Шешендік сөздер
Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырманы! Біздің сайт бұдан былай «Шешендік сөздер» айдары арқылы қазақтың бояуы қанық, бейнелі шебер тілмен айтылған шешендік сөздерінен үзінділер беріп отыратын болады. Шешендік сөздер мазмұны мен құрылысы жағынан мақал-мәтел, аңыз әңгімелер, толғаулар мен айтыстарға жақын келеді.
Сартай Көшкіншіұлы жырау. Ақын-жыршы. Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Батпақкөл ауылында дүниеге келген. Алпамса денелі, ақсары, мұртты адам болған. Қасына әнші-ақындарды ертіп жүрген. Руы Он екі ата Байұлы, Алаша-Шотқара-Жәрімбет. 1862 жылы туған.1922 жылы қайтыс болған.
Сартай ақын қоңыр үнді домбырасын қағып-қағып жіберіп өзіне тән сазды мақамынына салып, тыңдаушы жұртшылыққа өзін:
Менің атым Сартай,
Сөйлесем сөзім сары май.
Қылпылдатып сөйлейін,
Қысырдың емген тайындай.
Жылпылдатып сөйлейін,
Жіліктің аққан майындай.
Ауабасы Қарасай
Алты Алашқа белгілі,
Кішікеменен біздің жай.-деп толғап, таныстырады екен.
1916 жылғы халық көтерілісін жырлаған ақын. «Тар заман», «Сартайдың термесі», «Той бастар», т.б. өлең-толғаулары қалған. Сартай Көшкіншіұлы туралы белгілі ақын-жыршы Құбайыс Қаратаев былай деп таныстырады:
Заманында бұл адам,
Белгілі болған халыққа.
Өтірік емес, анық та.
Өзі надан, тіл жүйрік,
Қараңғы болған қалыпта.
Шу дегенде, іркіліп,
Тарықпа, тілім, тарықпа.
Сөйлейтұғын кезінде,
Жалықпа, жайна, жалықпа.
Алтын сөзін ақынның
Жазып бердім халыққа.
Аса артық дерегі,
Болмаса да тарихта.
Жүйткітіп жүйрік қиялды,
Шарықта, көңілім, шарықта.
Талай жыр саған жіберем,
Шығарам десең жарыққа.
Сартай жөнінде руы Байторы Қабдеш ақсақал мынадай дерек айтқан екен:
Жас кезімде Сартай әншінің ат арбасын айдайтын делбешісі болып әншімен үнемі сапарлас болдым. Сартай салған ән-жырды жол үстінде де, барған ауылында да тыңдадым. Оның тереңнен шыққан құдық суындай тұнық та мөлдір қоңыр даусына, қазақтың бай, небір асыл теңеулерімен әдемілей салған әндерін, толғауларын жыр сүйер ауыл тұрғындарымен қосыла тыңдап, өнеріне риза болатынмын. Таңертең қосшы бала, ат арбаны жек, Княз жаққа барамыз дегесін осы ауылды бағыттап, жолға шығамыз. Атымызды қинамай, өз бабымен жүреміз. Біз барған ауыл адамдары ақын келген үйдің қасына жиналып, оның айтар әнін, толғайтын жырын асыға күтеді. Сүт пісірім уақытта олар Сартай түскен үйге кіріп, барлығы үй ішіне жағалай отыратын. Әншіге шөлін басуға, жолсоқты болып шаршап келді дей ме, кім білсін, сәл тынығып алуына мүмкіндік беретін. Жыршы ауқаттанып, шәйін ішіп алғаннан кейін домбырасын күйге келтіріп, үстіндегі шапанын шешіп, алдына жайып, аламан бәйгеге түсер тұлпардай даярланып, ащы тері алынғанша әуелі түрікпен жырымен бастап, тыңдаушысының назарын өзіне аударып алатын. Толғап-толғап, әбден бабына келген жыршы айтқан жырын бар ынтасымен тыңдап отырған ауыл адамдарын шетінен небір асыл сөздермен сыйпаттап мақтай жөнелетін. Мақтаулы сөзді естіген атқамінерлер, байлар, ауыл белсенділері, жаюлы тұрған шапанға алып келген шәй-пұлын салады. Бұл көріністерді жыршы тамақ асыраудың «әдістері» емес, өзінің өнеріне тыңдаушының берген бағасы, ыстық ықыласы деп қабылдайтын. Сол уақытта өнер адамына деген қошемет, ынталандыру осылай жүрсе керек. Айтқан ән-жырын тыңдаушысы марғаулау қабылдаса, Сартай да самарқауланып, кеңінен көсілмей, айтып отырған жырын тез бітіретін. Тыңдаушылар «қиқулап» отырса, жыршы да маңдайдан аққан терін сүртер сәт таппай, ұзаққа шапқан тұлпардай бауырын жаза түсетін еді. Сартай ән-жыр айта отырып, айналасын көзімен шолып, тыңдаушысының көңіл-күйін, сол сәттегі ахуалын байқайтын еді. Осылай ел аралап, ән салып, жыр жырлап өнерімен ауыл-аймаққа танымал болды. Оның өзіндік мақамы, сөз саптауы қаратөбелік өзге әнші-жыршылардан бөлек, тыңдаушысының құлағына жағымды келетін. Айтқан әні мен толғауы күнделікті өмірдегі тыныс-тіршіліктен туындайтын еді. Бұл Сартайдың суырып салма ақындығын, ал өзіндік сазы – халық сазгері екендігін, орындауы – әнші-жыршылығын дәлелдейді.
ТАРЗАМАН
Қазақ даласын дүбірлеткен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Қаратөбе өңірін де дүр сілкіндірген тарихи оқиға болды. Езілген халық өзінің азаматтық ар-намысын қорғау үшін екі жақты қанауға ұшыратқан ұлттық-әлеуметтік езушілікке қарсы бас көтерді. Қаратөбе өңіріндегі Соналы болысының бір топ жігіттері алаша-аталық-байғабыл Сенғали Дауешов ұйымдастырған көтеріліске қосылып, бас көтерді. Мақсаты – патша үкіметінің 1916 жылғы 25 маусымдағы «бұратана елден қара жұмысқа адам алу туралы» жарлығына байланысты Соналы болысы бойынша жасақталған тізімді жойып, жігіттерді майдандағы қара жұмысқа жібермеу. Соналы өңіріндегі тар заман кезінде болған осы оқиға зауалын көзімен көрген ақын Сартайды да ойландырып, толғантса керек.
1916 жылғы көтерілісте – патшаның бұйрығы бойынша қазақ халқынан окоп қазуға жігіт алғаны, патшаның қысымдағы жайлы қазақтың бас асаулығына жазылған өлең.
Сұмырай заман, сұм заман,
Жасаң емес, қу заман,
Қу заманның белгісі
Мықтыға осал құл заман.
Патша қылды зорлықты,
Малдан алып салғыртты,
Бастан алып солдатты,
Атаңа нәлет, ит-жауым,
Қазаққа мәнісін білдірмей,
Ор қояндай жымдаған.
Талайыма тап болып,
Таңдап алып падыша,
Көзін жұмған елдегі,
Тұнжыраған мырзадан.
Падышаның қол асты
Губерния, уезд, начальник
Приемға шақырып,
Еріксіз елді жинаған.
Көрмегенін көрсетіп,
Қазақ халқын қинаған.
Қорлыққа асқан көне алмай,
Бір-біріне қисық қараған.
Ұрыспақ болып патшамен,
Топ жиналып шыңдаған.
Халық билерге сене алмай,
Сыртынан ептеп тыңдаған.
Балалардың ата-анасы,
Туысқан іні-ағасы,
Ұйықтаймын десе ұйқы жоқ,
Күлейін десе күлкі жоқ –
Төсекте ұйықтай тынбаған.
Әлпештеген шырақты
Беруге көзі қимаған.
Мәніс жайын қалдырмай
Заманына тап болып,
Ақын Сартай жырлаған.
Біздің қазақ бос қалған,
Өнер менен айладан,
Басына қылар пайдадан.
Ақылымыз алынған,
Азуымыз шалынған.
Кеткенді қалған қия алмай,
Зығырданы қайнаған,
Көзінің жасы парлаған.
Бидің тауып пайдасын,
Басының қылып айласын,
Бір қатары жігіттің,
Отлучка болып бармаған.
Уысынан шашылып,
Ризық қуып айдаған.
Бір парасы бес мың сом,
Кедейлерді жалдаған
Сомасы көп малды адам.
Бай өткен судан өте алмай,
Бала артынан жете алмай,
Тарығып қайтты жарлы адам.
Жарлы байғұс не қылсын,
Баласы қолда тұрғанда,
Киім, тамақ қылуға,
Баласын байға жалдаған.
Жалдайын десе бала жоқ,
Күн көрерлік шара жоқ,
Бала артына кемпір-шал,
Тынымсыз күнде зарлаған.
Түрлі өзгеге түсіндік,
Әуелі білмей ісіндік.
Алып қал деп жанымды,
Аяма деп малымды,
Атқа мінген адамды,
Шақырып үйге түсірдік.
Түсірісіп болған соң,
Бал татыған бағлан мен
Сапырылулы сары қымыз,
Қызыл шәйді ішірдік.
Құрмет етіп болған соң,
Қайта-қайта тапсырып,
Сөздің артын пісірдік.
Пісулі сөзді айтқанмен,
Ойдағымыз бола алмай,
Бірден-бірге кішірдік.
Бір қатары жігіттің,
Ісіріп алды тамағын.
Асын ішіп жайланып,
Жей алмады тамағын.
Елді аяр түрі жоқ,
Старшын менен болыстың
Байқап едік қабағын.
Заманым солай болған соң,
Балаларды алып барып,
Жағасына Жайықтың,
Бір тас үйге қамадым.
Кезек-кезек шақырды,
Үрейі ұшты ішінен,
Ылжыраған баланың.
Кейінде қалған ата-ана,
Көрмей көңілі тынар ма
Шырағым менен қарағын.
Қара үйлі қазақ баласы,
Әуелді баста-ақ алдырған,
Қару менен жарағын.
Санаулы кетті сансыз қол,
Тауға өрлеген талабың.
Сапарланып жол тарттың,
Қайырлы болсын қадамың.
Жаудың түбі ұрыстан,
Біздің патша Алманмен,
Екі жыл жарым ұрысқан.
Екеуі де зор патша,
Қырылғанға қарамай,
Табаны аумай тұрысқан.
Әбіл, Қабыл туғаннан,
Шежіреде жоқ екен
Тынымсыз бүйтіп қырысқан.
Зарқұм менен Салсалда,
Жәнәбіл мен Қайсарда
Пайғамбармен соғысып,
Екі жыл жарым болғансын,
Татуласып ол да жуысқан.
Осы соғыс – зар соғыс,
Падишаның қол асты,
Орыс, қазақ, өзбек, сарт,
Естек, ноғай, түрікпен,
Көмектен бірі қалған жоқ.
Түсіндірді қазаққа
Қызыметің – окоп деп.
Окоп деген сөзіне
Біздің қазақ нанған жоқ.
Өнерсіз өскен ел едік,
Өнерсіз демей не делік –
Артатұғын түйеге,
Туатұғын биеге,
Қойды мыңнан қоздатып,
Інгенді жүзден боздатып,
Сиырлары бұзаулап,
Бозбалалар қыз аулап,
Есепсіз өскен көп малға
Арылмайтын кең едік.
Қазы менен қартаны
Жал-жаясы аралас,
Кіршіксіз кербез әйелге
Ақ малтаны шайдырып,
Ас тәттісін жеп едік.
Уайымнан бос тұрсақ,
Еңсеге келген қонаққа
Тарылмайтын төр едік.
Қолдан келер қайрат жоқ,
Жау айбынар айбат жоқ,
Балалардың артынан
Дұғашы болып бет сипап,
Тілектес болсақ деп едік.
Біздің қазақ баласы,
Қолдан кетті күштері.
Жетер жерде қия алмай
Екі көзі жаудырап,
Елжіреп кетті іштері.
Жүрген шығар шырақтар,
Сары сазандай тізіліп,
Сұңқардай көзі сүзіліп;
Ел іші еске түскенде,
Көңілдері бұзылып.
Үзілмесін күдерің,
Жасымасын жігерің.
Кім біледі үзбесін
Аяқтағы шідерін.
Жақсы мен жаман арасы
Екі көш жарым үдерін.
Балалар еске түскенде,
Дүрсілдейді жүрегім.
Жүрегіміз қуанар
Падишалар тез құрып,
Ұзатпай алыс сүрөгін.
Көргеннің көзі көл болды,
Көздің жасы сел болды.
Достысы түгіл балалардың
Көрмегенсін біреуін,
Қауыстыр деп саламат,
Әр уақытта тіледім.
Қабыл болар тілегім,
Бұрынғы құлдық қалып тұр,
Күннен күнге жүдедім,
Жүдеген ердің бірі едім.
Суға салған сүйріктің
Астында қалған түбі едік.
Суырылып сүйрік, түп қалды,
Қала берді топтасып
О дедік те бұ дедік.
Суырылған сүйрік орыны
Қайтадан келіп орнықса,
Деп күні-түні тіледік.
Приемге барғанда
Біреуді біреу көре алмай,
Сондай болды қалыңдық.
Кетер жерде балдарға,
Бір-біріңе көз бол деп,
Баршасына жалындық.
Бір қатар біздей жиһанкез,
Жолдан алып қалам деп,
Текеге дейін барылдық.
Текеден тесік таба алмай,
Қош айтысып қолдасып,
Сол жерде екі жарылдық.
Қалған мен кеткен қоштасып,
Бір-біріне достасып
Арбаға мініп кете алмай,
Қашқынға қуып жете алмай,
Қала бердік тоқтасып.
Кеткен балдар, қайғырма,
Біріңнен бірің айрылма;
Мындағылар қаңғып жүр,
Сиыр бағып боқтасып.
Арба кетті зырқырап,
Шаңы қалды бұрқырап.
Пәтерге келіп шәй іштім,
Тамағымнан жүрмеді,
Ішкендей болдым керемді,
Балалар аман келгенше,
Елге сәлем бергенше,
Көзіммен анық көргенше,–
Сөйлесем, көңілім бұзылып,
Жыл тәулікке келгенше,
Айта алмадым өлеңді.
Жаңалыққа сөз айттым,
Шығармадым өнерді.
Әр ауылдағы ерлердің
Көңілі толған шерлердің
Қайғысын сөзбен бөлерге.
Қайта-қайта хат келді,
Енші Алла, түзелді
Бір қатары елге келерде.
Қабыл болар тілегім,
Тез қуанар жүрегім.
Сүйінші, халқым, сүйінші,
Балдарың аман қауысар! –
Газеттерге басылған,
Тұс-тұсына шашылған
Осындай жақсы хабар бар.
САРТАЙДЫҢ ЕСТІРТУІ
Ақшолақ болыс болып Соналыны билеп тұрған кезде ақындығымен танылған адам. Ақшолақ болыс кезінде Санкт-Петербургке осы өңірден алты жас өренді оқуға жіберген. Сол алтаудың үшеуі бір жылдан кейін оқуын үлгере алмай елге қайтып келген. Қалған үшеудің бірі Ақшолақтың баласы Жәңгір екен. Олар оқуын бітіріп елге ораламыз деп тұрғанда елге үшеуі де қайтыс болды деген хабар келеді. Осы хабарды Ақшолаққа бес-алты шалдар келіп естіртіп отырады. Ақшолақ сонда: «Ойпырмау, мұны енді анасына естіртпейсіңдер ме?» – дейді. Содан қарттар үндемей (амал таба алмай) отырып қалған уақытта Ақшолақ өзі айтқан екен. «Сендер Сартайды алып келіңдер, естіртсе тек Сартай ғана естірте алады», – дейді. Содан Сартайды алдыртып жағдайды түсіндіреді. Сартай келсе Ақшолақтың бәйбішесі міндетті түрде соның жырын тыңдайды екен. Яғни еркектерге қосылмай бөлек отыратын көрінеді. Жағдайды түсінген Сартай жырға басады.
Елден шықтым Текеге,
Тері-терсек апарып
Астық-сулық етерге.
Сапарланып жол тарттым,
Құдайы бақыт көтергей,
Үмітім артып жөнелдім
Базар күні жетерге.
Араластым бардым да
Топ ішінде нөкерге.
Көлден ұшқан үш сұңқар –
Көруге болды ел іңкәр.
Мұсылманның қауымы
Қиыншылық көп екен, –
Таба алмай жүрдім елден нәр
Көремін деп ойладым,
Көрем деуді қоймадың.
Тасадан көрмей тұр ма деп
Олай бұлай бойладым
Бойласам да болмады
Ойласам да болмады
Сонда тұрып шамдандым –
Айда бір де көрмесін,
Сәке деп сәлем бермесін,
Сол арада болжадым
Өлген қайтып келмесін!
Жәңке сынды жайсаңнан
Көрем деп барсам көлбеңдеп,
Кеткен екен келмең деп,
Елдегі айт ағаға –
Қайырып сәлем бермен деп.
Көрінбеді көзіме,
Сөз айтпады өзіме.
Аңсап барған әркімге
Көрсетпес білем жүзін-ай;
Көрінбесін білгесін
Қайттым күдер үзіп-ай.
Қайтып күдер үзбейін, –
Алдымнан шыққан Мырзаш жоқ,
Екі көзін сүзіп-ай.
Сүзіліп шыққан көз де жоқ,
Саңқылдап шыққан сөз де жоқ
Көңілді қайттым үзіп-ай.
Әр тарапқа зер салсам,
Топырақ жатыр томпайған,
Қу ағаш жатыр қаңқайған.
Әулие-жай ішінде
Нешелер мырза сонда екен
Атқа мініп алшайған.
Қабаты қалың қара жер
Жүрегімді қайтарған.
Бергізбеді-ау бір жауап
Жақсы, сынды жайсаңнан.
Әлсірегенін білемін –
Елге сәлем айтпады-ау
Ел ақыны Сартайдан.
«Сәкелеп» қастан шықпайтын,
Өткен күннің бірі жоқ,
Келмесін содан байқаймын.
Азаң соғып астынан,
Қарағай басы қайқайған.
Қадірлі ағаш қайқайта,
Телегей теңіз шайқалған.
Шайқалмай теңіз не қылсын,
Кемеріне келгенде,
Болатын еді-ау майталман.
Екі күн жүріп сандалып,
Көре алмасын білгесін,
Жәңгір сол күн түсінде,
Елге сәлем айтты,
Қасірет-қайғы жеп айтты.
Қасіретінің басы сол,
-«Жыламасын»-деп айтты.
Жұмаққа кірген аталар,
Ғилла берді үстіме,
Пырақ берді астыма.
Періштемен аралас,
Жарысып, сайран етеміз.
Пырақтар шабар аңқып-ай,
Хорлардың қызы таласып,
Біздерге қарап талпып-ай.
Біздерден сәлем айтыңыз:
Жаны ашыған ағаға,
Тәңсәріден оянған,
Тал бесікке таянған,
Ішінен шыққан анама.
Біздер үшін қамығып,
Шығармасын көзден жас,
Түсінсін мұның парқын-ай, - деп Сартай естіртуін аяқтаған кезде
Ақшолақтың көзінен жас парлап отыр екен.
Айтып берген Жүсіпқалиұлы Аман. Айтушы Бердіғалиев Мұзайыр ақсақал, жазып алған Серік Әбдірахманов.
Сартайдың термесі
Алқалаған жамағат,
Айт дедіңдер қамалып.
Өздерің баға берерсіз,
Сөз асылын шамалап.
Мен де өзімше жүйрікпін,
Мұзда таймас тағалы ат.
Бәйгеге салған ел-жұртым,
Шабысымды бағалап.
Айыбым болса, жақсылар,
Сөкпеңіз мені табалап.
Көңіліңізді табармын,
Терме сөзбен жағалап.
Шын жүйріктер әманда
Той-топырда шабылған.
Бағасын дұрыс бермесе,
Халқына айтып шағынған.
Бұл дүниеден айтыңдар
Артық туып кім өтті,
Абай, Нұрым, Абылдан?
Әйгілі анау Шернияз
Қызыл тілмен қайралып,
Шақпақ тастай шағылған.
Оның сөзін сондықтан,
Ел-жұрты аңсап сағынған.
Мен де шырқап өтейін,
Бұрқыраған будай боп,
Көтерілген сағымнан.
Ақын боп асып кім өтті
Беріш Матай, Мұраттан.
Семсерлессе сөзбенен
Жапырып тегіс құлатқан.
Дуды көрсе құтырған,
Болжаған бәрін зытымнан.
Шабақ құрлы санамай,
Қылғытуға жұтынған.
Ақын боп өтті тағы да
Алаша Байтақ Қобылан,
Турап түсер оғылған.
Олқы тартып тұр ғұмыр,
Осылардың жоғынан.
Ақын боп өтті бұлар да –
Қадырқұл, Ысық Тоғызбай,
Қалмағамбетұлы Егізбай.
Нағашы жұртын сұрасаң –
Әбубәкірдей жыр-бұлбұл,
Төрт аяғы тең дүлдүл.
Тілдің майын тамызған,
Алқалы топқа түскенде
Жоқ еді тауы шағылған.
Алласы берген күнінде
Маздап бір оты жағылған.
Ажал қолды салған күн
Шабысынан жаңылған.
Маңайың нұрға бөленер,
Жақсы мен жайсаң аманда.
Үміт артпа жаманға,
Сөз айтпаңыз шабанға.
Қанша ақыл айтсаң да,
Ем қонбайды наданға.
Бұл тірлікті болжамдап,
Болғаның жақсы сабаңда.
Кім келіп, кім кетпеді
Арғы-бергі заманда.
Атамыз Нәби бұ да өтті,
Жеті өліп, жеті тірілген.
Мың жасап Лұқпан кәкім де
Қазаға бір күн тұтылған.
Ажалдан бар ма құтылған?
Құдайсынып құтырған,
Қанағат етпей жұтынған
Небір байлар ақыры
Қара жерге жұтылған.
Қайырымы жоқтың салтында,
Өзіне тіпті бұйырмай,
Мал-мүлкі қалмақ артында.
Ашкөзденіп жүгірме
Тірліктегі мынау қалпыңда.
Болмайсың сонда ұтылған!
Кім-кімнің болсын ақыры
Қазаға күні тұтылған.
Ажалдан бар ма құтылған?
Салауат тіле жұртыңнан.
Алланың берген азабы –
Қара жерге кірген соң,
Жаман сөз ерсе сыртыңнан.
Қожаберген батыр - жырау орта жүздiң Керей руынан тарайды.
Ескелді би (шамамен 1692 —1770 жж.) Әмбе жалайыр әулие атанған
Балуан Шолақ (шын аты — Нұрмағамбет)
Сүйінбайдың қырғыздың атақты айтыскер-ақыны
Балпық би (1694 —1784 жж.)
Келдібекұлы Қазыбек би - қазақтың Тәуке
Шал ақын, Тілеуке Құлекеұлы
Бұқар жырау - суырыпсалма ақын, жырау
Жәлменде Байшығашұлы (1846-1901) - би, шешен.
Шешендік сөздер жинағының сілтемесіне басыңыз
Азарсың, жұртым, азарсың
БАҚЫТ ҚАЙДАН КЕЛЕСІҢ
Сыпыра жырау
Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту