Шеберлер Шымкентке тұлпар сыйлады
Жуырда Шымкент қаласының қала күніне «Қызыл трактор» суретшілер тобы тосынсый жасады. Бұл сыйлықтың өзгешелігі – шеберлер мерекеге «жылқының басын» ұсынды. Тұлпар бейнесіндегі темір қаңқаларды киізбен қаптап, «Үйір» атты композиция жасаған – шебер Смайл Баялиев.
Ташкентте өткен халықаралық қолөнер көрмесіне қатысып, ел абыройын асқақтатқан қазақтың дарқан даласынан сыр шертетін «Дала архитектоникасы» атты көрмеге қойылған туынды осыдан 2 ай бұрын жасалыпты. Күні бүгінге дейін халықаралық көрмелерде таныстырылып үлгерген еңбектің ең үлкенінің биіктігі 6,5 метрді құрап отыр.
Смайл БАЯЛИЕВ, суретші:
– Өзімді құдды бір көпшілік алдында емтихан тапсырып жатқандай сезімде тұрмын. Ең бастысы, бұл еңбек шетелдік туындылардан сапасы жоғары, тіпті салыстыруға келмейді. Мәселен, киіздің өзі қаншама уақытқа шыдас береді, оңайлықпен тоза қоймайды. Ал жылқының басын жасаған себебім – әрбір елдің өзінің өнері мен табиғатын таныстыратын дүниесі болады ғой. Бізде де сол сияқты, қазақты жылқысыз елестете алмаймыз.
Қала тұрғындарымен бірге шаһар әкімі Дархан Сатыбалды көрмеге арнайы келіп, туындыларға бағасын беруді ұмыт қалдырмады.