«Серпер» сыйлығына лайықтылар сараланбақ
Қазақстан Жастар одағы екі жылда бір берілетін «Серпер» жастар сыйлығына үміткерлерден өтініштер қабылдай бастады. 45 жылдан астам тарихы бар бұл сыйлық, негізінен, әдебиет, журналистика, өнер, ғылым саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосып жүрген жастарды қамтиды.
Кезінде «Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы» делінген бұл сыйлық еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін «Серпер» деген жаңаша атауға ие болып, талап-ережелері мен маңыздылығы да айрықша сипат алды.
«Серпер» жастар сыйлығы өзінің шығармашылығы туралы мәлімдеген және елі үшін қызмет етіп жүрген талантты жастарды қолдауға бағытталған сыйлық болып табылады. Сыйлық алғаш рет 1967 жылы Қазақстан Жастар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Өзбекәлі ЖәнібековтІң бастамасымен тағайындалған болатын. Содан бергі уақыт ішінде Қазақстан Жастар одағы осы жақсы дәстүрді бұзбай, оны одан әрі дамытып, жалғастырып келеді. Бұл сыйлықты әр кездері Шәмші Қалдаяқов, Олжас Сүлейменов, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов, Мұхтар Шаханов, Оралхан Бөкей, Роза Рымбаева, Жания Әубәкірова, Әлібек Дінішев және ел мақтанышына айналған таланттар иеленген болатын.
Жастар одағы басшылығының айтуынша, аталған сыйлықтың биылғы табыстау рәсімі Комсомолдың 95 жылдығына ұштастыра отырып ұйымдастырылмақ. Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығына үміткерлердің құжаттары мен шығармашылық еңбектері 2013 жылдың 10 қазанына дейін мына мекенжай бойынша қабылданады:
инд: 050008, Алматы қаласы, Абай даңғылы, 68/74, 316 офис, Қазақстан Жастар одағы.
Қосымша мәліметтер: 8(727)375 77 55. Факс: 8(727)375 88 18.
E-mail:kzho2050@gmail.ru
Үміткерлер байқауына төмендегідей құжаттар тапсырылуы тиіс:
• Жеке куәлік немесе төлқұжат көшірмесі;
• Жекелеген авторды, шығармашылық ұжымды немесе мекемені ұсынып отырған тараптың шешімі;
• Үміткер туралы толық мәлімет жазылып, болған жағдайда оның әдеби-шығармашылық бүркеншік аты, білімі мен мамандығы жайлы мәлімет, алған марапат пен атақтары, ғылыми дәрежелері, кейінгі жұмыс орны нақты көрсетілген шығармашылық мінездеме;
• Фотосурет (9х12);
• Үміткер жайлы пікірлер;
• Үміткердің шығармашылық жұмыстарын көрсететін қосымша материалдар (кітап, сурет, мүсін, фотосурет, бейне-аудиоматериалдар, мақалалар т.б).
Шығармашылық жұмыстардың түпнұсқалары авторға байқау комиссиясының отырысынан кейін қайтарылады. Сыннан сүрінбей өтіп, лайықты деп танылған үміткерлерге салтанатты жағдайда Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атағы беріліп, арнайы төсбелгі мен диплом және ақшалай сыйлық тапсырылды.