Шешендік сөздер
Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырманы! Біздің сайт бұдан былай «Шешендік сөздер» айдары арқылы қазақтың бояуы қанық, бейнелі шебер тілмен айтылған шешендік сөздерінен үзінділер беріп отыратын болады. Шешендік сөздер мазмұны мен құрылысы жағынан мақал-мәтел, аңыз әңгімелер, толғаулар мен айтыстарға жақын келеді.
Ескелді би (шамамен 1692 —1770 жж.) Әмбе жалайыр әулие атанған Ескелді би — күллі қазақ халқына қауіп төнген ХVIII-ғасырда ел қорғаған ерлердің бірі. Ол өзінен екі жас кіші Балпық әулиемен, Қабылиса сияқты әрі ақын, әрі батырмен, қол бастаған Орақ батырмен бірге жоңғар басқыншыларына қарсы жойқын жорықтар жасап, елінен, жерінен айырылып босып кеткен жалайырлардың басын құрап, Жетісу өлкесіне қоныстандырған тарихи тұлға.
Ескелдінің жастайынан зерек, тапқыр болып өсуіне қоршаған ортасы игі ықпал еткен. Ел билеген азаматтар, айыр тілді билер бас қосқанда әкесі Ескелдіні бала кезінен бірге ертіп жұрген. Келе-келе есі кіре бастаған кезде билер шиеленіскен дау-дамайдың шешуін таппай дағдарып отырғанда балаң жігіттің еті қызып, арқасы қозып, сөз сұрай бастаған. Ауыл ақсақалдары, білікті билер оқта-текте сөз кезегін бергенде Ескелді асқан тапқырлықпен, шешендікпен, ақынша ұйқас сөздер тауып, сөйлей жөнеледі екен. Бұған әкесі Жылкелді ұяла қысылып: "Балам, үлкендердің алдына бекер түсесің", — деп, тыйым салмақ болғанда сөз төркінін ұғатын зерделі, зиялы кісілер: "Жылкелді, баланың талабын қайтарма, бұл жерде "ата тұрғанда ұл сөйлегеннен без, ана тұрғанда қыз сөйлегеннен без" деген көне мәтелді қолдану ретсіз, балаңның ұғымы да, түйсігі де бөлек, басқа балаларға ұқсамайды" дегенде, көңілі тасып шабыттанған Ескелді:
Қой асығын қомсынып,
Шымыр емес демеңіз,
Қолға жақса сақа ғой.
Ұл сөйлесе шамсынып,
Жасы кіші демеңіз,
Ақылы асса дана ғой, — деп тоқтаған екен.
Бұған әкесі де шаттанып: "Балам, алдыңнан жарылқасын, үй баласы ма десем, ел баласы екенсің, еліңнің ай маңдайлы арысы бол!". — деп, батасын берген екен. Төле би жиені бес жасқа толғанда ұлы жүздің бар жақсысын шақырып, Ескелдіні оң тізесіне отырғызып: "Ақыл-есім орнына келді, енді бір он бес жыл жасаймын" — деп, өзінің де алдағы ғұмырын болжаған екен. Бұл жолы Төле би ең ұлы үш батасының бірін Ескелдіге берген екен. Қызырдың сөзіндей бірінші батасын Абылай ханға, екінші батасын Жетісу жерін жау қалмақтан азат етуде айрықша еңбек сіңіріп, теңдессіз ерліктер жасаған Өтеген батырға берсе керек.
Бірде Абылай хан жорық сапарынан келе жатып, жолай Сыр бойын жайлап отырған Жалайыр еліне ат басын бұрыпты. Осы өңірдегі сыйлы кісілердің бірі Жылкелді оны арнайы қонақ етеді. Сый-сияпат көріп, көңілі толған Абылай үй иесін сөзге тартады. — Ақсақал, әңгіме айта отырайық. Сіздің ойыңызша, жол анасы не, су анасы не, сөз анасы не? — деп сұрақ қояды. Адамгершілігі, кісілігі айрықша болса да Жылкелді мүндай тапқыр сөзге орашолақтау-тұғын. Сонда да сұраққа жауап беру керек: —Жол анасы үлкен даңғыл жол шығар. Су анасы — мұхит, сөз анасы тіл шығар, — депті күмілжіңкіреп. Сонда сөзге құлақ тігіп отырған Ескелді: —Жол анасы тұяқ болар, су анасы бұлақ болар, сөз анасы құлақ болар, — деп жауап берген. Енді бір деректе, ер жетіп келе жатқан жиенін Төле би сынамақ болған екен. Алыстан сәлем беруге арнайы келген Ескелді әбден кәрілік жеңген нағашы атасына:
Армысыз, ата!
Таудан аққан бұлағым,
Жауға шапсам ұраным.
Сыйынсам да аллаға
Өзіңді айтып тұрамын!
Алты Алаштың өрісің,
Халқымыздың төрісің.
Өзің ғана табасың
Әрбір істің желісін, — деп, сәлем берген екен.
Жақын жолдастарын ертіп, сонау Сыр бойынан Қазығұрт етегіне арнайы келген жиеніне риза болғаны сонша бірден өбектемей, ақыл-есінің қаншалықты толысқанын байқау үшін: —Досың қайда? Дұшпаның қайда? — деп сұрақ қойыпты Төле би. Ескелді сұқ саусағымен жұрек тұсын нұқыпты да, аузын ашып, тілін көрсетіпті. —Жақсылық пен жамандықтың тұрағы қайда? — деп сұрағанда, Ескелді оң иығы мен сол иығын көрсетіпті. — Білікті адам қандай? Ақымақ адам қандай? — деп сұрағанда Ескелді күн көзіне күн салып қарап, алысқа үңіліпті, содан кейін көзін жұмып, төмен қарапты. Сонда қарт би "түсіндім" дегендей басын изеп, "балам, қолыңды жайшы" депті.
Шырағың жанып тұрсын,
Бұлағың ағып тұрсын.
Мың да бір бәледен,
Жүз де бір кесапаттан
Алла тағала қағып тұрсын.
Жазың жайлы болсын,
Қысың майлы болсын,
Отын-суың сайлы болсын.
Саған қастық ойлағанның
Көкірегіне қайғы толсын.
Дұшпаның табаныңда болсын,
Достарың қабағыңда болсын.
Маңдайыңда жұлдыз болсын,
Таңдайыңда бұлбұл болсын, — депті.
Ескелді бастаған қол Ӏле, Қаратал, Көксу бойында қалмақ жасақтарына қырғидай тиіп, бекіністерін талқандап, үнемі жеңіске жетіп отырған. Азық- түлік, күш-көлік әкеле жатқан тылдағы керуенін ілгері бастырмай, тау-таудың қуысына тығып талқандайды екен. Ол бастаған қолдың Ӏле, Бақанас жақтағы ерліктері осы күнге дейін ел аузында. Ол Қапалда Қабанбай тобына қосылып, жаралы жауды шекарадан асыра қууда да айрықша көзге түскен.
Балуан Шолақ (шын аты — Нұрмағамбет)
Сүйінбайдың қырғыздың атақты айтыскер-ақыны
Балпық би (1694 —1784 жж.)
Келдібекұлы Қазыбек би - қазақтың Тәуке
Шал ақын, Тілеуке Құлекеұлы
Бұқар жырау - суырыпсалма ақын, жырау
Жәлменде Байшығашұлы (1846-1901) - би, шешен.
Шешендік сөздер жинағының сілтемесіне басыңыз
Азарсың, жұртым, азарсың
БАҚЫТ ҚАЙДАН КЕЛЕСІҢ
Сыпыра жырау
Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту