Шежіре толықтырылды
Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдығы қарсаңында «Ан Арыс» баспасынан «Әдеби өмір шежіресі» атты анықтамалық жинақ жарық көрді.
Бұл кітап бұдан бұрын Жазушылар одағының 70 жылдығына орай 2005 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген жинақтың толықтырылған нұсқасы.
Бұл нұсқаға шығармашылық одақтың 1-құрылтайы мен 13-құрылтайы (1934-2009 ж.ж) аралығындағы қаламгерлердің әдеби-шығармашылық өміріндегі елеулі оқиғалар мен мерейлі мерекелер, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы тарапынан жүзеге асырылған әр алуан тақырыптағы игілікті іс-шаралар тізбегі енгізілген. Сондай-ақ осы аралықта өткен құрылтайларда жасалған баяндамаларға да орын берілген. Осынау шежірелі жинақты баспаға дайындау ісінде «Ан Арыс» баспасының бас редакторы болған, өмірден ерте кеткен талантты жазушы Талаптан Ахметжанның да өлшеусіз еңбегі бар. 671 беттен тұратын қалың жинақты құрастырғандар – Әбдәлхамит Нарымбетов, Еркін Жаппасұлы, Серікжан Қажи және Қайырниса Жұмабаева. Жауапты редакторы – Ғалым Жайлыбай.
«Айтулы шығармашылық одақтың 75 жылдық өміріндегі үлкенді-кішілі оқиғалар аса көп. Бұл шағын шежіреде сол әдеби шаралардың бәрін қамту мүмкін емес. Сондықтан шежіреде Жазушылар одағы төңірегіндегі атқарылған істердің негізгі, маңызды дегендерін қамтуды мақсат тұттық» дейді жинақты құрастырушылар.