Шешендік сөздер
Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырманы! Біздің сайт бұдан былай «Шешендік сөздер» айдары арқылы қазақтың бояуы қанық, бейнелі шебер тілмен айтылған шешендік сөздерінен үзінділер беріп отыратын болады. Шешендік сөздер мазмұны мен құрылысы жағынан мақал-мәтел, аңыз әңгімелер, толғаулар мен айтыстарға жақын келеді.
ХАН ТАБЫЛАР ҚАРАШЫ ТАБЫЛМАC
Төртқара Бәймен бидің заманында Жансүгір деген бай болыпты. Екеуі Темірастаудағы бір қопаға даулы болыпты. Сол кезде Арыстан деген правитель (аға сұлтан) екен, соған айтыса барыпты. Жансүгір бай правительге параға тоғыз ақ нар беріпті, правитель пара берген байға төрелік бұйырып, жерді соған беруге билік істепті. Бәймен Жансүгірдің параға тоғыз ақ нар бергенін біліп қалып, правительге келіп былай депті: “Иә, төрем, сіз төрелікті аққа бермейді екенсіз. Қараға да бермейді екенсіз, параға береді екенсіз. Мен ел жисам да Жансүгірдей мал жимаған екенмін, нар жинасам да ақ жимаған екенмін. Жарайды, маған қайда барсам да сіздей хан табылар. Сізге бірақ мендей қарашы табыла қоймас, сізге жолдастыққа мал керек болса, оны көрерсіз, ер керек болса оны көрерсіз, ер керек болса оны көрерсіз”, – депті де өкпелеп Қазалыға көшіп кетіпті. Күндерден-күндер, жылдардан-жылдар өткенде правитель Бәймен бидің қадірі өтіп, бидің кеңесін сағынып, артынан әдейі атпен адам жіберіп, тартуға ат пен шапан беріп, сәлем айтыпты. Есеншағалдың құмын алып бермек болып зорға шақыртып алыпты. Келгенсін правитель Бәйменге: “Биеке, ғафу ете гөр, қадірің өтті, кісіге мал серік емес, ел серік екен, елде қадіріңді білетін ер серік екен. Мен адасқан екенмін, нарға қызыққаным надандығым екен, арды ойламағаным ақылсыздығым екен малдан ел қымбат екен, елде ер қымбат екен, елде ер қымбат екен, ерден ар қымбат екен”, – депті.
ҚАРА ЖЕРГЕ ХАЛЫҚ ИЕ
Дәулетқали деген жер қорып елдің түйесін жайғызбаған соң, Тұрлан келіп:
–Түйені неге қайырасың? – дейді.
–Түйеңді қайырмай, мұнда сенің бақтырып қойған жерің бар ма еді? – дейді Дәулетқали.
–Атаңа нәлет, ақ сүек! Төренің елі деген елді қайдан көрдің, жерді қайдан көрдің? – деп жатып сабайды.
“Төре тұқымына тіл тигізіпті” деген хабар Орынбордағы. Әлен ханға жетеді. Хан қаһарланып, Тұрланды өлтірмек болып 300 кісімен Асаудың аулына келіп, Тұрланды шақыртып алдырады.
Тұрлан келіп:
– Әлең, соқыр! Мені неге шақырдың? – дейді. Сонда хан қылышын қынабынан суырып алып, төрт сардар биіне қарап:
–Мынаның төресін беріңдер! – депті:
Сардардың бәрі жаза кесуге Тұрланнан, “кешірім” деуге ханнан қорқыпп
Айтуар шешенге қарапты. Сонда Айтуар шешен орнынан ұшып тұрып:
Ай, хан! Бұрынғыдан қалған сөз жоқ па еді, “қара қазаққа хан ие, қара жергее халық ие” деген қайда? Хандығыңды бер де жерді ал, хандығыңды қимасаң, қара жерде нең бар? – депті.
Сонда халық қаһарына қаймыққан хан:
–Бас тақсыр! Төреңе құлдық! – деп отыра кеткен екен.
alashainasy.kz/culture/48746/
alashainasy.kz/culture/48768/
alashainasy.kz/culture/48861/
alashainasy.kz/culture/48905/
alashainasy.kz/culture/49021/
alashainasy.kz/culture/49053/