Шешендік сөздер
Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырманы! Біздің сайт бұдан былай «Шешендік сөздер» айдары арқылы қазақтың бояуы қанық, бейнелі шебер тілмен айтылған шешендік сөздерінен үзінділер беріп отыратын болады. Шешендік сөздер мазмұны мен құрылысы жағынан мақал-мәтел, аңыз әңгімелер, толғаулар мен айтыстарға жақын келеді..
ҚАЗЫБЕКТІҢ АТ ДАУЫН ШЕШУІ
Бір үлкен ас болып, сол аста бәйгіге шапқан жүйріктер ішінен бір қара жал құла жеке-дара озып келіпті. Сонда бәкені тамашалауға келген бір адам:
– Мынау менің тай күнінде жоғалтқан атым, – деп аттың шылбырына жармасады. Атты қосып отырған иесі:
– Жоқ бұл мүлдем жала, өзімнің кер биемнен туған қол тума малым, дейді. Көпшілік екі жағына да “сенікі жөн” деп айта алмай содан барып Қазыбектің туған әкесі Келдібек биге жүгініске келеді. Бірақ екі даугердің сөзін тыңдаған Келдібек “ат сенікі” деп кесіп айта алмай, дағдырып отырып қалады.
Екі даугердің айтқан дәлеліне құлақ түре жүріп, оған билік айта алмай дағдарған әкесін байқаған жеті жасар Қазыбек:
– Сен қалай танығыш болып алдың? – деп даугерлердің біріне сұрақ қояды.
– Мен енін көрсем, одан туған төлін, төлін көрсем енесін жаза баспай танимын, деп жауап береді, атынтай күнінде жоғалтқан адам. Сонда Қазыбек атты бәйгіге қосқан адамға:
– Кәні, сіз қалай мал танығышсыз? – дейді.
– Мен, енесін бір көрсем, ішіндегі құлынын туғаннан кейін сол биеден туғанын бұлжытпай танимын, – дейді. Сонда Қазыбек тұрып:
– Жарайды. Енді екеуіңіз барыңыздар да, анау жүрген қозылар ішінен екі қозы ұстап әкеліңдер, дейді. Олар барып алып келгенде:
– Қозыны көгендеп қойыңыздар да, өрістегі қойдан өзді-өзің әкелген қозының енесін алып келіңдер, – дейді.
Екі даугер өрістегі қойдан екі саулықты алып келіп қозыларды бауырына салғанда, ат қосқан адам әкелген саулық қозыдан жериді, қозы да жатсынып саулыққа жуымайды. Ал тай күнінде жоғалттым деген адам саулыққа қозысын салғанда енесі еміреніп тұра қалады. Қозы бауырына кіріп еме береді.
Қазыбек көпшілікке қарап:
– Кәне, халайық, бұған сіздер не айтасыздар? – дегенде, көпшілік бір ауыздан “Ат тай күнінде жоғалтқан адамдікі” екен деседі.
Орал таудың ор түлкісі
Қаздауысты Қазыбектің баласы Бекболат он сегіз ағайынды екен. Соның кенже інісі жорықта жүргенде, Абылайдың бір үйір жылқысын абайсызда қолына түсіріп, алып кетіпті. Соны Абылай біліпті. “Мені басынғаны ғой”, – деп намыстана аттанып, Бекболаттың ауылына келіп түсіпті.
Бекболат Абылайдың алдында жорғалап: “... Тоғыз айыппен жолыңызды алып кешіңіз, байқаусызда балалықпен болған ғой”, – дейді.
Ханның қасындағы Бекболатпен бақ күндес кісілер: “Бұл сізге қыр көрсеткені деп біліңіз, мұны басуыңыз керек”, – деп шағыстырып отырған соң: “Мен малға уана алмаймын, тентек ініңді өлтірмей ашуды баса алмаймын”, – дейді Абылай.
“Өз інімді өлтіруге мен де ұстап бере алмаймын”, – дейді Бекболат.
Абылай үндемей кетіп қалады. Қайтадан үш жүз кісімен келіп Бекболаттың інісін ұстап алып, мойнына арқан тақтырып ала жөнеледі. Сол күні түстікке бір көгал жерге келіп қонған соң, Абылай: “Соңымыздан ешкім келмес пе екен, қарап тұрыңдар”, – дегенгі сол-ақ екен атынан Бекболат та келіп жетеді. Ол атынан түспестен басын теріс қаратып тұрып:
– Ай, Абылай мұнан бұрын жолдасқа мен қандай едім, қасыңдағылар қандай еді? – дейді.
– Сен бір төбе, бұлар бір төбе еді, – дейді Абылай. Сонда Бекболат келген жағына шауып кетіп, сәлден кейін қайта шауып келіп, әлгідей теріс қарап тұрып:
– Орал таудың ор түлкісі
Айнала қуса ит жетпес.
Орал таудың ақ иығы,
Ақ иық келсе, тек кетпес,
Сондадағы мерт етпес! – деп байлаулы тұрған інісін шешіп алып жөнеле беріпті, хан қарсылық жасатпапты. Бекболат кеткен соң, қасындағылардың түсіне алмай таңырқап отырғанын біліп, Абылай:
Мына мен “Бекболат, сен бір төбе, басқалар бір төбе еді” дегенге намыстанғандай болдыңдар-ау, Бекболаттың келіп кетуінен не сезіп отырсаңдар? Жаңа ол не айтып кетті? – депті қасындағы билеріне.
Сол арасын аңғара алмай отырмыз? – деген екен әлгілердің біреуі. Сонда Абылай: – Білмесеңдер, енді онымен таласып өкпелемеңдер, – деп Бекболаттың сөзін былай түсіндіріпті. – “Орал таудың түлкісі” деп ол өзін айтты. “Айнала құса ит жетпес” деп сендерді айтты. “Орал таудың ақ иығы” деп мені айтты. “Ақ иық келсе тек кетпес” деп келіп қалған соң, ашумен інімді алған шығарсың дегені. “Сондағы мерт етпес” дегені ханнан халық күшті, халықтан биліксіз, хан да болсаң ақылына салып, інімді жібер, жәбірің болса, айып алып бітерсің дегені” депті.
Айтқанындай артынан Бекболат тоғыз айыбын жіберіпті. “Көп қорқытады, терең батырады” деген сол. Абылай сықылды азуы алты қарыс хан да қалың қазақтан қаймығып қайтып кетіпті. «Алаш айнасы»
alashainasy.kz/culture/48746/
alashainasy.kz/culture/48768/
http://alashainasy.kz/culture/48861/