Шеберлер шеруі
Тері, ағаш, жүн және киіз. Семейдегі Орталық саябақта қолөнер шеберлерінің екінші аймақтық көрме-жәрмеңкесі өтті. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орайластырылған шара облыс және қала әкімінің қолдауымен «Айша бибі» ұлттық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің, Өлкетану мұражайының ұйымдастыруымен қолға алынған.
Көрме-жәрмеңкеге Семей қаласымен қоса, облыстың бірқатар аудандарынан, тіпті Өскемен, Қарағанды, Павлодар қалаларынан да қолөнер шеберлері келіп, өз шеберліктерін паш етті.
Кеңес Үкіметі тұсында тұншығып қалған дәстүрлі қолөнер туындыларын насихаттауға арналған шараны тамашалауға халық көп жиналды. Семей қаласы әкімінің орынбасары Тұрсынғазы Мүсәпірбеков: «Мәдениет пен өнердің ортасы Семейде атадан балаға келе жатқан өнерді жалғау дәстүрі қолға алынып отыр. Былтыр алғашқы тұсаукесер көрме өтсе, биыл аймақтық «Шеберлер қаласы» атты көрме ұйымдастырылып отыр. Кеңес заманында ұмытылған, көненің көзіндей дүниелердің қайта жаңғыртылуы үлкен қуаныш», – дей келіп, көрмеге қатысуға келген шеберлерге алғысын білдірді.
Көрмеден көздің жауын алар түрлі өнер туындыларын кезіктіруге болады. Мәселен, Шүлбі орта мектеп кешенінің мұғалімі қазақтың көнек, күбі сынды ыдыстарын әкелсе, Тарбағатай ауданы Ақжар ауылынан келген шеберлер інжу-маржан моншақтардан жасалған әйелдердің әшекей бұйымдарын ұсыныпты. Ал Глубокое ауданындағы О. Бөкей атындағы мектептің технология пәні мұғалімі Нұржан Есқожин жасаған жетіген аспабына қызығушылық танытқандар тіптен көп болды. Риддерлік шебердің майқарағайдан жасаған картиналары табиғилығымен ерекшеленді. Шебер өз туындысын 45-128 мың теңге аралығында бағалапты. Осыдан-ақ картинаның ерекше өнер туындысы екенін аңғаруға болады.
Көрмеден ылғи шығыршық темірлерден тоқылған сақ жауынгері киімін де көруге болады. Оны жасауға екі жыл уақыт кеткен. Мұражайда тұруға тиіс жәдігерді иесі Абылайхан Қалқаұлы 3 мың долларға бағалапты. Ал Төлеуғазы Әшіровтің қолынан шыққан қара домбыраны ол 25 мың теңгеге бағалаған.
Осылайша Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған көрме-байқауға 115-тен астам шебер қатысып, бақтарын сынады. Түрлі аталым бойынша үш адам бас жүлдені иеленсе, тоғыз шебер бірінші, екінші және үшінші орындарды бөлісті. 45 шебер қомақты сыйлықтарға ие болды.