Семейде «Абай аналары» аллеясы ашылды
Абай қорық-мұражайында «Абай аналары» аллеясының ашылу салтанаты өтті.
Аллеяға 50-ге жуық шырша мен 20-ға жуық Шыңғыстау қайыңы егіліп, ұлы ақын Абайдың аналары – Зере мен Ұлжан туралы мәліметтер берілген тақта қойылған.
Абай аналары Зере мен Ұлжан – ақын тәрбиесінің алтын бесігі. Абай Құнанбайұлының ұлы тұлға ретінде қалыптасуына олардың ықпалы зор болғаны тарихтан белгілі. Зере Бектемірқызы (1785-1873) – ел анасы, халық мейірімділігі мен ақылдылығына бас иген парасатты, дана әжелердің үлгісі. Ал анасы Ұлжан Тұрпанқызы (1810-1887) өте сабырлы, кең мінезді, сөзге ұста, тапқыр, шешен болған. Абай анасының осындай асыл қасиеттерін жастайынан бойына сіңіріп өскен. Ақылды келін Ұлжан енесі Зеремен терең сыйластықта ғұмыр кешкен. Зере әже мен Ұлжан анадан қазіргі жас ұрпақ қаншама үлгі-өнеге алары анық.+
«Абай аналары» аллеясының ашылу салтанатына қаланың зиялы қауымы, жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
24.kz