Сахнаның ханшайымы өмірден өтті
Қаңтардың соңғы күнінде бар ғұмырын ұлтымыздың сахна өнеріне арнаған қазақтың әйгілі актрисасы Хадиша Бөкеева 95 жасында дүниеден өтті.
Бүгін артында аңырап қалған ел-жұрты қазақтың Хадишасы атанып, сахна ханшайымына айналған өнер саңлағын соңғы сапарға шығарып салады. 95 жас саналы адам үшін ұзақ ғұмыр болып көрінгенімен, қазаның аты – қаза.
Есімі елге белгілі өнер қайраткері Хадиша Бөкеева – бірнеше ұрпақтың алдында талай тағдырлы образдарды сомдап, ізінен талантты шәкірттерін ертіп, оларды өсіріп-баптаған ұстаз-актриса.
Шымкенттегі облыстық қазақ драма театрында, Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында ұзақ жылдар еңбек еткен Хадиша Бөкееваға 1957 жылы Қазақ ССР-інің Халық әртісі, 1964 жылы КСРО Халық әртісі атағы берілді. Алматыдағы өнер институтында шәкірттер тәрбиелеген танымал актриса 1974 жылы профессор атанды. Қазақстан өнеріне қосқан үлесі үшін Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.
Қазақ сахнасында ана бейнесін және басқа да көптеген романтикалық бейнелерді сомдаған Хадиша апамыз шын мәнінде сахнаның хас шебері еді. Қазақ театрының даму жолындағы алғашқы баспалдақтарын қаласқан Хадиша апамыз ұлттық театр өнеріндегі майталман ардагерлеріміздің көзіндей еді. Ғасырлардың куәсі болған үлкен талант иесі өзі сомдаған образдары арқылы қазақ әйелінің ішкі жан дүниесін, оның қуанышы мен күйінішін, жалпы адами болмыстың тұңғиық сырларын ашып көрсетті. Ол кісі сахнада ойнап жүріп өз көрерменін ойланта білетін, сол арқылы санаға сәуле түсіріп, әрбір көкейде бір үміт шоғын тұтата білетін. Ол кісі табиғи дарынын білімімен ұштастыра білді және өз білгенін өзінен кейінгі буынға үйретуден жалықпады. Сахнамен тыныстап, сахнамен өмір сүрді. Өнер үшін жанын пида етіп жүріп, тіпті өзінің жеке өмірін құру үшін пендәуи дүниелерге бас ұрмады. Киелі қазақ сахнасын күнделікті тұрмыстың қызығынан биік қойды. Есесіне, ұлттық өнерге жан-тәнімен беріліп, кейіпкерлерімен бірге жасап, толассыз тер төге еңбек етті.
«Өнер адамы қартаймайды» деген қанатты сөз бар. Мұның бір дәлелі ретінде жасы 80-ді еңсеріп, 90-ға бет алған шағында да шығармашылық биігінен түспеген Хадиша апамыздың бірқатар сахналық қойылымдарда өнер көрсеткендігін айтсақ та жеткілікті.
Елі мен жерін шексіз сүйген актрисаны халқы да сый-қошеметке бөледі. Атақ-абыройдан да кенде болмады. Бірақ осыншама бедел мен құрметке бөленіп жүретін Хадиша апамыздың жаны жалғыздықтан жапа шегетіндей. Осындай сәттерде ол кісіні жалғыздықтан құтқарған бір-ақ нәрсе бар еді. Ол сахна мен көрермен болатын. Сондықтан да біздің ойымызша Хадиша апамыз, керісінше, жалғызсыраған қазақтың жанына жұбаныш сыйлаған нағыз сахна ханшайымы бола білді.
• Қазақ өнерінің көгінде жарық жұлдызын жаққан қайталанбас сахна шебері Хадиша Бөкеевамен қоштасу рәсімі бүгін М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында сағат 10:00-де басталады. Марқұмның денесі Алматы маңындағы Кеңсай зиратына жерленеді. Өмірдегі өлмес өнерін мәңгілікке жалғап кеткен Хадиша апамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын...
Бір ауыз сөз
Театрдың анасындай еді...
Есмұқан ОБАЕВ, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының директоры:
– Қазақтың кәсіби ұлттық театр өнері өте бір ауыр қайғыға душар болды. Хадиша апамыздың өмірден өтуі – бұл Әуезов театрының ғана қайғысы емес, жалпы өнерсүйер қауымның, жалпы қазақ халқы үшін де орны толмас қаза. Ол кісі біз үшін театрдың анасы, кешегі алыптар тобының көзі еді. Осындай орасан талантқа иелік еткен ерекше актрисамыз өзімен бірге бүтін бір дәуірді арқалап кеткендей болып отыр. Ол кісі қайталанбайтын ірі тұлға, интеллектуалды әрі сезімтал актер еді.
Кезінде қазақ даласы театр мамандарынан тапшылық көріп отырған тұста Хадиша апамыз Ресейде арнайы кәсіби білім алып, кейін елге келіп қазақ сахна өнерінің дамып, жетілуіне тікелей атсалысты. 95 жылдық ғұмырының 60 жылдан астам кезеңін театр сахнасында өткізді. Бәрімізге ұстаз болған апамыз, әсіресе ана бейнесін сомдау үшін жан-тәнімен беріліп, актер шеберлігінің қыр-сырын толық ашып, өз биігінен көріне білді. Шығармашылықта қандай шынайы, адал болса, қарапайым өмірінде де сондай кіршіксіз адам еді. Өкінішке қарай, сан ұрпақты тәрбиелеген апамыз бұл дүниеден ұрпақсыз өтіп бара жатыр. Бірақ артында елі мен өзі тәрбиелеп өсірген шәкірттері мен өнерлі ұрпағы барда Хадиша Бөкеева есімі қазақтың жүрегінен ешуақытта өшпек емес.
Өз «менін» қалыптастырып, өз мектебін жасаған...
Әшірбек СЫҒАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр сыншысы:
– Соңғы кезде жиі айтылып кеткен қаза туралы суық сөздер жүрегімізді қарып отыр. Өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың басында қазақ халқы бірнеше өзінің адал перзенттерінен, қадау-қадау тұлғаларынан айырылды. Бұл енді – жазмыштың ісі. Алдында Фарида Шәріпова, Құдайберген Сұлтанбаев, одан соң Қадыр Мырзалиев ағамыз, енді міне, Хадиша апамыз... Бір қарағанда 95 жасқа келіп, бақиға аттанған Хадиша Бөкеева апамызды жарық дүниеден армансыз өтті деуге болатындай. Әйтсе де армансыз адам болмайды. Хадиша апамыздың да жан-жүрегінде сақтаған талай армандары өзімен бірге келмеске кеткен шығар.
Десек те, өмірінің басым бөлігін сахнаға арнаған апамыз тірлігінде бақытты сәттерді бастан кешкеніне және өзгелерге де бақыт сыйлап кеткеніне күмәнім жоқ. Қабілеті ерекшеленіп тұратын Хадиша апамыз қазақ театры тарихындағы алғашқы қарлығаштарымыздың бірі болды. Табиғатынан дарынды болуымен қатар, ол кісі Ленинград театрының майталмандарынан тәлімді дәріс алған, оқығаны көп, білікті актриса еді. Хадиша апамызды өнерге қызмет етіп, қаншама кейіпкерлерді сомдай жүріп өзінің «менін» қалыптастырып, өзінің мектебін жасап кеткен тұлға деп айтуға тұрады. Ол кісі бойында бар бүкіл талантын халқына сарқып берді. Апамыздың шәкірттері бүгінде өнердің әр саласында жүр. Үлкен жасқа келіп, фәниден бақиға аттанып бара жатқан апамыздың қабірі кең, алды жарық болсын. Бәрімізге осы кісінің жасын берсін деп тілейік...