Шетел асып жатқан жәдігерлеріміздің шын бағасын білеміз бе?

Шетел асып жатқан жәдігерлеріміздің шын бағасын білеміз бе?

Мұражайдан орын бұйырған жәдігерлеріміз – мемлекеттің рухани әрі материалдық байлығы. Алайда әзірге біз ұлттық құндылықтардың материалдық құнын нақты білмегендіктен, оның рухани маңызын да екшей алмай отырған жайымыз бар. Өйткені қазіргі нарық заманында адамға бір заттың қаншалықты қымбат екенін түсіндіру үшін міндетті түрде оның бағасын айтуың керек. Айталық, «Алтын адам» 5 млн доллар тұрады екен» десең ғана жұртшылық елең етіп, бағасының не себепті осыншама қымбаттығын түсіну үшін байыбына бара бастайды. Сондықтан кең-байтақ жеріміздің асты-үстіндегі байлықтан басқа да, құндылықтарымыздың бағасын білгеніміз абзал. Алайда дәл қазіргі кезде еліміздегі мұражайларға жайғасқан жәдігерлеріміздің ешбірінің бағасы белгіленбеген. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, әзірге біз барымызды бағалай алмай отырмыз.

Қазақстанда бүгінде 150-ден астам мұражай бар. Еліміздегі ең ірі мұражай саналатын Алматы қаласындағы Орталық мұражайда қазіргі таңда 300 мыңнан астам тарихи, этнографиялық, археологиялық экспонат қойылған. Алайда осы уақытқа дейін бұлардың ешқайсының нақты бағасы белгіленбепті. Мұражай мамандарының айтуынша, кез келген экспонаттың бағасын шамамен анықтай салуға болмайды. Бұл үшін арнайы мамандар керек. Ал мамандардың жұмысына өте жоғары көлемде еңбекақы төленуі тиіс. Мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, қамқорлық жасалған жағдайда ғана жәдігерлердің бағасын анықтау іс жүзінде жүзеге аспақ. Егер жәдігер немесе тарихи-мәдени құндылық қолды болған жағдайда да, оның нақты бағасын білген артықтық етпейді. «Осындай баға жетпес асыл мұрамыз жоғалды» деп байбалам салғанда, кім құлақ асады? Ал «бәлен миллион доллардың заты жоғалды» дегенде, әңгіме басқа. Өйткені заң бойынша кез келген ұрланған немесе жоғалған мүлікке іздеу жарияланғанда, оның бағасы анық болу керек. Әрине, мұражайдан зат жоғалудың бетін ары қылсын, дегенмен қандай жағдайға да дайын болғанымыз абзал.

Құнды жәдігерлер қалай бағаланады?

Антикварлық заттарды немесе құнды жәдігерлерді бағалауда негізге алынатын басты факторлар: жәдігерлердің сақталу деңгейі, оның қай фирмаға немесе авторға тиесілі екендігі және құндылықтардың саны мен жасалған уақыты. Ал одан да, нақтырақ айтар болсақ, жәдігердің қаншалықты бағалы екендігін анықтауда оған деген ұсыныс пен сұраныстың деңгейі қатты әсер етеді. Мысалы, соңғы он бес жылда модерн стиліндегі жиһаздар өте сәнді болды да, соған сәйкес олардың бағасы да жоғары болатын, ал қазіргі кезде арт-декор стилі алдыңғы орынға шықты. Сондай-ақ жәдігерлердің түпнұсқасы өте жоғары бағаланады. Айталық, атақты суретшінің туындысы деп болжанған картинадан қарағанда, авторы нақты айқындалған картинаға қымбат тұрады екен.

Меншігімдегі жәдігерді мұражайға өткізсем, ақысы төлене ме?

Тарихи-мәдени құндылықтар туралы сөз қозғағанда тілге тиек етерлік тағы бір мәселе – мұражай қорын толықтыруда қолдан сатып алынатын заттарды бағалау. Айталық, кез келген адам күтпеген жерден құнды жәдігер тауып алды делік немесе ата-бабасынан қалған көне құнды затты мұражайға өткізуді ұйғарды. Кейде тіпті қаржыдан қысылғандықтан да кейбір адамдар қолындағы құндылықты сатуға мәжбүр. Ал мұндайда жәдігерлердің сырттан келген шетелдіктердің иелігінде кету қаупі бар. Өйткені қазіргі кезде қандай адам болса да, қолындағы тауарын кім пұл көп берсе, соған сататыны хақ. Осы орайда мұражай қызметкерлеріне біраз тер төгу керек. Өйткені қазіргі кезде халықтың санасына ұлттық құндылықтың, мұражайдың маңызын жеткізу қиынның қиыны. Әрине, халықтың көкірек көзін ашу тек мұражай қызметкерлерінің парызы емес, дегенмен жүрген жерлерінде үгіт-насихат жүргізіп, кез келген жәдігердің мұражайдан орын алуына күш салғаны жөн. Біз осы мәселені еліміздегі бірнеше мұражай қызметкерлерінен сұрап көрдік. Солардың бірі – Алматы қаласы мұражайының қызметкерлерінің аталған мәселе төңірегіндегі айтарлары төмендегідей болды: «Жақында Алматы қаласының Ұлжан елді мекенінің тұрғыны орта ғасырда жасалған қыш құмыра тауып алыпты. Ол құмыраны өз еркімен келіп, ешқандай қаржы сұрамастан, біздің мұражайға әкеп табыс етті. Мұндай жағдайлар сирек кездеседі. Ал жәдігерлерді қолдан сатып алу мәселесіне келер болсақ, мұражайда арнайы сатып алу комиссиясы құрылған. Комиссия құрамындағы мамандар тоқсанына екі рет жиналып, мұражайға түскен заттарды зерттеп, саралап, шартты түрде бағасын белгілейді. Жәдігерді сатушы комиссия мүшелері белгілеген бағаға қанағаттанған жағдайда, мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға жәдігер сатып алынып, мұражай қорын толықтырады», – дейді мұражай қызметкерлері.

Тағы бір мәселе, мемлекет қазынасынан құнды жәдігерлерді сатып алуға жылына қанша қаржы бөлінетінінде. Бұл туралы мұражай мамандарынан сұрағанымызда біраз мәселенің басы қылтиды.

Бейбітқали ҚАҚАБАЕВ, ҚР Орталық мұражай директорының орынбасары:

– Құнды жәдігерлер мен бағалы заттарды сатып алуға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы өте аз, тіпті жоқ деуге болады. Сондықтан біздің ұлттық құндылықтарымыз біртіндеп шекара асып жатқаны рас. Біз нарықтық қатынаста өмір сүріп жатқандықтан басқа мемлекеттердегі секілді ұлттық құндылықтарды тіркеп отыратын мемлекеттік арнайы ұйым қажет. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңында «музей тек мемлекеттік тіркеуде бар заттарды ғана сатып ала алады» деп көрсетілген. Ал бізде мұндай ұйым жоқ. Сондықтан бізге мемлекет қаржы бөлген күннің өзінде құндылықтарды сатып ала алмаймыз. Міне, біздегі заңда осындай қайшылықтар бар. Ал арнайы ұйым болған жағдайда, ол ұлттық маңызы бар заттардың реестрін жасап, құндылықтардың шетелге шықпауын қамтамасыз етуі керек. Сурет бола ма, антикварлық зат немесе қазақтың көне ұлттық бұйымы, әлде көркемөнер туындылары бола ма, бұлардың барлығын каталогқа енгізіліп, бағасы белгіленіп, тек мемлекеттің ішінде ғана сатып алынуын қадағалағанымыз жөн. Кеденде шетелге шығаруға тыйым салынған заттарға қатаң қадағалау жасалуы тиіс. Мен күні кеше Мәскеуге іссапармен бардым. Сонда ондағы антикварлық дүкендерге кіріп, ұнатқан заттарымның бағасын сұрасам, сатушы алдымен менен «Ресейдің азаматысыз ба?» деп сұрады. Оларда кейбір заттар тек өз азаматтарына ғана сатылады екен. Ал біздің ішкі нарықта осындай заңдылық жоқ. Егер осындай заң болса, қадағалаушы ұйым болса, біздің құнды жәдігерлеріміз музейде сақталмаған күннің өзінде, өз еліміздің ішінде жүрер еді.

Түйін
Бізге мәлім болғаны, көп жағдайда адамдар қолындағы құнды жәдігердің нақты бағасын білу мақсатында антикварлық дүкендердің қызметіне жүгінеді екен. Дүкен иелері немесе жеке коллекционерлер жәдігерлерді мұражайдағылардан жоғары бағалаған жағдайда соларға сататын көрінеді. Жекелеген сатып алушылар, құндылықтардың бағасын одан әрі еселеп, шетелдіктерге сатады. Ал мұндай жағдайда тек мемлекет және мемлекеттік заң ғана шектеу бола алады. Сондықтан жәдігерлерді бағалау мәселесін кешенді түрде қолға алып, шешу керек. Себебі қандай жәдігер болсын – жеке адамның ғана емес, жалпы ұлттың байлығы. Кешегі ата-бабамыздың қанымен, жанымен бүгінге жеткен құндылықтарымыздың, өлшеусіз еңбекпен келген өнер туындыларының бағасын білуге ұмтылайық!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста