегенің ариясын орын­да­ған Манарбек Төлегеннің кім еке­нін тү­сін­діріп, байлығын суреттеп, тер­мелетіп жө­нел­генде, кеңестік музы­ка­тану ғы­лымының ең көрнекті өкілдерінің бірі, академик Б.В.Асафьев: «Мына бір әнші қазақ­тың кең даласын Москваның сах­на­сына алып келді-ау!» – деп там­са­нады. Со­сын жанында отырған Ахмет Жұ­ба­нов­тан оның қандай музыка мектебінде оқығанын сұрайды. Ахмет Қуанұлы әншінің ешқандай мектеп бітір­мегенін, осыдан 15-20 жыл бұ­рын жай ғана қойшы болғанын айт­қан­да, мәс­кеу­лік академик сенер-сенбесін біл­мей, шексіз таңырқайды. Манарбек Ер­жановтың орындаушылық шеберлігі күні бүгінге дейін жұртқа таңдай қақтырумен келеді. Үнінің әдемілігі өз алдына, оның ең жо­ғар­ғы нотада қатты даусымен созып тұрып ала­тынына сүйсінісін жасырмаған өнер­дегі әріптестерінің бірі Қанабек Бай­сейітов те: «Өкпесінің орнында көрік бар­дай көрі­нетін», – деген екен. Ол сон­дай-ақ өзінің «Құш­тар көңіл» атты кіта­бын­да да: «…Ал­ды­мен өзі шығарған, бел­гілі партия қай­раткеріне арнаған әнін айтты, сонан соң «Сметті», биске «Ағаш аяқ­ты» айтты. Кең даусы Үлкен театрдың кең залын кер­неп, ішін өз даусымен тол­тырып жі­бер­гендей болды. Әр сөзі анық, үні зор, мен көрген әншілердің ішінде де Ма­нарбек – бір төбе. Мәскеуліктер оны айрық­ша түсініп қарсы алды. Өз халқына ұнау бір басқа да, бас­қа­лардан баға есту өзін­ше дүние ғой. Мә­кең одан да кенде бол­мады, астана жұрт­шы­лығы ерекше іл­типат көрсетті», – деп Ма­нар­бектің Мәс­кеу­­дегі онкүндікте ерек­ше жарқырап кө­рінгенін меңзеген.
Манарбек Ержановтың сирек дауыс иесі екендігі соншалық, сонау 30-жыл­дардың басында әндерін күйтабаққа жа­зарда ең алғашында техника сай кел­мей, тек бір жылдан кейін ғана мүмкіндік ту­ған көрінеді. Әншілікпен шектеліп қал­май, өзі де ән, күй шығарған Манарбек ше­­бер домбырашы да болған. Жақын туы­сы болып келетін академик Хайдар Арыс­тан­бековтің сөзімен айтсақ, оның «дом­бы­ра шертуде өзіне ғана тән солақай қа­ғыс­тарынан керемет үн шығатын. Ән салу мәнері, даусы ерекше болатын».
Қанабек әріптесі айтпақшы, «өмірінің соңына дейін өзінің тамаша дарынымен халқын қуантқан» сахна саңлағы соңғы демі таусылғанша қазақтың Жамбыл атын­да­ғы Мемлекеттік филармониясында қыз­мет етіп, ұлт өнерін өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. Қазақтың ән өнеріндегі дара құбылыс Манарбек Ержановтың сан қыр­лы таланты, орындаушылық шеберлігі кө­зін көргендер үшін бүгінде – үлкен са­ғы­ныш, көрмеген-білмеген былайғы жұртқа – шексіз арман…
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
Үнінің кереметтігін тілмен айтып жеткізу қиын
– Манарбек – Құдай тағаланың өзі нағыз әнші қылып жаратқан адам. Есі кір­геннен-ақ Ақанның, Біржанның, Жаяу Мұ­саның ән­дерін шырқап, ел аузына іліккен азамат болған. Кейіннен алғаш­қы­лардың бірі бо­лып қазақтың драма театрында – қара ша­ңы­рақта қызмет істеді. Жаны жай­саң, адал жанды азамат еді. Қазақ театрын құрған, қалыптастырған Манарбек, Жүсіп­бек, Құр­манбек сияқты басқа да бірқатар адам­дар «қазақ өнерін қайтсек жеткіземіз, қайт­сек көркейтеміз» деп тынбай еңбек етті, ізденді. Олар өз бастарын ойлаған адам­дар емес болатын. Әйтпесе неше түр­лі заман болды. Әнді ойламақ түгіл, «өзіміз қалай аман қаламыз?» деп, ел басымен қайғы болып кеткен ашаршылық кезінде де сол Манарбектер кешегі Біржанның, Ес­тай­дың, Ғазиздің әндерін қалай халыққа жеткіземіз деп, соның жолында тер төкті. Бұлар болмаса, кешегі халық ком­по­зи­тор­ларының әндерінің барлығын қазіргі жас­тар қайдан алар еді? Бұларды ұмытуға бол­майды. Бірақ Манарбек кейінгі кезде ай­тылмай қалды. Сол менің жаныма ба­тады.
Манарбек үнінің кереметтігін тілмен айтып жеткізу қиын. Осы арада мен мы­на­дай теңеу айтқым келеді: мысалы, бүтіндей бір құлынның, тіпті тайдың еті сыйып ке­тетін үлкен тайқазанды елестетші. Су құйыл­ған кезде сондай ауыр салмақты ұстап тұратын ошақтың үш бұты болады. Сол сияқты 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне барған жүздеген адамның барлығын ошақтың бұтындай ұстап тұрғандардың бірі – Манарбек, екін­шісі – Күләш, үшіншісі – Құрманбек деп ай­ту­ға болатын еді. Мысалы, Манарбектің Шегенің ариясын шырқап тұратын жерінде ол Жібектің әкесінің емес, бүкіл қазақ хал­қы­ның, қазақ даласының дариядай шал­қып жатқан байлығын мақтан етіп, дәріптеп тұрғандай болып елестейтін. Шегенің рөліндегі Манарбектің үні мен әртістігінен, жүріс-тұрысынан оның ғажайып адам екен­дігі көрініп тұратын.
Жүсіпбек екеуі филармонияда бірге істеп жүрді, жақын дос болатын, бірін-бірі қатты сыйлайтын. Бұлардың ақкөңілділігі, аңқаулығы соншалық, бірде көшеде келе жатса, алдында қағаз ақша шашылып жа­тыр екен. «Мынау ақша ғой, мұны не істей­міз? Аламыз ба?» деп, екеуі бір-бірі­не қа­рай­ды. Бір жағынан, «біреу бәле қы­лайын деп әдейі тастап қойды ма?» деп те ой­лай­ды. Өтіп кете берейін десе, тағы қи­майды. Содан Манарбек Жүсіпбекке «ал, ал» дей­тін көрінеді. Сөйтсе, Жүсіпбек: «Сен неге алмайсың? Сен ал», – дейді. Со­ны айтып, өздері ішегі қатып күлісетін, «ақы­­ры ал­дық» дейтін. Ол уақытта ақ­ша­ны жіпке байлап тастап қойып, біреу ала бергенде тар­тып алып кетіп ойнайтын ба­лалар бола­тын. Бұлар сол ма деп ойлаған ғой...
Манарбек сондай таза жанды, әннен басқа ештеңе ойламайтын адам еді. Сол қарапайымдылығымен қоса өзі асқан әнші болатын. Жүсекең: «Манарбектің үні мен әнді бітіруі Әміреге ұқсайды», – деп оты­ратын.
Жәнібек ЕРЖАНОВ, әншінің ұлы:
Сахнаға шыққанда сырқатын ұмытып кететін

– Кейінгі жылдарда әкеміздің жүрегі кө­бірек сыр бере бастады. Бірақ үйде жүр­генде ора­нып-шымқанып, жөтеліп, қанша ауы­рып жүргенімен, гастрольға шықса бітті, соның бә­рін ұмытып кететін. Қайда барса да, таңға дейін ән айтатын. Бы­лайынша өк­песі сау бол­ған. Бірақ жүрегі ісініп, өкпесін қысатын да, содан қатты жөтелетін. Соған қа­рап әріп­тес­тері «Қалай болар екен? Спек­такльді алып шы­ға ала ма?» деп қорқады екен. Алайда әкем қалай сахнаға шығады, со­лай түлеп са­ла беретін. Тіпті ауруының қай­да кеткенін біл­мей қалатын.

Түйін
Сөз басында айтқанымыздай, биыл халық әртісі Манарбек Ержановтың туғанына – 110 жыл. Бірақ айтулы датаға орай лайықты шаралардың ұйымдастырылып жатқаны еш жерден байқалмайды. Марғасқа таланттың өзі өле-өлгенше қызмет еткен Мемлекеттік филармония да, 1942 жылдан бастап мүшелігіне өткен Қазақстан Композиторлар одағы да халқымыздың арда ұлын, жезтаңдай әншісін ұмытқандай сыңайда. Ән әлеміндегі асқақ үнімен туған еліне талмай қызмет еткен Манарбек Ержановтай дара тұлғаны бір сәтке болса да тасада қалдыруға тиіс пе едік?!

Гауһар ЕРЖАНОВА, әншінің қызы:
«Қыз Жібекте» орындалған Шегенің ариясын әкемнің өзі шығарған

                                                                 Күләш пен Манарбек «Жалбыр» операсында
– Әкеміз жұрттан біраз өзгеше адам еді. Ақшаның құнын білмейтін. Бәрін анамызға әке­ліп беретін де: «Не істесең де өзің біл. Тек мені мазалама», – дейтін. Мен ол кезде кіш­кентаймын. Гастрольға кетіп бара жат­қан кезінде: «Көзін ашып-жұматын, «ма­ма» дей­тін қуыршақ әкеліп берші», – деп ма­за­сын алатынмын. «Жарайды, жарайды» дей­тін, бірақ ұмытып кететін. Бірдеңе алса да, қасындағы әйел адамдардың: «Мынау жақ­сы екен, қызыңа осыны алсаңшы» деп ай­туымен алатын. Үй шаруашылығына қа­тысты нәрсенің бәрін анамыз атқаратын. Әке­міз бір жаққа жүретін болса, қай қал­тасында орамалы, қай қалтасында ақ­шасы тұрғанына дейін тәптіштеп айтып, шы­ғарып салатын. Әкемнің жүрегі ауы­ра­тын еді. Бірақ оның туа біткен нәрсе екенін біз тек қайтыс болғаннан кейін ғана білдік. Әдетте мұндай диагнозбен адам ол кезде көп өмір сүрмейтін. Өкпесі мықты бол­ған­дығының арқасында ғана әкем 65 жыл жасады. Музыкалық театр ең алғашында қазіргі «Алатау» кинотеатрының орнында (Төле би – Д.Қонаев көшелерінің қиылысы), ал әкемнің тұрған жері Райымбек көшесінен әлдеқайда төменгі жақта болған. Жас ке­зін­де тұрмыстың тапшылығын көп көрген әкем­нің қыста да жалаң, жұқа киіммен жүр­­ген кездері болса керек. Ол уақытта кө­лік қатынасы да қазіргідей емес. Сонда қа­қа­ған аязда шүберек бәтеңкеден аяғы жау­рағаны соншалық, үйден – театрға, театрдан үйге жеткенше жүгіреді екен. Өзі кейіннен: «Сол жүгіріс менің жүрегімді құртты», – деп айтып отыратын.
Біз үйде төрт бала болдық. Әкеміз еш­қай­сымызды ешқашан ұрысқан емес. Бір нәрсеге көңілі толмаса, ренжісе, онысын ана­мыз арқылы жеткізетін. Мені жалғыз қызы ретінде, ал Жәнібекті кенжесі ретінде қатты жақсы көрді. Жәнібек есіктің артына ты­ғыла қалатын да, оқыстан шыға келіп қор­қытып ойнайтын. Әкеміз жүрегін ұстап, кә­дімгідей шошып кететін. Оның жүрегі ауы­ратынын білмейтін Жәнібек соны қызық кө­ретін.
Әкеміз бен Күләш Байсейітова неме­ре­лес туысқан болып келеді. Алматыға ең ал­ғаш келген кездерінде екеуі де Айтбек Бейі­сов деген жақын ағаларының үйінде жүріпті. Сол кезде ағарту саласында қызмет еткен Айтбек әкемізді де, Күләшті де ин­же­нердің оқуына бермек болады. Бірде үйіне қонаққа келген Ораз Жандосов олардың ән айтқанын естіп қалып, қызығып: «Құдай үшін, бұларды өнер жағына бер, кө­мек­тес­сең, сол жағынан көмектес», – деп үгіттейді. Әкеміз бен Күләш осылайша ән айта бас­та­ған көрінеді. Сосын 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ онкүндігі әкемнің әнімен ашыл­ған. Бұл туралы қазір еш жерде ай­тыл­май­ды. Өйткені ән Сталинге ода түрінде болған. Сондай ойнақы, жігерлі, екпінді осы әнін әкем жеке солист ретінде шығып, хормен бір­ге орындаған. Сталиннің өзі әнді қатты ұна­тып, орнынан тұрып қол соққан. Сосын «Қыз Жібекте» орындалған Ше­ге­нің ариясын да әкемнің өзі шы­ғарған. Мұны көп адам біле бермейді, әкеміз де ұсақ-түйектің бәрін тәптіштеп жатуды қажет санамаған. Бірақ шын­ды­ғы – осы. Бұл туралы «Қыз Жі­бек» операсындағы Шегенің ариясын жазғаны үшін М.Ер­жа­нов­қа мынадай көлемде қа­лам­ақы төленсін» деп көр­се­тіл­ген құжат сақталған.
Біздің үйде кілең әртістер тұратын еді. Қалибек Қуа­ныш­баев, Шәкен Айманов, Мүсілім Аб­дуллин, Ғарифолла Құрман­ға­лиев, Асқар Тоқпанов – бәрі-бәрі жиналып алып, аулада шах­мат ойнап жататын. Бір-бірі­мен қатты қалжыңдасатын. Әкеміздің шашы жоқ болатын. Соны мең­зеген Серке Қо­жам­құ­лов ол кісіні көрген бойда: «Те­зі­рек тақияңды киші, көзімізді қа­рық­тырып, со­қыр қылатын бол­дың», – дейтін. Ал әкем оған: «Мұрныңды тарт­шы, бы­лай өтіп кетейік», – деп қал­­жың­дайтын.
Әкеміз өте әңгімешіл адам еді. Басымыз қосылып отыра қал­сақ немесе үйге қонақ келсе, әртүрлі аңыз-әңгімелерден, тари­хи оқиғалардан айта отыр­ғанды ұнататын және өзі көп біле­тін. Кезінде соған мән беріп тың­да­ма­ға­нымызға, тіпті жазып алма­ғанымызға қазір қатты өкінеміз. Менің есімде, негі­зі­нен, кейбір шығар­маларын қалай жазғаны ту­ралы әңгімелері қалыпты. Мысалы, «Ақ­қу көлі» деген шығармасы жө­нінде айта отырып, оны балалық ша­ғын­да таңның рауандап атып келе жатқанын және аққу­лар­дың көлге келіп қонғанын көргендегі әсер­лері бойынша жазғанын айтқаны бар.
Анамыз да хорда ән айтқан, талантты адам болған. Бірақ әкеміз оның балаларды тәр­биелеп, үйде отырғанын жөн көріпті. Ана­мыз ер мінезді, қаталдау адам еді. Өмірі көзіне жас алып көрмеген ол әке­міз­дің балалық шағы туралы айтқан әңгі­ме­лерін естігенде жылайтын. Шынымен де, жастайынан жетімдік көрген әкеміз қатты қиын­шы­лықпен өсіп-жетілген ғой...
Қайрат БАЙБОСЫНОВ, Халық әртісі:
Манарбек ағаның мәнерін жандандырсақ дейміз
– Манарбек ақсақалды өз басым көрген жоқпын. Ол кезде біз жас болдық. Бірақ ме­нің тікелей ұстазым, Қазақстанның ха­лық әртісі Жүсіпбек Елебековтің айтуынша, Манарбек аға – өте сирек орындаушы бол­ған, халықтың ерекше сүйіспеншілігіне бө­лен­ген адам. Сол Жүсіпбек ағамыз бен Ға­ри­фолла Құрманғалиев: «Шіркін-ай, Кү­ләш өлді – Жібек жоқ, Манарбек өлді – Шеге жоқ», – деп таңдайларын қа­ғып, үнемі қосылып айтып отыратын.
Шынымен де, Манарбек Ержанов – өте сирек кездесетін талант иесі. Ол кісінің дау­сының тазалығы сондай, тура мөлдір бұлақ секілді. Сол тазалығымен қоса, Манарбек ағаның даусы соншалықты сұлу, әдемі. Ол – ерекше орындаумен қатар, әрбір әннің та­рихын қалыптастырып кеткен адам. Біз бү­гінде балаларға халық әнін сол Ма­нар­бек, Жүсіпбек, Ғарифолла ағаларымыздың са­лып кеткен жолымен, үлгісімен үйретіп жүрміз. Дәстүрлі әнімізді реттеп, жүйеге келтіріп, бас-аяғын бүтіндеп кеткен шын мәнісінде – сол кісілер.
Бір айта кетерлігі, радиодан бүгінде бе­ріліп жүрген Манарбек әндерінің көпшілігі – үнтаспаға кейінгі жылдарда, яғни ол кі­сінің денсаулығы онша болыңқырамай жүр­ген кезінде жазылып алынған шы­ғар­малар. Соның өзінде ауырып жүргенін еш­қан­дай байқамайсың. Ең бір кереметтілігі, әнін тыңдап отырғанда, ол кісінің демін қай жерінде алатынын білмей қаласың. Әнді мақамына келтіріп, иін қандыра, секіртіп, жор­тақтата айтқан кезінде бізге әннің бар­лығы осылай айтылуы керек сияқты болып көрінетін. Бір анығы, ән өнерінде Манарбек Ержановтың айрықша қолтаңбасы қалды, әндерінің бәрі сондай әсерлі, халықтың жанын жадырататындай сергек, мәнері ерек­ше. Бүгінде біз Манарбек аға мәнерін жан­дан­дырсақ деп ойлаймыз.
Манакеңнің әншілігі, күйшілігі, ком­по­зи­торлығы – өз алдына жеке бір мектеп. Соның бәрі ұштасып келіп, ол кісінің биік талант ретіндегі тұлғасын қалыптастырады. Мысалы, «Қыз Жібектегі» Шегенің ариясын сахнаның сыртынан айғайлап айтып шығуы керек екен. Өзі шақар болса керек. Соны Мәскеуге барып орындар алдында: «Маған берген уақыттарың аз, бұл жетпейді, демде шолтаң ете қалады», – деп режиссердің әб­ден қанын ішсе керек. Содан ол да: «Ал ке­­рек болса, мен саған онда көрсетейін», – дей­ді де, уақытын созады. Кремльдің сах­­на­сының өзі атшаптырым жер ғой. Сон­да Манакең сахнаның сыртынан айғайлап кір­­геннен дирижердің жанына жеткенше созып келіп, дем алмастан әрі қарай әндетіп ке­тіпті. Демнің осыншама жерге дейін жетуі – өте сирек құбылыс.
Манакең жайлы мұндай әңгімелер, ес­те­ліктер өте көп. Ол өзі жаны сондай таза, бірбеткей, мәймөңкелеуді жек көретін адам болыпты. Біреудің қатты қысылып тұр­­ғанын көрсе, ұятты жиып қойып, ба­ра­тын жерге именбей кіріп барады екен. Баяғыда Әнуар­бек Үмбетбаев деген атақ­ты әнші ағамыз болды. Өзі аңқау адам еді. Үйсіз-күйсіз жүрген кезінде сол кісіні жол­дастары: «Манарбек Ержановқа барсаң, ол саған өзінің тұрып жатқан үйін бере сала­ды» деп алдап жіберіпті. Содан Әне­кең салып ұрып Манарбек ағаның үйіне барса, қонақтар отыр екен дейді. Әлгі­лер­мен бірге отырып, тамақ ішіп, асықпай күтеді. Қонақтар кет­кен­нен кейін Манар­бек ағамыз: «Ал, бала, жай келдің бе? Не болды?» – десе, жағдайын айтқан Әнекең: «Үш балам бар еді, сіздің үйі­ңізді сұрап келіп едім», – депті. Қа­пе­лім­де сасып қал­ған Манакең: «Кет, әкең», – деп айдап шы­ғып­ты. Сөйтіп, Манарбек аға­ны бір ашу­лан­дырып, жолдастарына бір мазақ бо­лып, Әнекең ұяттан жерге кірер­дей болып жүр­генде, бір күні оны опера театрына Манакеңнің өзі іздеп ба­рып­ты. «Әй, бала, бері келші», – деп ша­қырып алып: «Сен өзі өткенде не деп кет­тің? Мен тіпті дұрыс тү­сінген де жоқпын», – деп сұ­рап­ты. Содан жағ­дайға қанық­қаннан кейін Ор­талық Ко­митеттің табал­дырығын тоз­ды­рып жүріп, кіретін жерге кіріп, ақырында Әне­кеңнің үй алуына жәр­демдескен екен. Міне, бұл да – Ма­нар­бек ағаның үлкен аза­мат­ты­ғы­ның, адам­гершілігінің белгісі.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста