«Шетелдегі қазақ балалары» – «Қазақстанда»
«Қазақстан» ұлттық арнасы кезекті тың тележобасын өз көрерменіне ұсынды. «Шетелдегі қазақ балалары» деп аталатын жаңа бағдарлама 13 қазан күні сағат 17:20-да тұңғыш рет эфирге шығарылды.
Ұлттық арна тілшісі Жанар Байсемізова Еуропа елдерінде болып, шетелдіктер асырап алған қазақтың жетім балаларының тағдырын зерттеп, тұрмыс-тіршілігіне қанығып қайтты.
1993 жылдың 10 мамырында Гаагада қабылданған «Балаларды қорғау және шетелдіктердің бала асырап алуын қолдау туралы» конвенция бойынша жетімдерімізді өз азаматтарымызға тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайда өзге елдің азаматтарының қамқорлығына беруге рұқсат етілген.
Осы заң негізінде шетелдіктер Қазақстаннан 8 806 жетім бала асырап алған. Олардың 6 мыңға жуығы – АҚШ-та, 725-і – Испанияда, 426-сы Бельгияда тұрады.
– Қазақстанда шетелдіктердің қазақ балаларын асырап алуы – ең көп талқыланған тақырып. Қоғам назарын аударып отырған мәселені зерттеу туралы 6 жыл ойландым. Бірақ бұл ойым тек «Қазақстан» ұлттық арнасына келгенде жүзеге асты, – дейді, – Жанар Байсемізова.
«Қазақстан» ұлттық арнасының негізгі мақсаттарының бірі – ұлттық мүддені қорғау. Шетелдегі қазақ балаларының мүддесін назарда ұстау арқылы ұлттық арна өз ұстанымына берік екенін тағы бір дәлелдеді.
«Қазақтың балалары тағдырдың жазуымен қай елдің азаматтығын алса да, ол біздің қандасымыз болып қала береді. Шетелдегі әрбір қазақ баласы өзінің Қазақстан деген отаны бар екенін біліп өсуі керек» – дейді жобаға қолдау көрсеткен корпорация басшылығы.
Ендігі кезекте аталған жоба барысында шетелдегі қазақ балаларының талайлы тағдыры туралы апта сайын арнайы жаңа бағдарлама ұсынылып отыратын болады.
«Қазақстан» телеарнасының баспасөз қызметі