«Сазгеннің» сазы халықты 30 жыл бойы әлдилеп келеді
Қазақтың көне музыкалық аспаптарын жаңғыртып, дәстүрлі музыкалық мұраларымызды дамытуда «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің алатын орны ерекше. «Сазген» ансамблі профессор Болат Сарыбаев зерттеп тапқан жетіген, шертер, сазсырнай тәрізді көне музыкалық аспаптарды алғашқы насихаттаушы және қазақтың түркі дүниесінен жеткен көне музыка сарындарын дәріптеуші ретінде де халқымызға танымал. Ансамбльдің құрылғанына биыл 30 жыл. Мерейлі мерекеге байланысты «Сазген» ансамблінің алғашқы көркемдік жетекшісі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жарқын Шәкерімнен алғашқы өнер ұжымын қалай ұйымдастырғаны жайлы айтуды өтініп, әңгімеге тартқан едік.
– Жарқын аға, әңгімемізді ойда жүрген ортақ сауалдан бастасақ деп ем. Осы күндердегі қазақ музыкасының насихатталуы жайлы музыка зерттеуші ретінде қысқаша бағамыңыз қандай?
– Ең өкініштісі – қала мәдениеті мен шалғай ауыл мәдениетінің арасы алшақтап кетті. Бір кездері теледидарда «Ауыл өнерпаздары», «Ел іші – өнер кеніші», «Халық – талант қайнары», «Халық театрлары» деген халық өнерпаздарын танытатын хабарлар болушы еді. Бұл күндерде осылардың бірде-бірі сақталмай отыр. Ауыл мәдениетіне көңіл бөлетін арнайы мерзімді баспасөздер де жоқ. Болат Сарыбаев зерттеп тапқан бұғышақ, керней, желбуаз тәрізді музыкалық аспаптарды кеңінен пайдалана алмай отырмыз. Әлі күнге дейін телеарналарда эстрадалық музыка 90 пайыз насихатталуда, ал қазақтың өзіне ғана тән, дәстүрлі ұлттық музыкасы 10 пайыз ғана насихатталу үстінде. Көрші елдерде фонограммаға сүйеніп ән орындауға тыйым салынса, біздің елде фонограммамен ән орындау дәуірлеп тұр. Осының бәрі де халқымыздың өзіне ғана тән төл музыка мәдениетіміздің насихатталуындағы проблемалар деп санаймын.
– Енді әңгімеміздің негізгі арқауына көшейік. «Сазген» ансамблін ұйымдастырғаныңыз жайлы айтсаңыз.
– «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблі Республикалық халық музыка аспаптары мұражайы шаңырақ көтергенде, мұражай қызметкерлерінің күшімен ұйымдасқан болатын. 1980 жылдың 1 тамыз күні Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің мұражайды ұйымдастыру жөніндегі № 358 жарлығы шықты. Осыған байланысты Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде арнайы шешім қабылданып, оның директорлығына лайықты маман іздегенде, көп ішінен директор болатын адам мен болып шығыппын. Мені қолымнан жетектегендей министрдің алдына апарып таныстырған министрдің орынбасары Өзбекәлі Жәнібеков пен белгілі музыка маманы, профессор Болат Сарыбаев болды.
Көп кешікпей Қазақ КСР мәдениет министрі, белгілі қоғам қайраткері Жексенбек Еркімбековтің қолымен бекітілген 1980 жылдың 4 қыркүйек күнгі № 556 бұйрығымен шаңырақ көтерген Республикалық музыка аспаптары мұражайының тұңғыш директоры болып тағайындалдым.
1980 жылы мұражайды ұйымдастыру барысында Өзағаң – Өзбекәлі Жәнібеков: «Музыкалық аспаптар босқа ілініп тұрмасын, ескілікті үндерді халыққа естіртіңдер, жеткізіңдер», – деп мұражай қызметкерлерінің күшімен «Сазген» ансамблін ұйымдастыруға тапсырма беріп, маған мұражай басшылығымен қоса ансамбльдің көркемдік жетекшілігін де жүктеді. Мұражайды ашу дайындығымыз 1980 жылдың қоңыр күзінен 1981 жылдың көктеміне дейін созылды. 1981 жылдың 24 сәуір күні Республикалық халық музыка аспаптары мұражайы ашылды. Көп кешікпей Сарыбаев үлгісіндегі ансамбльдер Республика көлемінде кеңінен қанат жая бастады. Мәселен, «Жетіген», «Айгүл», «Ғасырлар пернесі» т.б. ансамбльдер Сарыбаев тапқан музыкалық аспаптарды пайдаланды. 1974 жылы Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы қызметінде жүрген Өзбекәлі Жәнібеков консерватория бітірген жас маман Қайыржан Мақановқа Болат Сарыбаев зерттеген аспаптарды пайдалана отырып, «Шертер» ансамблін ұйымдастыруды жүктеді. «Шертер» ансамблі де қазақ музыкасын айдай әлемге танытқаны белгілі.
Болат САРЫБАЕВ
Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ
Республикалық халық музыка аспаптары мұражайы
– «Сазген» ансамблін халық қалай қабылдады?
– Негізінен, концерттерімізді мұражайды қызықтауға келген, алыс-жақын шетелдік қонақтарға арнап жүрдік. Үлкен сахналарда да арнайы концерттер берген кездеріміз болды. «Сазген» ансамблі шын мәнінде алғашқы қадамынан-ақ, осылайша, ел сүйіспеншілігіне бөленді. Сол кездегі жарыққа шыққан мақалалар бұл ойымды дәлелдейді.
– «Сазгеннің» алғашқы мүшелері жайлы атай кетсеңіз.
– Мен жұмысқа қабылдаған қызметкерлер ішінде Ерлан Қуандықовтан басқа консерваториялық жоғары білімі бар музыка маманы жоқ еді. Сондықтан да ансамбльді ұйымдастыру барысында күйлерді орындаудың қарапайым түрі, унисондық үлгісін таңдап алдық. Осы үндестікте көне музыкалық аспаптар үні көрермендерге тәп-тәуір ерекше әсер етті. Оның үстіне ат жалын тартып мінген, жалындаған жас, сирек кездесетін талант иесі, күйші Таласбек Әсемқұловты Шұбартаудан Өзбекәлі Жәнібековке айтып жүріп арнайы шақырған болатынмын.
Сонымен күйші Таласбек Әсемқұлов, қобызда әрі сазгенде орындаушы Ерлан Қуандықов, әнші Майра Ысқақова, сырнайшы Зәбирә Жәкішева, жетіген мен тұяқтаста орындайтын Сәуле Боранбаева, биші Ботагөз Құспанова, дабыл мен сыбызғыда орындаушы һәм музыкалық аспаптар жасаудың шебері Оразғазы Бейсенбаев, жетіген мен сылдырмақта орындаушы Күләндә Аитова, әнші Қожахмет Мұсабеков, шаңқобызда орындайтын Зүлфия Молдағаринова, ансамбльдің алғашқы жүргізушісі Роза Кан тәрізді талантты қыз-жігіттерді мұражайдың тұңғыш директоры ретінде өз қолыммен бұйрық беріп, жұмысқа қабылдадым. Мұражайдың уығын көтеріскен алғашқы қарлығаштары және «Сазген» ансамблінің ең алғашқы мүшелері, міне, осы аталғандар саналады.
– Ансамбльдің шығармашылық бағдарламасы мен концерттік киімдері жайлы да тілге тиек ете кетсеңіз.
– Концерт бағдарламасы мен орындаушылардың киім үлгілерін Өзағаң өзі тікелей қадағалап, қол ұшын беріп отырды. Өзағаңның дәлелдемелері бойынша мен 1980 жылдың 21 қазан күнгі КазТО өндірістік комбинатының директоры Н.А.Нехаенко мырзаның атына хат жолдадым. Көп кешікпей киім үлгілері де тігілді. «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблі осылайша шаңырақ көтерді.
– «Сазген» ансамблінің бүгінгі жалғастырушылары жайлы айтар ойыңыз бар ма?
– Бұл орайда ойға екі пікір оралады.
Әуелгісі – 1980 жылы шаңырақ көтерген Республикалық халық музыка аспаптары мұражайына, 1990 жылы Қазақ КСР үкіметінің 11 наурыздағы №104 жарлығымен халық композиторы Ықылас Дүкенұлының есімі беріліп, ендігі жерде Ықылыс атындағы Халық музыка аспаптары мұражайы аталды.
Екіншісі – 1981 жылы мұражай шаңырағында ұйымдасқан «Сазген» ансамблі 2003 жылдан бастап «Сазген сазы» аталды. Сонымен мұражайдың да «Сазгеннің» де атаулары өзгерді. Ал ХХ ғасырда қазақ аспаптану ғылымының негізін салған Ахмет Жұбановтың жолын жалғастырушы Болат Сарыбаевты, мұражайларды, ансамбльдерді ұйымдастыруға ұйытқы болған Өзбекәлі Жәнібековті, «Шертер» ансамблінің алғашқы көркемдік жетекшісі Қайыржан Мақановты, осы сұхбатқа қатысушы менің де «Сазген» ансамблінің тұңғыш көркемдік жетекшісі, мұражайдың тұңғыш директоры болғанымды жазу бүгінгі жас ұрпақтың еншісінде деп ойлаймын.
– Жарқын аға, әңгімеңізге рақмет!