Шетелде оқығандар шет қалмайды
Қазіргі уақытта өркениет кеңістігі кеңейген сайын білім саласында да кезек күттірмейтін күрделі өзгерістер болып жатыр. Бұл – әрине, жаңа үрдістен қалмауды талап ететін заман ағымы. Әсіресе шетелдерде білім алуға талпынған жастарымыздың саны да күн санап артып келеді. Осы орайда біз Малайзиядағы Лимкоквинг университеті магистратурасының түлегі, жуырда ғана шаңырақ көтерген КМВ Group ЖШС құрылтайшысы, Малайзия жоғары оқу орындарының Қазақстан Республикасындағы уәкілі Меруерт Бекенқызы Нұрахметпен шетелдегі білім беру саласының өзіндік ерекшеліктері және аталмыш компанияның құрылу мақсаты жөнінде сұхбаттасқан едік.
– Әңгімеміздің басын сіздердің компанияларыңыз тарапынан Малайзия еліне жастарды білім алуға жібергенде нақты қандай қолдау-көмектер көрсетілетіндігінен бастасақ.
– Егер де Малайзияға оқуға (тіл үйрену, бакалавр, магистратура, докторантура) баратын талапкерлер біздің компания арқылы құжаттарын дайындайтын болса, онда біздің тарапымыздан жан-жақты көмек көрсетіледі. Атап айтсам, оқуға барғанда сол елдің әуежайынан қарсы алу, жатақханаға немесе қалауы бойынша пәтерге орналастыру, виза ашуға көмектесу сияқты қызметтің бәрі жасалады. Яғни студент үшін шетелдегі жаңа ортаға тез бейімделуге жақсы мүмкіндік береді. Сонымен қатар біздің компаниямызда аталмыш қызметтер үшін алынатын ақы өзге компаниялармен салыстырғанда төрт-бес есе арзан. Мысалы, Малайзияға оқуға барудың тәртібін білмейтін кейбір азаматтар делдалдық қызмет атқаратын туристік фирмалардың немесе агенттіктердің қызметіне жүгініп, қыруар ақша төлеп, орынсыз шығынға бататын фактілер аз кездеспейді. Ал біздің компанияда қызмет көрсету ақысы төмен болу себебі, біз арада ешбір делдалсыз, Малайзияның жоғары оқу орындарымен тікелей байланыста жұмыс істейміз. Біздің қолымызда аталмыш мемлекеттің бірнеше жоғары оқу орындарымен жасалған келісімшарт және олардың Қазақстан Республикасындағы арнайы уәкілі болып табылатынымызды дәлелдейтін сертификаттарымыз бар.
Осы тұста айта кетейін дегенім, Малайзиядағы оқу мәселесі қызықтыратын жастар болса, мына мекенжайға хабарласуларына болады: e-mail: consult@kazmy.org немесе ұялы телефон : 8 7015156264. Алматы қаласы, Жамбыл көшесі, 111, 24-офис.
– Ал енді Малайзия елінің мемлекет ретіндегі және ондағы оқудың ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз.
– Малайзия оңтүстік-шығыс Азиядағы ақпараттық технологиясы дамыған, электрондық үкімет бағдарламасы іске қосылған, инновациялық технологияларды жетік меңгерген және экономикалық потенциалы қарышты дамып келе жатқан мемлекет болып табылады. Сонымен қатар қазіргі дағдарыс жағдайында – сыртқы қарызы жоқ бірден-бір мемлекет. Сондай-ақ экономикалық даму үлгісі біздің елімізге ұқсас. Олай дейтінім, біздің еліміздің 2030 жылға арналған стратегиялық даму бағдарламасында Сингапур мен Малайзияның экономикалық даму тәжірибесіне сүйенген тұстар бар. Бұған қоса діни ұстанымы мен менталитеті – біздің қазақ халқына жақын ислам мемлекеті. Халқының ерекшелігі – заңды қатты сыйлайды, тәртіпке үйренген ел. Ал есірткі дегенің – ол елдің қас жауы. Есірткі сатумен және таратумен айналысқан адам өлім жазасына кесіледі. Тағы да бір айта кететін ерекшелігі – басқа мемлекеттермен салыстырғанда оқу ақысы да, тұрмыс-тіршілік деңгейі де әлдеқайда арзан. Бұған қоса Малайзияның кейбір жоғары оқу орындарында тиімді қаражатпен оқу арқылы әлемге танылған Англия, Америка және Австралия мемлекеттерінің дипломын алуға болады. Сонымен қатар климаты – жыл он екі ай жаз, денсаулыққа да өте пайдалы. Біздің кеңсемізде Малайзияны толық таныстыратын қызықты кітаптар мен бірнеше журнал және альбом бар. Келген адамға есік ашық.
– Сіздің ойыңызша, шетелде оқыған студент пен отандық білім ордасында дәріс алған студенттің айырмашылығы неде деп ойлайсыз?
– Қазіргі уақытта біздің елімізде де халықаралық стандарттарға сай білім беретін жоғары оқу орындары ашылып жатыр. Олардың қатарына Астанадағы еліміздің алғашқы Президенті атындағы университетті, Қазақ-Британ университетін, сондай-ақ ҚМЭБИ-ді (КИМЭП) жатқызуға болады. Біздің еліміз үшін бұл оқу орындары әлі аздық етеді. Мен өзім КМЭБИ-дің түлегімін. Магистратураны ғана Малайзияда бітірдім. Малайзияда оқыған бір жылдан аса уақыттың ішінде ғана көп нәрсеге көзім ашылды. Атап айтсам, біріншіден, Малайзияның жоғары оқу орындарын бітіргендігі жайлы диплом әлемнің көптеген мемлекетінде мойындалады және халықаралық кадастрға енгізілген. Екіншіден, шетелде оқыған студент көргені көп, өз бетінше өмір сүруге бейім болады. Себебі оқыған кезде өз біліміне ғана сенеді. Өйткені Малайзияда емтихан кезінде тамыр-таныстыққа жол берілмейді. Үшіншіден, талай елдің студенттерімен бірге оқи жүріп, әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама дос табасың, сол арқылы төрткүл дүниенің озық жетістіктерінен, мәдениетінен және экономикасынан мол хабардар боласың. Мысалы, Жапония мен Қытай елінің қарыштап даму тарихына көз жүгіртсек, ол елдің басшылары кезінде талантты студенттерді дамыған шетелдерге оқуға жіберіп, алған білімін өз елінің экономикасын өркендетуге пайдаланған. Қытайдың ұлы реформаторы Ден Сяопиннің өзі шетелде оқып келген. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
– Малайзияда оқып жатқан қазақ студенттерінің өзіндік ортасы қалай қалыптасқан?
– Үстіміздегі жылдың тамыз айында Малайзиядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің көмегімен Малайзиядағы Қазақстан студенттерінің қауымдастығы құрылды. Бұл қауымдастықтың құрылуындағы негізгі мақсат – елімізден барған студенттерге қамқоршы болу және егеменді еліміздің жетістіктерімен Малайзиядағы түрлі дипломатиялық, сондай-ақ қоғамдық шараларға белсене қатысу арқылы өз бірлігімізді таныту. Мысалы, қауымдастық құрылған үш айдың ішінде көптеген қоғамдық шара өткізілді. Атап айтсам, Рамазан айында Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы салтанатты түрде аталып өтті және 400-ге жуық студент қатысқан ауызашар дастарқаны жайылды. Бұған қоса 9 қазанда Малайзияның әртүрлі 10 жоғары оқу орнында оқитын қазақ студенттері 10 футбол командасын құрып, өзара жарыс өткізді. Сонымен қатар, қазан айында қауымдастықтың қазақ және ағылшын тілінде мың данамен түрлі-түсті бояумен студенттерге арналған MyKaz газеті жарық көрді. Аталмыш газеттің аты «Менің Қазақстаным» және «Малайзия – Қазақстан» деген екі түрлі мағынаны білдіреді. Бұл газет еліміздің Малайзиядағы елшілігі, сол елдегі бірнеше университет басшылары тарапынан жоғары баға алды. Яғни Малайзияда оқитын студенттер бір үйдің баласындай, ауызбіршілік таныту арқылы тату-тәтті тіршілік кешіп, сапалы білім алуда. Сонымен қатар біздің компания жұмысының негізгі бір бөлігі осы қауымдастықпен байланысты.
– Малайзиядағы оқу мәселесі ағылшын тілін жетік білуге келіп тірелетіні белгілі. Сондықтан да Малайзияда оқуға ниет білдіргендер көбіне тіл мәселесінен қорқады. Осы орайда ағылшын тілін білмейтін немесе жетік меңгермеген азаматтар үшін оқудың қандай тиімді жолдары қарастырылған?
– Малайзияда ағылшын тілін үйрету бағдарламасының әдістемесі өте жоғары деңгейге көтерілген және салыстырмалы түрде алғанда тіл үйретуге төлейтін қаражат та арзан. Мысалы, біздің Алматының өзіндегі кейбір шетелдік мұғалімдер дәріс беретін тіл оқыту орталықтарында топпен оқытса, бір сағаттық қана дәріс – орта есеппен 20 АҚШ долларын, ал жеке оқытса, 30-40 АҚШ долларын құрайды. Бұл ақшаны бір айға шағатын болсақ, 1000 АҚШ долларынан асып кетеді. Ал Малайзияда болса тіл үйрету бағдарламасы күніне бес-алты сағатты құрайды. Яғни күніне бес сағаттан оқығанның өзінде айына төлейтін төлемақы орта есеппен ең арзаны – 200, ал қымбаты 500-600 доллардан аспайды. Бұл дегеніңіз, қаражат жағынан да, тілді меңгеруге кететін уақыт жағынан да өте тиімді. Тіл үйренуге деген қабілеті жоғары азаматтар бұл бағдарламаны жарты-ақ жылда меңгеріп алады. Сонымен қатар тілдік орта бар жерде кез келген тілді үйрену қиын емес.
– Әңгімеңізге рақмет!