Семейде алып киіз үйдің құрылысы басталады
Семей енді мәртебелі меймандарды ерекше киіз үйде қарсы алады. Мұндай бастама қала әкімі Айбек Кәрімовтің тапсырмасымен жүзеге асатын болды. Бүгінде қазақи нышандағы киіз үйдің эскизі дайын. Жоба авторы – жас сәулетші Асхат Бәкір.
Екі қабатты қазақи нақышта жасалатын қымызхана қаланың Түйемойнақ аралындағы «Бейбітшілік стелласына» қарама-қарсы бой көтереді. Айта кетсек, бұл жерде полигон құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі, «Мэрлер бейбітшілік үшін» құлпытасы және Елбасының қолының үлгісі басылған кітаптың мүсіндері орнатылған.
Автордың айтуынша, биіктігі он метр болатын киіз үйдің сырты бұрынғыдай санитарлық талапқа сай келмейтін киізден емес, кәдімгі ғимараттар салып жүрген кірпіш пен цементтен соғылып, классикалық мрамормен қапталады. Маңайында алтыбақан және балалар ойнайтын алаңқай болады. Ал іші жеті жұлдызды нормативке сай мейрамхана, қымызханаға лайықталып, заманауи әрлеу жұмыстары жүргізілмек. Бір сөзбен айтқанда, бірегей нысан барлық қазақи колоритті сақтай отырып, жаңа заманға сай етіп жабдықталады. Киіз үй шаңырағының астында қазақтың алтынмен жалатылған тайқазаны орнатылады.
Асхат БӘКІР, сәулетші, жобаның авторы:
– Бұл осыдан төрт жыл бұрын жасалған жоба. Астанада өткен байқауға қатысқан. Осы уақытқа дейін өз шешімін таба алмай келе жатқан жоба. Осы жылы Семей қаласының әкімі Айбек Мүталапханұлының қолдауымен бұйырса іске аспақ. Мұның ерекшелігі – қазіргі заманға сәйкес қылып, қазақи ою-өрнектерді, қазақи колоритті сақтап отырып жаңа заманға сәйкес қылып, жасалуында. Және тағы бір ерекшелік шаңырақты біз ылғи әртүрлі қылып көрсетіп жатамыз. Мұнда біз шаңырақты Күн, түн, Ай көрінетіндей қылып шыныдан жасамақпыз. Шаңырақ астында үлкен тайқазан субұрқақ ретінде орналастырылады. Семей Абайдың жері, Шәкәрімнің жері, сондықтан да осы жерді қалап отырмыз. Әйтпесе басқа қалалардан сұрастырып жатқандар бар. Туған жерім осы топырақ болғаннан кейін бұл жобаны Семейде салу жөн деп шештім.
Қазақи нақыштағы киіз үйдің эскизі бүгінде билік өкілдері тарапынан да үлкен қошеметке ие болды. Қымызхананың құрылысы осы көктемде басталады деп жоспарланған. Автордың айтуынша, осы уақытқа дейін жобаға «құда түсушілер» көп болған. Бірақ қазақ ерекше қастерлеген киіз үйді қала ішіне қалай болса, солай орнатуға қарсы болып, келісім бермепті. «Бұл жобаға қызыққандар көп болды. Бірақ барлығы қала ішінен салғысы келді. Келісім бермеген себебім қала инфраструктурасына келмейтін болды. Мысалы, киіз үй жанында автокөліктерді техникалық байқаудан өткізетін стансы, дүкен сынды түрлі нысандар тұрады да, бұл көрінбей тасада қалады. Ал Түйемойнақ аралындағы белгіленген жерде тоғайдың арасында өзі жалғыз тұрса көзге керемет көрінеді. Орны өте жақсы таңдалды. Енді маңайы жасыл желекке малынған киіз үймен Түйемойнақ аралы құдды қазақтың жайлауын еске түсіретіндей күйде болады» дейді жас сәулетші. Айта кетсек, бірегей нысан тұрғызылатын жерде осыған дейін бірнеше павильон жайғастырылып, онда сатушылар кәуаптары мен небір сусындарын саудалап келген еді. Қазір оның барлығы орнынан алынып, киіз үйдің құрылысын бастауға жол ашты.