Сценарист өзіне жала жапқан Бағлан Әбдірайымовты сотқа бермек
"Шын ғашық", "Қайсар" телесериалдарының сценариін жазған Нұржігіт Хайдар танымал әнші Бағлан Әбдірайымовты сотқа бермекші, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Ол "Жігіттер" квартетінің мүшесі ар-намысыма тиді, кәсіби мансабыма нұқсан келтірді деп отыр.
Сценарист Нұржігіт Хайдардың айтуынша, даудың басы НТК телеарнасындағы "Өзіміз ғой" бағдарламасына сұхбат берген Бағлан Әбдірайымовтың мәлімдемесінен кейін басталған. Онда әнші өзінің өмірі жайлы түсіріп жатқан фильмге сценарий жазатындар ақшасын алып, лақтырып кеткенін айтады.
"Нұржігіт деген сценарист жігітпен кездесіп, қолдарына бір-бір "Ақ пен қара" кітабын бердім. Содан олар оқып "мына фильмде өзің ойнауың керек, сценариін қатырып жазып береміз" деді. Гонарары 3 миллион теңге екен. Жігіттерден "қымбат емес пе? деп сұрасам, барлығы жақсы, бұдан төмен баға жоқ" деді. Нұржігітпен 6-7 рет кездестік. Содан алдын-ала төлем ретінде 60 мың теңге лақтырдым. Содан не керек, Русланнан анау жазып жатыр ма десем "жоқ" дейді. Содан жазбаса 60 мың теңгені қайтарсын дедім. Соңында не сценарий жоқ, ақшаны да бермей кетті", — деді Бағлан Әбдірайымов.
Ал Нұржігіт Хайдар Экспресс К тілшісіне берген сұхбатында әншінің бұл айтқанын барып тұрған жала деді. Оның айтуынша, Бағлан Әбдірайымов сценарий жаздыру үшін бір тиын да төлемеген. Ол енді өзіне қара күйе жаққан әншіні сотқа бермекші.
"Бағланның бұлай істегені азаматтыққа да, адамгершілікке де жатпайтын тірлік. Мен Бағлан Әбдірайымовпен Руслан деген жігіт арқылы кездескенім рас. Олар маған сценарий жаздырғысы келді. Бірақ мен Бағланнан көк тиын да алған жоқпын. Бәлкім мені пайдаланып айналасында жүргендер ақшасын алған шығар, ол жағын білмедім. Мен Бағланнан бір тиын да алмадым. Оны кез келген жерде дәлелдеп бере аламын. Сұхбат барысында 60 мың теңге аудардым деп отыр. Бұл — таза жала. Сондықтан мен ақ-қараны айырмай жатып, дүйім елдің алдында ар-намысыма нұқсан келтіріп, жала жапқан Бағлан Әбідрайымовты сотқа беремін. Қазір заңгерлер осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатыр", — деді Нұржігіт Хайдар.
Айта кетейік, Бағлан Әбдірайымов осыдан үш жыл бұрын құмар ойынның шырмауынан әзер шыққанын "Ақ пен қара" атты кітабында жазған еді. Ол жақында осы кітаптың желісімен "Zero" фильмін түсірді.