Сегіз қырлы Сұлтан (телеөнерпаз, әдебиетші Сұлтан Оразалинов туралы сыр)
Алаш сөзін сөйлей шыққан «Алаш айнасы» газетінен жігіттер «Сұлтан Оразалинов туралы мақала жазып бересіз бе?» деп қолқа салды. Бұл өтініш өмірде ғана емес, көңіл төрінде жасап келе жатқан жақсы әдебиетші, жайсаң телеөнерпазды көңіл терезесіне алып келе қалды. Ойланасың осындайда, толғанасың өткен күнге ой жіберіп. Бәрі де кеше секілді еді. Алдыңғы толқын ағалар тағы бір көш жерге озыңқырап барып жайғасып жатыр деген сөз – бұл. Сол ойландырады, сол толғандырады. Ағалардың амандығын тілей ойланамын.
Егер де қазақ теле-радио журналистикасына қатысым бар деп есептейтін болсам, менің алдымда тұрған екі ұстазым бар. Оның бірі – Сұлтан Оразалинов те, екіншісі – Сағат Әшімбаев.
...1975 жыл. Боқырауын түсіп, айналаны бозқырау жапқан күздің қысқа ұласар қытымыр шағында қызметтен қысқарып қалдым. Не басымда баспана жоқ, үйсіз қазақ баласы енді күйсіз халге ұшырадым. Ашпаған есігім жоқ. Жылы шырай бергендер болды, жұмыс бере алмады бірақ. Танымал емеспін. Бірді-екілі мақалам жарық көрген. Ол бір қызметтен қысқарсам, екінші бір қызметке жетелей жөнелерлік деңгейде емес. «Соқыр көргенінен жазбайды» дегендей, кеше ғана алдынан тәлім алып ұшып шыққан ұстаздар еске түсті. Олардан өзге кіміміз бар Алматыда? Салып ұрып профессор Бейсембай Кенжебайұлына келдім. Миына қан құйылып, инсульттан тұрғаны жаңа. Бойын да тіктеп ала алмай жүрген, тілі де икемге енді-енді келе бастаған ұстаз қашанғысындай тыңдап алды да, сау қолымен телефонды тере бастады. «Сұлтан! Бұл – Бейсембай Кенжебаев. Саған Құлбек Ергөбеков есімді бала барады. Сен соған жұмыс тауып бер...» Ол телефон тұтқасын ұясына тастай салды.Ұстаз сілтеген нобаймен Қазақ телевизиясына қарай сызып келемін.
Тапсырған Сұлтаны – Қазақ телевизиясының Әдеби-драмалық хабарлар бағдарламасының бас редакторы Оразалин екен. Суықтау қарсы алды. Жазған мақаласымақтарымды көрді. Мұрнын шүйірді. «Кандидат шықса шығар... Тележурналист шығу... әй-қайдам? Бітіргенің – филология. Бейсекеңдей әулие ұстазымызды әурелеп. Дегенмен сынап көрейік. Назарбек, Әділбек, мына балаға тапсырма беріңдер!» Назарбек Қанафин жаңадан ашылғалы жатқан қолөнер мұражайының ұйымдастырушысы Қадыр есімді азаматқа жолығуымды, сөйтіп, сценарий жазып әкелуді тапсырды. Телесценарий емес, мақала жазып әкелдім. Әділбек Тауасаровтың тапсыруымен Ұзынағашта тұратын Әсімхан Қосбасаров есімді ақынға жолығып, бірдеңе жазып әкелдім. Ол да телесценарий емес, мақала болып шықты. Екеуі де жарамсыз. Бірақ екі ағам екі «мақаламды» жөндеуге кірісіп кетті. «Сені жұмсамай тұрып телесценарийдің қалай жазылатынымен таныстыруымыз керек еді...» Әділбек алдыма экраннан өткен телесценарийлердің тігіндісін тастады. Мен үшін беймәлім жаңа әлем. Қызметке жарамайтынымды бірден білдім.
Әуелде телесценарий болып тумаған, мақала болып жазылған болбыр дүниенің экраннан өтуі де қиын болды. Студияда хабарды жазып жатқан Сұлтекең: «Тіл жоқ мына балада! Стоп!» – деп айқай салды. Ол режиссердің жанында пультте отырған маған жайсыз естілді. Дағдарып біраз отырды. Ақырында мәтінді былай сырып қойып, еркінше сөйлеп кетті. Хабар жазылды. Бірі «Ел іші – өнер кеніші», келесісі «Халық қазынасы» айдары бойынша хабарым көрсетілді. Мен жазған телесценарийден бір сөз жоқ хабарда. Мен қуанудың орнына қорындым. Телевизияны желкемнің шұқыры көрсін! Безіндім. Бұл бір пәле екен! Сұлтекең жұмсаған Әділбек мекенжайы жоқ мені зорға тапты. Қайтадан жекті мені телевизия жұмысына. «Бейсекең тапсырған соң, мен сенен өлейін-тірілейін телевизионщик шығаруым керек», – деді Сұлтекең бұл жолы. «Мен білсем, сенен Ираклий Андроников шығады», – деді бір күні Әділбек Тауасаров. Штаттан тыс жүріп шираған мені күндердің күнінде Теле-радио комитетінің төрағасы Хамит Хасеновке алып кірді Сұлтекең. Ол да Бейсекеңнен сабақ алған кісі болып шықты. Сұлтекең ортақ ұстазының тапсырғанын айтып, менің мақтауымды жеткізді. Ол кезгі одақтық бәленбай тележурналистің аты аталды. Сұлтекеңнің айтуына қарағанда, мен сондай тележурналист болғалы тұрған аса талантты қазақ баласымын... «Астапыралла» деймін іштей. «Сұмдық талантты екен. Кенжебаев өтінген екен. Екі-үш айдан бері қайда жүрсің? Неге бұйрықтан өткізіп, штатқа кіргізіп алмадың? Қабылдай алмаймын. Штат қысқарту бізге де келді. Редакцияңнан екі адам қысқартуға бер!» Енді томпақ көз, жуан қара Хамит Хасенов арқа сүйеп келген Сұлтан ағама ұрса бастады. Басшы алдынан Сұлтекеңнің салы суға кетіп шықты. Мен де жетісіп тұрмағаным анық. Сорлы басым қайда барсам, алдымнан «штат қысқарту» деген пәле қарсы алатын болды. Сұлтекең мені емес, мен енді Сұлтекеңді жұбатуға көштім. «Ештеңе етпейді», «Бәрінен бұрын Бейсекеңдей ұстазымыздан ұят болатын болды ғой. Өзі сырқат кісі. Қайта ауырып қалса мына жайды есітіп», «Ештеңе етпейді. Табылар бір жұмыс», «Жоқ, сен Бейсекеңе айтпа. Таптым. Былай келісейік. Сен штаттан тыс істей тұр. Мен саған келісімшартпен классиктерге қоятын қаламақы қойып беріп, айлығыңды шығарып беріп отырайын...»
Екеуміздің келісіміміз осы болды. Мен телевизияда не тындырғанымды білмеймін. Бірақ Сұлтан Оразалин қашан бір қызметтің құлағын ұстағанға дейін мені осылай асырады... Тіпті Республикалық халық шығармашылығы үйіне, Сәбит Мұқановтың мемориалдық үйіне қызметке тұрған соң да мені телевизия қызметіне қосалқы түрде жекті де отырды. Бас редактордың тапсыруымен қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов туралы хабарлар сериясын жасадым. Бас редактордың тапсыруымен арқалы ақын Әбділда Тәжібаевты телеэкранға алып шықтым. Жаралы жолбарыс секілді ырылдап қарсы алатын Бауыржан Момышұлы туралы «Қаһарман қаламгер» атты телефильмге жетеқабыл хабар жасап, сыйлық алғанымды қайтерсің?! Соның бәрі де – Сұлтан Оразалиновтің қамқорлығы. Сұлтекең соның бәріне менің басымды жарып бара жатқан дарыным үшін емес, ұстазы Бейсекеңнің тапсырысын орындау үшін барған еді. Міне, кісілік. С.Оразалинов басқаратын редакцияға жиі қатынасып жүріп, Ә.Тауасаров, Н.Қанапин, К.Наржанов, Ш.Оспанова, Ж.Мұқатаев, К.Қорғанова сынды журналист, режиссерлермен танысып, ағайынға айналдым.
Мен сол жылдардың күнделігіне жүгінемін.
4 желтоқсан 1982 ж.
Теледидардан «Жазушы және өмір» («Ботагөз» романының жаратылысы туралы) атты хабарым берілді. Бейсекең, Шолпан апай – бәріміз отырып тыңдадық, көріп тамашаладық. Ағай: «Артықтау мақтап жіберген жоқсың ба?» – деп қарап қояды. Ол кісі – 1938 жылы романның «Жұмбақ жалау» аталған алғашқы нұсқасына өлтіре сын айтқан адам. «Жан жылуы» аталатын тұңғыш кітабым жарық көргенде, өзінің кітапханасынан сол «Жұмбақ жалауды» алып, маған байғазыға автограф жазып берген кісі. «Сәбитті адал, таза зертте!» – деген. Ол кісіні түсінемін. Түсінгендіктен де жерге кірердей болып қысыламын. Жоқ. Хабар жаман болмаған сияқты...
Телевизияға бара қалдым. Әдеби-драмалық хабарлар редакциясының бас редакторы Сұлтан Оразалинов кабинетіне шақырды.
– Ал, сені дүйім жұртқа таныстырып жатырмыз. Кеше Ғабиден ақсақалдың үйінде күллі жазушы хабарыңды тамашалады. Көп кісі сыртыңнан мақтады. Мен сен үшін мақтанып қалдым. Бейсекең ұстазымыз сені маған табыстағанын әлі ұмытқан жоқпын. Уақытында орындай алмағаныма, сені қызметке қабылдай алмағаныма әлі өкінемін. Ұстазымыздың алдында қысылып жүрмін...
– Рақмет, Сұлтеке!
– Шыныңды айтшы, бізге келесің бе?
– Диссертациям біржақты болсын.
– Күтем. Сен келген күні жігіттердің бірін ауыстырамын да, қызметке сені аламын.
– Әзірге ұстай тұрыңыз, жігіттер істей тұрсын, Сұлтеке!
– Әй, бала, түрің жаман, созып кетесің-ау...
Жылы қоштастық. Сұлтан Бейсекеңе шәкірттік бейілден сәлем айтты. Өздері «заказ» берген еді. «Жазушы және өмір» өздеріне де ұнаған сияқты ғой...
Не болса ол болсын, Сәбит Мұқановтай қазақтың ірі жазушысын бір аунатып еске алдық, жұрт есіне салдық...
23 наурыз 1983 ж.
Кеше бір телехабарға қатысып, 10 минут сөйлеп бердім.
Бүгін «Бір қолжазбаның тарихы» деп аталатын 45 минуттық хабар жасадым. Сценарийшісі, жүргізушісі – мен.
Қатты қиналдық. Еңбекке тұрды. Хабар жақсы шықты. Финалын қайта жаздырайын деген ой болып еді, телеқызметкерлер көнбеді.
Режиссері – Шырын Оспанова, редакторы – Әділбек Тауасаров.
Хабарға Қапан Бадыров, Мәриям Мұқанова қатысты. Мәриям апай Қакеңе ренжулі. Ақылды кісі ғой. Білдірмеді бірақ. Қакеңнің іштарлығынан бүкіл хабар құлап қала жаздады. Не деген іші тар, парасаты кем кісі...
Сұлтан Оразалиновтің арқасында бірсыпыра жыл телевизияның өз қызметкеріндей есігін еркін ашып жүрдім. Тіпті үйренісе келе, М.Зощенко, А.Толстой, В.Шкловский, И.Андроников жайында телехабар жасайық деп қиғылық салдым. Өйткені А.Толстой соғыс жылдарында Алматыда біраз күн қоналқалап С.Мұқанов үйінде қонақ болған, В.Шкловский Алматыда тұрған. Б.Кенжебаевпен дос болған. М.Зощенко жер ауып келген (С.Мұқановқа жазған тамаша хаты бар.) И.Андроников ұлы М.Әуезовпен бірге оқыған... Теледидардан сөйлету үшін Г.С.Улановаға барып жолықтым. Бәрі де – қазақ жері, қазақ елімен тағдыр табыстырған әйгілі тұлғалар. Сұлтекең жұмсап, мен барып жолығып жүрмін. Бәрі де азды-көпті хабарға айналып, Сұлтекең басқаратын редакциядан өтіп жатты. Олар жайында сөйлей отырып, біз шама-шарқымызша оларды Қазақстанға жер аударған «сталинизмді» сынадық, Ұлы Отан соғысы аталып жүрген зұлматты шенедік... Даңқы дүбірлеп тұрған Ш.Айтматовты Сұлтекең Қазақ телевизиясына ертіп келіп, екі сағат бойы сұхбаттасты бір күні. Қасында болдық. Жақын танысуымызға Сұлтекең себепкер болды. Ш.Айтматов, М.Кәрім, Қ.Күлиевті Қазақ телевизиясына ертіп келіп, тағы да бір әдемі сұхбат жасады. Тағы да Сұлтекеңнің тапсыруымен Кеңес Одағының әйгілі ақын-жазушыларының қасынан табылдық. Қолтаңба алып, шығармаларын оқығанымызды біз айтып, олардың іші жылып жатты. Жастарды сөйтіп жақсылармен де жанастырған – Сұлтекең аға! Теледегдар Сұлтан Оразалинов жасаған осы бір хабарлар кейін даңқты қазақ жазушыларымен жүргізілген сұхбатқа ұласып, өз алдына тамаша бір шоғыр құрады. Тек бір Әдеби-драмалық хабарлар редакциясы ғана емес, Сұлтекең жасаған сол хабарлар сериясы күллі Қазақ телевизиясының тамаша табысына айналды. Біз Сұлтекең үшін мақтандық. Расында, С.Оразалин жасаған сол хабарлар арқылы Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Т.Ахтанов, І.Есенберлин, С.Бегалин секілді жазушылардың «тірі бейнесі» сақталып, бүгінге жетіп отыр. Тіпті Сұлтекең кезінде жасаған сол телехабарларына қайта оралып, деректі телефильмге айналдырып, көрерменге қайыра ұсынып жүр. Бұл да бір білгір теледидар маманы дер мерзімінде түсіріп алып қалып, бүгін халық қазынасына айналдырып отырған рухани игілік.
Сол күндердің бірінде Сұлтекең Бейсембай Кенжебайұлына сәлем бере келіп еді. Бейсекең: «Әй, Сұлтан, сен менің Ғабдол досымды кандидаттық диссертацияға айналдырам деген едің, айтқаныңды орындамадың ғой. Салақсып кеттің. Оның жарамайды. Айтылмай жүргені болмаса, Ғабдол Сланов – қазақтың үлкен бір жазушысы», – деді шәкіртін сынай қамшылап. Сұлтекең уәде беріп жатты. Телевизия жұмысының оңай емесін білмейді емеспіз. Көзімізбен көріп, басымыздан өткіздік, білеміз. Алайда Сұлтекең ұстазының сөзі қамшы болды ма, әлде ұзақ жыл иленген терінің пісуі ме, әйтеуір, тез арада қазақтың маңдайалды жазушысы болған Ғабдол Сланов шығармашылығы жайында жазылған монографиясын аяқтап, кітап етіп шығарып, ұстазына сыйлағанына куә болдым. Сұлтекең – тек телеөнерпаз ғана емес, білімдар әдебиетші де. Тіпті оның теледидарда аймүйізденіп замандастарынан оқшау тұрғаны алдымен әдеби біліміне байланысты шығар.
Ойлап отырсам, мейлі қандай қызметте жүрсем де, телевизияға бауыр басып, Әдеби-драмалық хабарлар редакциясына жиі үйірсектеппін. Бір барғанымда Сұлтекең: «Телевизияда қызмет атқарғандарыңа көп болды. Жазуын жазасыңдар. Бірақ өздерің телеэкранға шықпайсыңдар. Теледидарға шықпаған соң, хабарларың да ойдағыдай болмайды, өздеріңді де көрермен танымайды. Көрмейсіңдер ме, мына Құлбек сырттан келіп хабар жүргізеді. Ал сендер мені жұмсап, қарап отырасыңдар», – деп, Әділбек Тауасаров пен Назарбек Қанапинге «шүйілгені» бар. Назарбек аға телесценарийді әдемі жазады, Әділбек ағаның әрбір сценарийі дербес пьеса секілді. Екеуі де экранға шыққанды ұнатпайды. Табиғаты солай. Кезінде теледидарда жол көрсеткен екі ағам үшін мен қысыламын. Айтқалы отырғаным – Сұлтекеңдей азаматтың майталман тележурналист қана емес, жастарды ысылдырып, іске жұмылдыра білген Қазақ телевизиясының ірі ұйымдастырушысы бола білгені.
Тәуелсіздік алған соң Тіл комитетіне С.Оразалиновті бастап келген де – оның білімі, білігі, отаншылдық рухының мықтылығы. Қайда жүрсе де елім, жерім, тілім деп жүрген рухы мықты азамат замана алдында отырғанына күмән жоқ. Өткен заманда ол – ұлттық рухты жоқтаушы, Тәуелсіздік алған бұл заманда ұлттық рухты ұлықтаушы! Ол бүгін де бізді Тәуелсіздікке жеткізген қазақ ұлықпан тұлғалары жайында тамаша деректі телефильм серияларын жасау үстінде. Тақтан түскенімен, аттан түскен жоқ. Олай болса, өзі аттан, қазаны оттан түспесін деп шәкірттік бейілден тілек етеміз.