«Семей» энциклопедиясы сыр шертеді
Осыдан үш жыл бұрын Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ұжымы оқу орнының ректоры, тарих ғылымының докторы, профессор Ерлан Сыдықовтың жетекшілігімен «Семей» энциклопедиясын дайындауға кіріскен еді.
Бұған дейін мол тәжірибе жинақтап, «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясын және 100 томнан тұратын «Алаш қаласы кітапханасы» сериясы бойынша оннан астам құнды кітап шығарған университет ғалымдары бүгінде қала тарихына қатысты 6000-ға жуық деректер жинап, оның 2000-нан астамына сараптау жұмыстарын жүргізді.
Хакім Абай, ойшыл Шәкәрім, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалардың ізі қалған және кезінде Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары Алаштың туын тіккен шаһардың шежіресінен молынан мағлұмат беретін туынды алдағы жылы оқырман қауымның қолына тимек. Шаһар тарихынан сыр шертетін біраз деректерді назарларыңызға ұсынамыз.
Ұлылардың ізі қалған...
Қала тұрғындары Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылар мекенінде дүниеге келгенін мақтан тұтады. 1854-1859 жылдар аралығында қаламызда Федор Достоевскийдің тұрғанын баршасы біледі.
Қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Уәлихановтың қызмет бабымен Семейде үш рет болғаны белгілі. Міне, ол осы сапарларында Семейге бірнеше күн аялдап, өзінің сыйлас досы, орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевский, облыс прокуроры барон Врангельмен пікірлес болған, Семейдің бай саудагері Тыныбай Каукенұлының үйінен дәм татқан. Жиһангер Семей арқылы Қашқарияға аттанған сапарында Тыныбай мешітінде Аллаға мінажат етіп аттанған. Осы сапары кезінде Семейдегі мешіттің суретін салған екен.
1913 жылы Семейде Қазақстандағы алғашқы футбол командасы құрылды. Мұсылман жастарынан құрылған «Ярыш» командасының құрамында Мұхтар Әуезов бастаған бір топ қазақ жігіттері ойнаған.
1937 жылдың жаз айында анасы мен екі қызын ертіп, қаламызға жазушы Галина Серебрякова қоныс аударған болатын. Галина Иосифовнаның Семей қаласында өткізген екі жылының алғашқы жарты жылы ғана бостандықта өткен болатын. Ал қалған уақытын жергілікті түрмеде өткізген. 1939 жылдың қараша айында еріксіз сегіз жылға еңбек лагеріне жіберіліп, 1948 жылы қаламызға қайта оралады. Жазушының қазақ елінің болашақ жарық жұлдызы Бибігүл Төлегеновамен танысар сәті осы мерзімге тұспа-тұс келеді. Пианиноның қас шебері болған Галинаның анасы, бұл күндері халқымызға еңбегі сіңген әншінің консерваторияға түсуіне үлкен септігін тигізеді.
Мұрағат құжаттарынан....
Ағайынды Люмьер премьерасы Парижде 1895 жылдың желтоқсан айында берілсе, 1897 жылдың аяғында сол бағдарламада Новониколаевскіде (Новосибирск) қайта демонстрацияланған. Көпес Федот Махотин проекциялық және түсірім агрегатты иемденгеннен кейін, 1897 жылдың маусым айындағы «Томский листок» газетінің хабарлауы бойынша, семейліктер арнайы залда ұйымдастырылған алғашқы кинофильм көрсетілімінің куәгерлері болған. Шындығында, стационарлық кинематографтар, яғни «Модерн» және «Прогресс» электротеатры 1910-1912 жж. ғана пайда болған.
Сондай-ақ өзге де жетістіктер жайлы айтсақ. Бұрынғы кездері қалада телефон байланысының пайда болуы 1900 жылдарға тән деп қарастырылса, соңғы кезде табылған архив құжаттарында Семей тұрғыны Мұхамедияр Муллашевтың өзінің үйі мен қарама-қарсы көшедегі дүкен арасында телефон байланысын орнатқаны жайлы айтылады. Ал 1900 ж. көпес Прокопи Плещеевтің басшылығымен алғашқы 48 нөмірге арналған телефон желісі, 100 нөмірге коммутатор болған швед фирмасының «Эриксон» қондырғысы орнатылған.
1894 жылы көпес, қала басшысы Алексей Москвин өз қаржысымен қаладағы алғашқы су құбырын жүргізген болатын. Оның ұзындығы Семей өзенінен көпес әйелі Арефьеваның үйіне дейін созылды. Соның есебінен қалалық бақта алғашқы үш фонтан орнатылған.
Семей көгіне әуелеп ұшқан алғашқы ұшқыш – Александр Васильев. Қаладағы алғашқы автокөлік Онезор атты неміс тұрғынының арқасында келген еді. Алғашқы дүниежүзілік соғыс кезінде ол сотталып, уақыт өте келе бұл көлікті Семей облысының губернаторы Федор Чернцов иемденген. Алғашқы автобус қала көшелерімен 1928 жылдың қаңтар айында жүрсе, қалааралық такси жұмысы 1936 жылы ұйымдастырылған.
Ең алғашқы....
Ең алғашқы қала сағаты XVIII ғасырдың аяғында Знаменка соборында орнатылған. Сондай-ақ оның сағаттық қоңыраулары болған. Цирк туралы алғы сөз 1897 жылға қарасты деуге болады. Себебі шотланд циркінің сәтсіз өнер көрсетуі осы мерзімге тұспа-тұс келеді. Ал 1979 жылы Киров аралында эксплуатацияға жіберілген «Кіші Түрксіб» теміржолы қаржы тапшылығынан 1995 жылдың мамыр айында жабылған болатын. Қазақстандағы алғашқы газет дәл осы Семей қаласында жарық көрген. Сондай-ақ алғашқы кітапхана мен мұражайдың негізі осы қалада қаланған. 1903 жылдың қыркүйек айында Семей қаласында мұғалімдер семинары ашылған. Қазақстанның алғашқы педагогикалық бағыттағы оқу ордасы болып саналып, көптеген жоғары білімді мамандар даярлаған. Аталмыш оқу орнында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды біртуар тұлғалар тәлім алған. Қазақстандағы алғашқы физиологиялық институттың негізі дәл осы Семей қаласында 1939 жылы қаланған. Василий Бобов сынды ірі азаматтардың арқасында Семей медициналық институты талай қиыншылықтарға мойымай, жүйелі еңбек етті.
Ұшқыш Ғали
Осыдан 100 жыл бұрын сағатшы Ғали Сарыбаев қолдан жасалған «ұшақ қайықпен» Ертістің бір жағалауынан екіншісіне ұшқан. Ол тарихта «Ұшқыш татарин» атпен қалған. Сондай-ақ ол парашют арқылы эксперимент жүргізіп, су шаңғысымен Ертістің үстімен жүзген. Ал еуропалықтардың өзі су шаңғысын семейлік өнертапқыштан соң, 13 жылдан кейін жаңалық ретінде қабылдаған.
Бүгінгі таңда қаламыздың ќұрметті азаматтары 96 адамды құрайды. Аталмыш мәртебе революциядан бұрын да болған. 1901 жылы өлкенің гүлденуіне қосқан үлесі үшін Семей облысының губернаторы Александр Карпов иеленді. 1917 жылдан кейін бұл мәртебе ескерусіз қалып, тек 1968 жылы Семей қаласының 250 жылдығының қарсаңында қайтадан өз тұғырына оралған болатын. Сол жылы екінші нөмірді қаланың сыйлы қонағы космонавт Герман Титов иемденген болатын.
Қаракөл метеориті
1840 жылдың 9 мамырында тарихқа «Қаракөл» деген атпен кірген, Аягөз өңіріндегі Қаракөл өзенінің маңынан жер өңдеумен айналысатын қазақтар метеорит тапқан болатын. Сидор Самсонов атты Семей көпесінің үлесіне тиген бұл бағалы экспонатты көпес сый ретінде Ресейдің Ғылым академиясына жолдаған болатын. Аэролит «Қаракөл» метеориті Ғылым академиясы және Кен өндіру институтында сақталған ең ірі, бағалы метеориттің бірі болды.
Семей қаласынан бірнеше шақырым жердегі Озерки селосында 1943 жылы «Зоя Космодемьянская» фильмі түсірілген. Қала әкімшілігі қойылымның ойдағыдай болуына барынша жағдай жасаған. Сол кезде Семей қаласында болған Тамбовск училищесінің басқаруымен әскери техниканың ғажап көріністері кино қойылымға енген еді. Сондай-ақ жергілікті аэропорт және сол жердегі түрлі саладағы механика, түсірілімге қажетті аса қатты желді тудыру үшін барынша жағдай жасады.
Бұл Ертіс бойындағы ғажайып қаланың орасан жетістіктерінің аз бөлігі ғана. Қаланың өткені мен болашағына бейжай қарамайтын әрбір Семей азаматы үшін аталмыш энциклопедия – баға жетпес құндылық.
Виктор Кашляк, «Семей» энциклопедиясының редколлегия мүшесі, өлкетанушы:
– Қазіргі Семейдің тұрған жерінде сонау қола дәуірінен бастап, ғұндар, Түрік қағандығы, Қыпшақ, Керей, Найман ұлыстары мекен еткен. ХVІ-ХVІІ ғасырларда қазіргі Семей қаласы тұрған жерде Доржынкент қаласы болған. Аңыздарға қарасақ, 1600 жылы Асма тархан Доржи деген кісі бұрынғы жеті мешіт орнынан Жеті шатыр сарайларын тұрғызған екен. Ал Жеті шатыр бекінісі 1718 жылдың көктемінде Ертістің төменгі бойында құрылған. Семей 1782 жылы уездік қала мәртебесіне ие болды. Сол кезден-ақ Орта Азия халықтары мен көршілес елдердің Шәуешек, Құлжа, Қашқар қалаларымен сауда-саттық жүргізіле бастады. 1917 жылы Семей қаласы саяси өмірге араласа бастады. «Алаш қозғалысы» қайраткерлерінің бастауымен Семей облыстық қазақ съезі өтті. Қаланың сол жағалауы 1917 жылдың 7 наурызынан 1927 жылдың 15 қыркүйек айына дейін «Алаш қаласы» деп аталды.