Серілердің сарқыты еді...
...1976 жыл болатын. Он жастағы ойын баласымыз. «Он сегіздің көктемі» атты әсем ән бозбала мен бойжеткендердің бәрінің жүрегін жаулаған. «Осындай керемет әнді кім шығарды екен?» деп тамсанып, ересектерге ілесіп, ыңылдап жүргенімізде, көрші Бөген совхозындағы Қайнарбұлақ ауылында тұратын «Бекеттің әні екен» деген хабар да жетті құлаққа. Өнерімен жастардың жүрегін жаулап, талайды тамсандырған Бекеттің жасы да 18-де екен...
...Сол кездегі тәртіп бойынша, Бекет те кеңес әскері қатарында екі жыл әскери борышын өтеп, ауылға қайтты. Қазыналы қарт Қаратаудың баурайында өскен Бекет табиғатқа, еркіндікке құмар еді. Бүркіт салып, тазы жүгіртіп, аң аулады, қақпан құрып, қасқырды жалаң қолмен соқты. Аңшылық, саятшылықпен шектелмей, әр тасы бір шежіре Қаратаудың тастарын да зерттей жүрді. Ат бара алмайтын жартас, қойтас, құздарын жаяу аралады. Тынбай ізденіп, Қаратаудың балбал тастарын Алматыға жеткізген де осы Бекет болатын...
...1988 жылы Мәскеу қаласында Бүкілодақтық жастар фестивалі өтетін болды. Осы фестивальге республика атынан жақсы адамдардың шарапатымен қатысып қайтты. Қатардағы қатысушы емес, қазақтың саятшылық өнерін көрсетіп, ұлтымызды жарты әлемге танытып, өзге жұртты таңдай қақтырып, абыроймен оралды. Сондағы қолына бүркіт қондырып түскен суреті сол уақытта Одақта аты дүркіреп тұрған «Правда» газеті мен өзіміздің «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарына шықса, 1995 жылы қазақтарды шетелдіктерге танытатын «Қазақстан» атты фотоальбом кітабының сыртқы мұқабасына берілді...
...Біз Бекет екеуміз тағдырдың жазуымен араға 14 жыл салып, өзіміздің туып-өскен Шаян өңірінде емес, 1990 жылы Алматыда таныстық. Содан кешеге дейін аға-інілік, достық-сыйластығымыз үзілген жоқ.
1991 жылы тұңғыш рет республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті. Бекет осы байқаудың жүлдегері атанды. Сол кездерде танымал журналист Серік Жанболат «Саятшы Бекет Есентаев» деген керемет бейнефильм түсірді. Одан бөлек «Батыр Баян» фильмінде қобызшының рөлін сомдады. Ал 1991 жылдың 6 қарашасында өз шығармашылығымен елімізге танылған жастармен бірге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан ӘбішұлыНазарбаевтың жеке қабылдауында Бекет екеуміз бірге болдық...
...Иә, дүние – жалған. Дос туралы өткен шақпен жазу қандай ауыр! Бірақ, амал қанша?.. Тағдырдың жазуы, Алланың қалауы солай болса... Атам қазақ жігіттің жақсысын «сегіз қырлы, бір сырлы» деп бағалап жатушы еді. Сенің де сол санаттан екеніңе ешкімнің шүбәсі жоқ. Бір бойыңа бар өнерді дарытқан Алла мінезіңді томаға-тұйық қып жаратыпты. «Мен ән салғанда, маған қарамаңдаршы» деп өтінетін ұяңдығың әншілік, сазгерлік талантыңды толық танытпады-ау. Әйтпесе екінің бірі – әнші, үштің бірі композитор болып, жыл сайын жеке концертін беріп жататындар сенің тырнағыңа да татымайтындар ғой...
...Гитара аспабының қазаққа сәл бөтендеу екені белгілі. Сондықтан болар кез келген қазақ баласы бұл аспапта ойнай бермейді. Ал гитараны сенің шертуің бөлек еді. Ауыр балғаны төске ұрып, қақпан құрып, қасқыр соғуға ғана жаратылғандай көрінетін қарулы қол мен салалы саусақтар гитараның ішегі мен пернесінде қатар ойнағанда... Иә, Құрманғазының «Балбырауыны», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымы», Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» сенің орындауыңда өзгеше түрленіп сала беретін. Тыңдаушының буынын босатып, көңілін толқытып, ерекше күйге бөлейтін-ді.
...Қазақ сахарасы қашанда талантқа кенде болмаған. Сар даланың сал-серілерінің сарқытындай болып көрінген Бекет сері, сенен қапияда көз жазып қаламыз деп ойладық па? Сенгіміз келмесе де, ақиқаты – осы. Тұрмыс тауқыметімен алысып, күнделікті күйбең тірлік дарыныңды көлегейлеп, тасыған талант бойда тұншығып, халыққа кең тараған «Он сегіздің көктемі», «Өмірге сауал» әндеріңнен басқа 30-дан астам мұңға толы, сырлы әндеріңді көпшілікке жеткізе алмай, сен де өттің бұл жалғаннан, Бекет бауырым...
***
Аттылы-жаяу өзің талай кезген қарт Қаратау қойнауының Қайнарбұлақ ауылы маңындағы талай жақсы мен жайсаңға мәңгілік мекен болған «Ақ ата» қорымында жұма күні сенің де жамбасың жерге тиді. Артыңда көзіне жасын алып, жарың Фарида және үш қыз, екі ұлың мен жиен, немерелерің қалды.
Қош бол, бақұл бол, Бекет бауырым...
Жаның жаннатта болып, нұрың пейіште шалқысын...
...Көп нүктені көп, тым көп пайдаланыпсың дерсің, бәлкім... Көп нүктенің соңында аяқталмаған ой, айтылмаған сыр жататынын өзің де жақсы білетін едің ғой.
Сен туралы айтылар ой, ақтарылар сыр алда.
...Өзіңнің сүйікті аңшы мылтығың – қосауыздан атылып, шашырап түскен бытырадай көп нүктемен соңғы сөйлемді аяқтайын...
Әзірге осы...