Шешендік сөздер
Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырманы! Біздің сайт бұдан былай «Шешендік сөздер» айдары арқылы қазақтың бояуы қанық, бейнелі шебер тілмен айтылған шешендік сөздерінен үзінділер беріп отыратын болады. Шешендік сөздер мазмұны мен құрылысы жағынан мақал-мәтел, аңыз әңгімелер, толғаулар мен айтыстарға жақын келеді.
Қожаберген жырау шығармашылығындағы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасының сипатталуы. ХҮІІ ғасырдың 30-жылдарынан бастап, әсіресе 1635 жылы Жоңғария мемлекетінің құрылуынан кейін халқымыздың бейбіт өмірі бұрынғыдан да бұзылып, қазақ-жоңғар қатынасы шиеленісе бастаған. Көптеген деректерде осы кезеңде халқымыз «Елім-ай» деп зарлады делінеді, ал оның авторы жөнінде айтылмай қалады. Нақтылыққа көшетін, бұлтақтамай Қожаберген жырауды барлық жерде ашық айтатын уақыт келді. Тарих қиянатты көтермейді, шындық бәрібір шырылдап шығады. Сондықтан да бүгінгі зерттеуіміз Қожаберген жыраудың «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасына арнаған 658 шумағы туралы болмақ. Жырда Қожаберген жырау қазақ жеріне келген бұл қырғыннан әртүрлі тайпалардың өз қоныстарынан айырылып, жер ауа көшкенін сипаттайды.
- Аға ұлы – Ұлы жүзді қалмақ алды,
Сыр жаққа баса-көктеп келіп қалды.
Қарттар мен балалардан құрған топты,
Дұшпандар оқ жаудырып, ұйпап салды ,- дей келе,
Алтай, Теріскей Алатау, Сауыр, Сайхан таулары, Тарбағатай, Жайсаң-бәрі жау қолында қалып, тіпті жау қолында қалған жер Жоңғар Алатауы деген атқа ие болғанын күйіне жазады.
- Қырылу Алакөлден басталып тұр,
Қазақтар Ұраңқайдан жасқанып тұр.
Ресей мен Қытайға арқа сүйеп,
Жоңғар сұм сол екі елден күш алып тұр, -
деген өлең шумақтарының мәнін ашсақ: солтүстіктегі алып империя Ресей көрші жатқан үш халықты бір-біріне айдап салып, үшеуін де әлсіретуді мақсат етіп отырған. Тарихи құжаттардың бірінде : «қазақтар сияқты жоңғарлар мен башқұрттар да бір мінездес, аңқау, жабайы халықтар. Егер оның біреуі Ресейге қақтығыса қалса, екеуін оған қарсы айдап салу керек. Біреуін екіншісіне айдап салу арқылы олардың тарапынан болған кез-келген қарсылықты оп-оңай басып тастауға болады. Сөйтіп бұл мәселеде Ресейдің араласуынсыз-ақ жуасытудың мүмкіндігі бар. Олар бұл ойдың түпкі мәнін түсінбейтін халық» ,- деп жазған.
Қожаберген жырау бұл жағдайды төмендегідей өлең жолдарымен береді:
- Ордос, Шарақ, Харачин – бәрі қалмақ,
Оларды Ресей, Қытай алған жалдап.
Қолына көп дәу мылтық тигеннен соң,
Келеді жолдағы елдің бәрін жалмап. ( 6-шы шумақ)
2. Мылтығын Ресей, Қытай қалмаққа сатты,
Айдап сап малғұндарды қоқаңдатты.
Қырғызып қазақтарды қалмақтарға,
Орыстар қамалдарын салып жатты. ( 43 –ші шумақ)
3. Сегіз жүз тоқсан бес мың жаудың қолы,
Доп атқан дәу мылтықтан аршып жолды.
Жағалай үш жүз жерін басып алып,
Халқыма аямастан құрды торды. ( 53-нші шумақ)
Дәу мылтық аузы жаман қара үңгірдей,
Шошынды ел оны көріп, шама келмей.
Батыс, шығыс көршіден мылтық алып,
Сұм қалмақ болды өзінше әулиедей ( 113-нші шумақ)
Бұл жерде жырау сипаттаған дәу мылтықтың зеңбірек екендігі белгілі. Теріскей мен шығыстағы көршілердің негізгі мақсатын жырау былай пайымдайды:
Мылтықты жауды көріп шыдап болмас,
Айналды жақсы тұрмыс көрген түске.
Ресей, Қытай, Қалмақ сұм ақылдасып,
Алмақшы қазақ жерін үшке бөліп.
Қожаберген жырау жүз жылдан аса Жоңғариядан ауа көшіп, қазақ жері арқылы батысқа , одан әрі Еділден өтіп Ресей жерінде қоныстанған қалмақтардың да қазақ жеріне батыстан көз алартып, Кіші жүзге шабуылдағанын жазған. Ал шығыстағы жоңғарлардың қазақ жеріне жақсы дайындықпен келгенін айтады.
Сібеге киім тіккізіп,
Дүнгенге егін еккізіп.
Дайындады жасағын,
Бұйрығын қалмақ өткізіп
Қырғызға малын баққызып,
Солонға отын жаққызып.
Ойғырдан ғаскер жинады,
Көнбегенін шапқызып.
Саха менен Хасқа да,
Айтқандарын еткізіп.
Әзірлеп қару-жарағын,
Сөздерін елге өткізіп.
Шор, Тұба, Хас, Саханы
Ісләм дінінен айырған.
Өз дініне мойын ұсынтып,
Бақытын бастан тайдырған
Баса салып салығын,
Еріксіз алып алымын
Аяусыз жоңғар талады,
Көрші отырған қауымын.
Қожаберген жырау осы бөлімде қазақ халқының басына түскен қиындықты, олар көрген азапты ашына айтады. Яғни қанішер жаудың балаларды найзалап, әйел мен кемпір-шалды қырғанын, ата –қонысынан айырылған елдің жер ауып кеткенін, үш жүздің қаны судай шашылып, әке мен шеше қыз бен ұлынан ажырағанын, «жұт жеті ағайынды» демекші, жауын жаумай, елді қуаңшылық жайлап, бау-бақша, егіннің қурағанын, Жетісуды қаңыратып, Сайрам, Шымкент, Түркістанды алып, ол қалалардың өртке оранғанын, Созақ халқын түгел қырғанын, зират, бейіттерді де қиратқанын, талай боздақтарды қара жер жалмағанын , қыстаулар қаңырап, жайлаулар бос қолғанын жүрегі жылай, жаны қинала отырып сипаттайды.
Осындай жағдайда елге бірлік пен өзара ынтымақ қажет екенін, Әз-Тәуке өмірден өткеннен соң үш жүз сұлтандарының арасындағы алауыздық, үлкендермен ақылдаспаудың жөнсіздікке, берекесіздікке әкелгенін атап айтады.
– Жаратқан ісімізді оңда құдай,
Майданда ерлерімді қолда құдай.
Әз Тәуке өткеннен соң быт-шыт болдық,
Үш жүздің басын қосар көсем тумай.
Әз Тәукенің заманын еске алып, оның уәдеге, сөзге берік, көршілермен, халқымен тіл табысып, бір жерге ұйыта алатын қасиеттерін айтып, уайымға салынады, өз заманындағы хан, сұлтан, игі жақсыларға ренжиді, елге сатқындық жасаған, жоңғарлармен ауыз жаласқан жандардың да бар екендігіне налиды. Бірақ жырау баба қазақтың келешегінен күдер үзбейді. Жан-тәнімен халқына жақсылық тілейді.
- Өкпе-наз қата болса, кешір,Алла!
Дұшпанға көктен жасын түсір, Алла!
Баласын мұсылманның панаңа алып,
Үш бірдей жаудың үнін өшір, Алла!
Қалжырап қалды халқым құты қашып,
Мылтықсыз жауынгерлер қалды жасып.
Жеңетін ата жауды күн туса екен,
Бақытқа қадір Алла жолды ашып,- дейді.
Одан кейін халықты бірлікке, татулыққа шақырады, қайрат-жігер береді.
- Жорықта жолың болсын, азаматым,
Болыңдар жаудан кекті қайтаратын.
Кеудеңде шыбын жаның болса егер,
Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын.
Салғанмен Жоңғар қатты бүліншілік,
Қуса да елді жерден быт-шыт қылып.
Шыдаңдар тобың бұзбай, азаматым,
Арылар әлі-ақ бастан қиыншылық.
Қыздарым, келіндерім, жауынгер бол,
Дұшпанға басыңды име, ұсынба қол.
Сендер де қару-жарақ асыныңдар,
Жоңғардан кек алатын өжет жан бол.
Қыздарым, келіндерім топ құрыңдар,
Ерлерше киініңдер, сай тұрыңдар.
Ұрыста өл, мазақ болма, берілмеңдер,
Қалмақты қанжарменен шапқа ұрыңдар...
Соғыста қиындыққа шыдай берсек,
Дұшпанға қырылатын келер кезек.
Табағын жаудың өзіне қайта қайтар,
Бөгенбай, Ер Сары, Асқап, Жабай,Көшек.
Қазақтың әйгілі билері Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке би, Ақсуат шешен тағылымдарына тоқталады, шәкірті Қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлына үміт артады, отыз жасында Әбілхайырдың Кіші жүз жасағының әскербасы болып сайланғанын айтып, қол басқарудың оңай емес екенін, білмегенін сардарлардан үйрену қажеттігін ескертеді.
Қасына ерген жары Айшаға мұңын шаға отырып, Балта Керей Тұрсынбай, Кіші жүз Жайнақ батыр, Қанжығалы Жантай батыр, Керей Ақпанбет батыр, Тарақты ер Байғозы, Кіші жүз Шектінің Тайлақ мергені, Жағалбайлы Төс батыр, Арғыннан шыққан жас Бөгенбай т.б. батырларға сенім білдіреді. Қайын жұртына мейман болып келіп, жау қоршауында қалған жырау жоңғарлармен соғыста екі ұлы Науан мен Әсеттен, екі атқосшысынан айырылғанын айта келе былай дейді:
- Көрген соң сұмдық істі шыдай алмай,
Ұрандап «Ошыбайлап!» салдым айғай.
Шаныштым оңды-солды көк найзамен,
Жығылды талай жендет салып ойбай.
Пенденің бала деген жүрегі ғой,
Аз күндік тіршілікте тірегі ғой.
Ұлдардың жаудан кегін алу үшін,
Қалмақтың тайышыларын түйредім ғой.
Қалмақтың алақандап ұрттап қанын,
Құштырдым талайына аттың жалын
Әйтеуір бір өлім деп қылыштастық,
Қазақтың қорғау үшін мал мен жанын.
Жасынан ту ұстап сардар атанған жыраудың қырық төрт жыл ғұмыры жорықта өтеді.Ал қоршауды бұзып шығу үшін соғысқан шағында ол алпыс бір жаста екен. Нақ осы қартайған шағымда қазаққа үлкен тұтқа болмасам да, ел намысын ояту үшін насихат айтып, қайрат берейін деп бекінеді.. Халқыма Қанжығалы Арғын Бөгенбай пана болады, Албанның ері Ханкелді қол бастайды деп сенеді.Опасы жоқ жалған дүниеде жаным менің ерлерден артық емес деп, қалмаққа қарсы ұрандап, соғысқанын айтады. Жары Айшаға арнау айта отырып, туған жерін, бетегелі белі мен айдын шалқар көлін, аға-інілерін, кенжесі – Зейнеп, Тұңғышы Әди т.б. туыстарын айтып, сағынышын білдіреді. Одан кейін Айша анамыздың шыққан тегіне тоқталады. Сарысудан Арқа жеріне бет алған Қожаберген еліне жеткенше жол бойы осы жырды жырлап, көрген-білгенін айтып, елді бірлікке шақырып, ерлерді рухтандырып отырған.Туған-туысын, елін-жұртын, туған жерін сағынған жырау былай дейді:
- Бұл заман қай-қай заман, шұбар заман,
Қазаққа жаулар торын құрар заман.
Ертіс, Есіл, Тобылдағы туған елді,
Көретін күн болар ма есен-аман...
Жұртыма шал да болсам едім қорған,
Қарғыттым тұлпарымды терең ордан.
Қайғырып қан майданда жыр шығарған,
Керейде Қожаберген бабаң болам.
Ұрпаққа өзім өлсем атым қалсын,
Жырыма барша жұртым құлақ салсын.
«Бабамның Қожаберген дастаны» деп,
Ұмытпай кейінгі жас есіне алсын!
Иә, ғасырдан-ғасырға жеткен, қазақ халқының жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Гимніне айналған «Елім-ай» дастаны ешқашан да ұмытылмақ емес. Нақтылыққа, шындыққа жүгінген, сол кездегі көрші елдердің, ел ішіндегі жағдайлардың анық-қанығын жасырмай айтып, олардың саясатының мәнін ашып, елді көтеріңкі рухқа, бірлікке шақырған, кейбір жекелеген тұлғалардың бойындағы кемшіліктерді сынаған, ақыл айтқан бұл дастан патшалық Ресейдің, одан қалды Кеңес үкіметінің мақсат, мүддесіне сай емес еді. Сондықтан да менің ойымша жырау шығармашылығына тосқауылдар көп болды. Ол тосқауылдар әртүрлі бағытта жүргізілген. Бірақ халқымыз айтпақшы: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». Ұлы Абай атамыз айтпақшы : «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» - Қожаберген жырау, Қожаберген жыршы, Қожаберген баба халықпен мәңгі бірге жасайды.
Сыпыра жырау – қазақ пен ноғай
Базар жырау (1841-1911).
Сартай Көшкіншіұлы жырау.
Қожаберген батыр - жырау орта жүздiң Керей руынан тарайды.
Ескелді би (шамамен 1692 —1770 жж.) Әмбе жалайыр әулие атанған
Балуан Шолақ (шын аты — Нұрмағамбет)
Сүйінбайдың қырғыздың атақты айтыскер-ақыны
Балпық би (1694 —1784 жж.)
Келдібекұлы Қазыбек би - қазақтың Тәуке
Шал ақын, Тілеуке Құлекеұлы
Бұқар жырау - суырыпсалма ақын, жырау
Жәлменде Байшығашұлы (1846-1901) - би, шешен.
Шешендік сөздер жинағының сілтемесіне басыңы
Азарсың, жұртым, азарсың
БАҚЫТ ҚАЙДАН КЕЛЕСІҢ
Сыпыра жырау
Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту