Шешендік сөздер
Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырманы! Біздің сайт бұдан былай «Шешендік сөздер» айдары арқылы қазақтың бояуы қанық, бейнелі шебер тілмен айтылған шешендік сөздерінен үзінділер беріп отыратын болады. Шешендік сөздер мазмұны мен құрылысы жағынан мақал-мәтел, аңыз әңгімелер, толғаулар мен айтыстарға жақын келеді.
Жиембет Бартоғашұлы (1570-1575) жылдар шамасында туып, 1643 жылы дүниеден қайтқан). Қазақтың аса талантты жырауы, биі әрі жеңімпаз батыры. Ол Кіші жүздің Байұлы тайпасының Тана руынан шыкқан. Жиембеттің жас шағы қазіргі Батыс Қазақстан аймағының Өзен, Жем, Арал аралығындағы ауылдарда өткен. 16 жасынан хандар, билер, батырлар жанында жүріп, ел билігіне араласады. Өсе келе ол Есім ханның беделді биі әрі батыры дөрежесіне көтеріледі. Талай ұрыс, шайқастарға катысып, ерлік көрсетеді. Ханның жауынгер жасағын баскарып, жеңімпаз қолбасшы болады. Ол сонымен бірге Еңсегей бойлы Ер Есімнің кіші жүз еліндегі ең бір беделді бас биі ретінде танылады. Жиембет әсіресе 1620 жылғы Есім ханның ойрат-қалмақтармен соғысы кезінде ерекше ерлік, тапқырлық көрсетіп, шапқыншы жауды ойсырата жеңіп, бетін кайтарады.[1]. Жиембет жыраудың ересен ерлігі мен әділ де алғыр билік қызметі былай жазылған: "...Ол Есім ханның кіші жүздегі ел басқарушы биі, қолбасшы батыры болған. Қалмақтарға қарсы 1620-27 жылдарғы жорықтарға қатысып ұйымдастырушылық қабілетімен, ерлігімен көзге түскен". Сөйтіп ол үлкен абырой, беделге ие болады. Жиембет бидің Есім ханмен бұл достық қарым-қатынасы ұзаққа бармайды. Екеуінің арасында ел аралық бітімгерлік, жер дауы, жесір дауы кезінде келіспеушілік өрістей береді. Бетің бар, жүзің бар демей, турасын кесіп айтатын қайсар өжет би Есім ханның кейбір озбыр жөн-жосықсыз іс-әрекеттеріне қарсы шығады. Оның бұл мінезі ханға да жаға бермейді. Сөйтіп хан мен бидің арасы суи бастайды. Жиембет ханнан іргені аулақтатып, қол астындағы елге өзінше билік жүргізе бастайды. Мұны білген хан оның соңына түсіп, куғынға салады. Сонда бір кездесуде Жиембет жырау Есім ханға былай депті:
Еңсегей бойлы Ер Есім!
Есім сені есірткен,
Есілде менің кеңесім.
Ел білгеннен Есім хан,
Қолыңда болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін.
Ертеңгі күн болғанда,
Елің кеңес құрғанда,
Айналып ақыл табарға,
Есіктегі ебесін;
Сонда ханым не десін?!
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің.
Жиембет қайда дегенде,
Не деп жауап бересің?..
Менімен ханым ойнаспа!
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай.
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай.
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай.
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай.
Көруші едім Есім хан,
Ханымды - күнім, сізді - айымдай.
Сырым саған түзуді,
Садаққа салған бұлындай.
Жұмыскерің мен едім,
Сатып алған құлындай.
Жүруші едім аранда,
Өзіңнің інің мен ұлыңдай.
Есімде мені сүймеуің,
істетпекке қойған тілің деп.
Мен өлсем құнсыз кетер деме сен,
Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген,
Тілеуберді құлыңдай!
Тілеуберді құлың мен емес,
Менің ер екенімді көргенсің,
Әуелден бірге жүргенсің,
Дегенімді кылғансың,
Қайратымды білгенсің,
Аптықпа ханым, күңнен соң,
Сіздің естен кеткенмен,
Біздің естен кеткен жоқ.
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Соқыр бурыл байталға,
Сонда бір жайдақ мінгенсің.
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Қаланың қасы бүлгенде,
Хандар қалаға қылаған,
Сұлтандар суға сылаған.
Қаз мойынды Ханымша,
Қалада тұрып жылаған.
Тал шарбакқа мал сақтап,
Тас қалада жан сақтап,
Тасқан екен мына хан!
Қайрылып қайыр қылуға,
Қылғаның жоқ ұнаған.
Қайратым қанша қайтса да,
Мұныңа ханым, шыдаман!
Арқаға карай көшермін.
Алашыма ұран десермін,
Ат құйрығын кесермін,
Ат сауырсын берермін.
Алыста дәурен сүрермін.
Қарамасаң, ханым, қарама,
Сенсіз де күнімді көрермін.
Міне содан бері бұл толғау ел жадында сақталып, жатқа жырланып бізге жеткен. Хан мен би арасындағы сол бір келіспеушілік өрши түседі. Бұл жанжалға енді мынадай бір жесір дауы кеп жалғасады. Ол былай: Қасым ханның атасы Тәуекел өліп, оның Ақторғын дейтін әйелі жесір калады. Ақторғын өзі сұлу, келбетті, әрі ақылды болса керек. Қасым ағасының жылы өткен соң Ақторғын жеңгесін әмеңгерлікпен өзі алмақ ойда жүреді. Ал, Ақторғын болса, өзі сүйетін Жолымбет нағашысының бір батыр насат інісімен көңіл қосып жүріп, жүкті боп қалады. Мұны сезген Қасым хан енді бұрынғыдан бетер қаһарланады. Жиембеттің батыр інісі Жолымбетті қарауындағы мың сан қолымен шүршіт соғысына айдайды. Әлгі батыр жігітті зынданға салады. Жиембет биді ойрат соғысынан қолға түскен құлдарға косып, жер аудармақ болады. Хан бұйрығы бойынша Жолымбет батыр өз сарбаздарымен шығысқа аттанып, алты ай дегенде зор жеңіс, мол олжамен оралады. Жүздеген пенде-шүршітті ханға әкеп сыйға тартады. Есім хан бір жағынан Жолымбеттің бұл ерлігіне риза болса да, екіншіден іштей оған деген өшпенділігін тастамайды, қайта өршіте түседі. Бір айтыс тартыста Жолымбеттің көзін жоймақ боп оны әуелі зынданға тастатып, артынан дарға асылсын деп, жұртқа жар салады. Осы жарлықты есіткен Жиембет би дар басына жетеді, сөйтеді де анадай жерде би, батырлар ортасында тұрған Есім ханға тура барып былай деп зәрлі де, қаһарлы жырын термелейді:
Өмірің қатты, Есім хан,
Бүлік салып бұйырдың.
Басын бер деп батырдың,
Қанын ішіп канбаққа,
Жанын отқа салмаққа,
Атадан жалғыз ол емес,
Хан ие, ісің жол емес!
Жолбарыстай Жолымбет,
Құрбандыққа қол емес!
Жол тосып алып кетіпті,
Қалмақтан алмақ сыйыңды,
Қаһарыңды басқалы,
Қалың елім жиылды.
Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биіңді,
Малын салып алдыңа,
Әр саладан құйылды.
Он екі ата Байұлы,
Бір Тәңіріге сыйынды.
Жиембет жырау осылай дегенде, хан Есім райынан қайтып, дар алдында тұрған Жолымбетті босаттырып жібереді.
- Жырауым, - дейді хан Жиембетке қарап - мен өзіңді сыйлап бір өтінішіңді қабыл алдым. Енді сіз де бұрынғы райыңыздан қайтарсыз?! - Қайтпағанда ше, хан ием, - деп би екі бүктелген бұзау тісті қамшысын төсіне басып оған ризалық білдіреді. Ханның Жолымбет батырды жазадан құтқарып, оның ағасы Жиембет биді риза етуінде үлкен мән бар-тын. Жесір даулап бір батырды дарға асқанша, оның қарамағындағы қалың бұқара елді өзіне каратып, билік ауқымын бұрынғыдан да кеңейту, нығайту еді. Ол ең алдымен осыны ойлады. Егер осылай шешімге келмеген күнде, Жиембет жырау оның бұл озбырлығын бүкіл Жайық жағалауындағы елге жайып жіберуі мүмкін еді. Есім хан сөйтіп дегеніне жетеді.
Дау-дамай саябыр тауып, ел арасы мамыражай тыныштық қалыпқа келеді. Бірер жыл өткізіп алып Есім хан тағы да Жиембет бидің соңына түседі, ондағы мақсаты, Жиембет би ықпалында жүрген елдерді өзіне түгелдей каратып алып, өзінің хандық құзырын бұрынғыдан да кеңейту болатын. Оның бұл ойы Жиембет биді биліктен тайдырмайынша іске аспайтын еді. Сондықтан ол өзінің жендеттерін жұмсап Жиембетті қолға түсіреді де, оны Қиыр Шығысқа жер аудартып жібереді. Содан Жиембет би жат жерде азап шегіп күнелтеді. Бидің бұл жылдарғы хал-ақуалын бейнелейтін толғау, жырлары көп. Соның екі нұсқасын келтірейік:
Бірінші толғауы:
Басы саудың түгел - дүр,
Толған тоғай малы - дүр.
Тоқтамай соққан толағай,
Толастар мезгіл жеткей-дүр.
Керегеге ілінген,
Шабылмаған семсер тұр.
Жаудан алмай кегімді,
Есіл де өмір өткен құр.
Азап шектім аралда,
Екінші толғауы:
Қол-аяғым бұғауда,
Тарылды байтақ кең жерім!
Арманда болып барамын,
Қоштасуға аял жоқ,
Қалқаман, Шолан ерлерім!
Қайрылып кадам басарға,
Күн болар ма мен сорға!
Ханға қарсы тұрам деп.
Түн ұйқымды бөлгенмін,
Жұртымды жөнге салам деп.
Бас кессе де басылмай,
Ақ ісімді жасырмай,
Атқа мінген ер едік.
Қашырды бүйтіп елімнен,
Күйеуден безген қатындай.
Өзен, Арал жерлерім,
Қиядан қалды көрсеткен,
Төбеңе шығар күн бар ма?
Жотасы биік Дендерім,
Қайрымсыз болған хандарға,
Тиер ме екен бір күні,
Жолбарыстай шеңгелім!
Сол айдаудан Жиембет би 1643 жылы ауылына қайтып оралады. Бұл кезде Есім хан өлгенді. Ел-жұрты, ағайын-туыстары өзінің сүйікті биі, талай ел қорғаны болған батырын зор құрмет көрсетіп қарсы алады. Төбесіне көтеріп оған сый-құрмет көрсетеді. Айдау, бұғауда тапқан кесел, жарақатын жазуға көмектеседі. Бірақ жырау бұрынғыдай көсіліп жырлай алмайды. Дендеп кеткен ауру алмай қоймайды. Жетпістен асқан шағында бұл дүниемен коштасады. Біз Жиембеттің билік кызметіне қатысты сөз қозғадық, ал оның жыраулық таланты өз алдына арнайы сөз етуді кажет етеді. Жиембет жыраудың біраз толғаулары "Бес ғасыр" жинағында жарияланған.
Алдар би
Құнанбай қажы Өскенбайұлы
Жиренше шешен (туылған-өлген жылы белгісіз)
Махамбет Өтемісүлы 1804 жылы осы күнгі Орал облысының Орда ауданында
Қожаберген жырау шығармашылығындағы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама»
Сыпыра жырау – қазақ пен ноғай
Базар жырау (1841-1911).
Сартай Көшкіншіұлы жырау.
Қожаберген батыр - жырау орта жүздiң Керей руынан тарайды.
Ескелді би (шамамен 1692 —1770 жж.) Әмбе жалайыр әулие атанған
Балуан Шолақ (шын аты — Нұрмағамбет)
Сүйінбайдың қырғыздың атақты айтыскер-ақыны
Балпық би (1694 —1784 жж.)
Келдібекұлы Қазыбек би - қазақтың Тәуке
Шал ақын, Тілеуке Құлекеұлы
Бұқар жырау - суырыпсалма ақын, жырау
Жәлменде Байшығашұлы (1846-1901) - би, шешен.
Шешендік сөздер жинағының сілтемесіне басыңы
Азарсың, жұртым, азарсың
БАҚЫТ ҚАЙДАН КЕЛЕСІҢ
Сыпыра жырау
Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту