«Социализм» сыры

«Социализм» сыры

Қазақ көркемсөзі, көркем әдебиеті қазіргі күндері көп өзгерістерді бастан кешуде. Пішіндік, яғни формалық жаңалықтарды былай қойғанда, бүгінгі оқырманды көркем әдебиеттің ішкі мазмұнының жаңалығы, ондағы ой ағымы, яғни автордың ойлау жүйесі, жазу мәнері көбірек қызықтыратынын аңғарып жүрміз. Осы тұрғы­дан келгенде философ-қаламгер Ғарифолла Есімнің «Социализм» деп аталатын көркем шығармасының әрі формалық, әрі мазмұндық жаңалығына бірден назар аудардым. Бірден көзге түсетін өзіндік авторлық дүние­та­ным, көркемдік жинақтау, тілдік құнарды айтпаған­ның өзінде, қаламгердің оқырманды өзіне еркін тартып отыратындығы, осы арқылы еркін сөйлесуге, еркін сырласуға шақыратындығы бұл еңбектің ең басты көркемдік құндылығын аңғартады.
Кітап­тың алғы сөзінде автордың: «Социа­лизм – менің тағдырым. Саналы өмірімнің дені осы романды жазуға кет­кеніне негіз бар.
Социализм – болған оқиға. Ол – со­ны­сы­­мен құнды. Социализм – мен секілді миллиондардың өмірбаяны. Ол – Қазақ елінің басынан өткен тарихы. Өткен тарих­қа да құрмет қажет.
Социализм – әділеттілікке деген ізденістен туған әлеуметтік тәжірибе. Бі­рақ теріс тәжірибе, ғылымда «теріс нәти­же де – нәтиже» деген қағида бар. Осы мәнде алсақ, социализм – әділеттілік тура­лы ізденістің нәтижесі. Жеке адамдар тағ­дырларының осы нәтижеге матаулы бол­ғаны, соның нәтижесінде сол заманда ғұм­ыр кешкен жандардың Жаратушы алдындағы күнәсін, адамдар алдындағы кінәсін романға енген естелік-хикаялар арқылы баяндауды мақсат еттім», – деп толғануы кітаптың құлақкүйіндей әсер тастайды.
Шын мәнінде, өткен тарихқа топырақ шашуға болмайды. Керек болса, әрбір пенденің басынан кешкен өмірінің өзі із-түзсіз кетпейді. Себебі, ол – адамның тағ­дыры, оның өмірдегі жүріп өткен жолы. Ал енді әрбір адам тағдырының аржағын­да қоғам тағдыры, ел тағдыры, қала бер­ді, адамзат жүріп өткен тұтас ғасырлар­дың, тарихи кезеңдердің тағдыры жатады. Осындай әлемдік ауқымдағы, жаһандық мәні бар тақырыптар жайлы автор ой толғайды.
Кешегі ХХ ғасырдың тұтас бойында мил­лиондаған адамдардың өмірін тоғыс­тырған қоғамдық-саяси жүйе, сол жүйеде өмір кешкен, тағдырдың ыстық-суығын басынан өткізген, азапқа түскен, керек болса коммунистік режимнің диірменінде тағдыры тәлкекке айналып, қан жұтқан қаншама Алаш арыстарының қайғы-қасіреті, көз жасы тарих еншісіне кетті десек те, бүгінгі ұрпақ соны білуі керек. Соларды жоқтауы керек. Әйтпесе тарихтан тағылым ала алмаймыз. Солардың тағды­ры қалайша із-түзсіз ұмытылуы мүмкін? Бірнеше ұрпақтың, бірнеше буынның дүниетанымын, қоғамдық-саяси көзқара­сын бір арнаға салып, әлем көз тіккен империя жасаған идеология қалайша бір сәтте санамыздан өшуі мүмкін. Осылайша, өткен ХХ ғасырдың тарихи тағылымын үлкен ой ауқымында қарастыратын, ой елегінен өткізетін қаламгер нақты тарихи оқиғаларға табан тірей отырып, өзіндік түйіндеулер жасайды. Қаламгер тұтас бір елдің, өз әулетінің, ата-анасының тағды­ры­нан өрбіте отырып, бір тұста балалық шағынан түйген өмір сабақтарын былайша баяндайды: «ақты қара, жақсыны жаман, әділдікті зұлымдық деп саясат жүргізген кеңес өкіметі талай жанды рухани кемтар етіп, тағдырдың табанына салды. Адам адамға қарақшы болды. Адамның Алла­дан емес, адамнан қорқуы саясат та, адам­ның адамға табынуы заңдылыққа айналды. Дүниеге «жаңа құдайлар» келіп, олар өз дағуасын құрды. «Тамұқта» өмір сүріп жатқандарға ұрпақтарың «жұмақта» болады деген ілімді мектептен бастап үлкендерге дейін жаттатты. Ақыры оның бәрі жалғанның жалған қиялы болып шықты.
Менің аталарым Есім мен Әлім дүние­ден өткелі ширек ғасыр уақыт болды. Сол кезде Есім атам айтушы еді:
– Қарақтарым, алданып қалмаңдар, бұл тәртіп ұзаққа бармас. Қызметтеріңді адал атқара беріңдер, бірақ іштеріңді бермеңдер. Тым берілмеңдер, ондайлар­дың жолы болмайды. Мен бұл сөзге нара­зы болатынмын. Қас қылғандай осы сөздерді атам жиі айтатын. Ойлайтынмын, оқымаған адам не айтпайды деп. Байқап отырсам, ол кісілер үзілмей келген ізгі дәс­түрдің, салиқалы ойдың соңғы тұяқта­ры екен. Оларды кеңес үгіті, насихаты ала алмады. Біз болсақ, мойнымызға қызыл галстукты тағып алып, «Күнсіздерге күн бол­ған» деп басталатын өлеңді жарыса жаттап жаттық».
Ғ. Есім өз шығармаларында көркемдік жинақтау арқылы ең алдымен адам тағ­ды­рын алдыңғы қатарға шығарады. Кеше ғана дәуірлеп тұрған социалистік қоғам­ның жақсылығы мен жамандығын қатар жарыстыра сөз етуі, бейнелі де құнарлы тілмен сюжеттік желілерді орнымен тауып жымдастыруы, сол оқиғаларға бүгінгі дәуір биігінен көз тастауы, аға ұрпақ бас­тан кешкен тарихи тәжірибенің сабақ­тарына ой көзімен қарауы, міне қаламгер ұсынып отырған танымдық, тағылымдық жинақтаулардың ең басты құндылығы осында жатыр.
Кітапқа енген Ғ. Есімнің қысқа новелла­ларының өзінің тақырыбы жағынан тосындығы, ой түйіндеу жағынан тартым­ды­лығы бірден көзге түседі. Адам – пенденің қарапайым тағдырын әңгімелеу арқылы автор сіз ойламаған, сіз күтпеген тұстан бой көрсетіп, ауқымды көркемдік жинақтауларға көтеріледі. Айталық, «Қы­рық қыз» новелласындағы шағын эпизод­тың өзі адам бойындағы ең бір асыл қасиеттің мәнін ашады.
Адамды жамандамау, біреуге жаман­дық ойламау, бір қарағанда, оңай дүние көрінеді. Бірақ адам-пенде сол жаман қасиеттен сақтана ала ма? Сақтана алмай­ды екен... Новелла кейіпкері К-атты қа­рия­ның бір ғана іс-әрекетінен оқиға өрбі­тетін автор шығарма соңында үлкен түйіндеу жасайды. Ол – адамға жасаған жақсылығың да, жамандығың да өзіңе бір кезде оралады деген түйіндеу. Демек, адамға жақсылық жасау мынау пәни дү­ние­де екінің бірінің қолынан келе бер­мейді екен. Әңгіме кейіпкері кейуананың бір ауыз сөзімен түйінделетін айыптау диалогы кәрі шалдың есіне соғыс жылда­ры қазақ қыздарына өз қолымен жасаған қиянатын қайта есіне түсіреді.
Ең бастысы, новелла ішінде сөз бола­тын барлық оқиғаларды, адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттерді оқырман­ның өзі таразы басына салып отырады. Автор соның барлығын астарлап жеткізіп, оқырман ойын оқиғалар арнасында еркін жетектеп отырады. Сол арқылы әркім өз биігінен, өз таным деңгейінен, өз өлшемі­мен адам қасиеттеріне төрелік айтуға мүмкіндік алады. Ғ. Есімнің қаламгер ретіндегі сөз құдіретін де, сөз құнарын да дөп басып таба білетін даралығы осынау өзіндік жазу стилінде дер едім. Автордың қолтаңба ерекшелігі де, жазу мәнері де осындайда көрінеді. Философиялық прозаның әлемдік деңгейдегі тәжірибесін ой елегінен өткізген, соның озық үлгілерін көп оқыған, еркін игерген автор ұлттық арнада өз соқпағын тапқан.
Жазушының кітапқа енген басқа фило­софиялық новеллалары да осы арнада өрбиді. Олардың тақырыптары да әр алуан. Бірақ бәріне ортақ бір көркемдік ерекшелік көзге түседі. Оның ең бастысы – автордың философиялық дүниетанымы қаламгердің рухани ізденістеріне мол мүмкіндік береді. Шексіз кеңістік ашады. Танымдық ауқымы әр қырлы, әрі әр та­рап­тағы мұндай мүмкіндіктер көркем әдебиетте шектеулі. Себебі көркемдік таным – өз шеңбері, өз аясы, өз эстети­ка­лық заңдылықтары ауқымында ғана өріс алады. Көркем әдебиеттің осы өріс ала­ңында қалып-ақ күллі ғаламдық, күллі ада­мзаттық құндылықтарға қол арту мүмкіндігіне де ие екендігін жоққа шығар­маймыз.
Ал енді көркемдік танымның жақсы мағынасындағы жаңағы мүмкіндіктерін, яғни оның қалыптасқан шеңберін бұзып шығып, автордың кең ауқымды филосо­фиялық дүниелерге қол артуы, яғни оның, қаламгердің көркемдік ойлау мүмкіндігін жаңа кеңістіктерге қарай жетелейді. Даналық ойдың мәйегі де осы тұстарда бой көрсетеді, қаламға ілігеді.
Сан ғасырларды көктей өтіп, кезең-кезеңмен адам баласының барлық буы­нына, керек болса, бүгінгі ұрпағының қолы­на да қаймағы бұзылмай жетіп отыр­ған ақыл-парасат, даналық ойлау құнды­лықтарын бағаласақ, осының барлығын тағы да бір қайтара ой елегінен өткізуге тура келеді. Қаламгер, философ-ғалым Ғарифолла Есімнің кітапқа енген «Жар жағасы» атты философиялық көркем туындысы алдымен осынау біз жоғарыда сөз еткен тосын, жаңашыл мазмұнымен өз оқырманын елең еткізетіндігін аңғар­дық.
Шынайы мазмұн сан қырлы пішінде көріне беруі мүмкін. Аталған туындыда мазмұн мен пішіннің бірлігі алдымен көзге түседі. Қаламгер әрбір ой-пікіріне, көрген-түйгеніне, яғни қағазға түсіре ал­ған дүниелерінің барлығын өз форма­сы­мен беретіндігі ұтымды көрінді. Даналық ойдың әрбір мәйегі өз қауашағында тұр­ма­са, оның алмастың қырларындай жар­қырамайтынын қаламгер жақсы білген. Білгендіктен, әрбір ой-толғамын өз өлше­мімен, өз кестесімен, өз соқпағымен қия­ла­тып, жігін тауып, оқырманына әсерлі жеткізіп отырады. Ең бастысы, көркемдік, танымдық әсері болмаған дүниенің оқыр­ман жүрегіне жетпейтінін автор жақсы сезінген.
Жазушының қысқа әңгімелер мен новеллалардың да шебері екендігін оның шығармаларындағы тосын сюжет, кейіп­кер психологиясын ұтымды аша білетіндігі, әсіресе көркемдік шешім тартымдылығы дәлелдейді. Оның шығармаларындағы қарапайым өмір көріністерінің өзі фило­софиялық астарымен оқырманды толған­дырады, тебірентеді. Мысалы, жазушының «Суық жел», «Демалыс күні» атты новел­­лаларындағы қарапайым ауыл бала­сының жан дүниесінде өтіп жататын ішкі сезім арпалысы сонау 60-70 жыл­дар­­да­ғы қазақ ауылының тұрмыс-тірші­лігін айна-қатесіз көз алдыңа елес­тетеді. Ауыл баласының өмірбаянындағы тұрмыс ауыртпашылығы, жоқшылық, аштық, алыс ағайынның жү­рек сыздатар мейірімсіздігі бала көзімен суреттелгенде тұтас бір ұр­пақ­тың тауқы­мет­ті тағдыры ойға орала­ды.
Жазушы бір сюжетті былайша түйін­дейді: «Тұрмысымыз ауыр десек, жеңіл айтқанымыз, анығында, біздер, балалар – үнемі ашпыз. Тойып тамақ ішу өте сирек, ол көбіне әкем не шешем келгенде бола­ды. Олар дорба-дорба тамақ әкелетін, ет, қоспа, май, құрт сияқты асқа бір кенеліп қалатынбыз, бірақ қуаныш қысқа бола­тын. Қар суындай тез құрғап, қайта­дан аш құрсақ қалпымызға түсетінбіз. Аштық туралы айту үшін және оны сезіну үшін адам оны өз басынан өткізбесе бол­майды. Аш болудың өз құпиясы бар, мы­са­лы, күні-бойы ашығып жүру, аш қал­пың­да ұйықтаудан жеңіл. Қарның шұрыл­дап көпке дейін дөңбекшіп ұйықтай алмай жатасың. Амал жоқ, бір кезде талықсып көзің ілінгенде түсіңе бірден енетіні – ақ нан...».
Ақ нанның қадірін білудің астарында қаншама аштық пен жоқшылыққа шыдаған, төзген ауыл баласының басынан өткерген басқа да қиямет-қайым тіршілігін автор құнарлы тілмен, тартымды оқиға­лар­мен астастыра өріп шығарады. Ең бастысы, қаламгер боямасыз шындықты, қоспасыз өмір көріністерін суреткерлік шеберлікпен бейнелей білген. Адам бо­йын­дағы асыл қасиеттердің аяусыз сынға түсетін сәттерінде бас кейіпкер – қазақтың қарадомалақ баласы өмірдің барлық ауыртпалықтарын үнемі сабыр мен ақылға жеңдіреді. Сөйте тұра өз мақсатынан бір сәтке де көз жазбайды. Үлкен арман жолында келе жатқан, қайтсем де білім алсам деп жүрген жеткіншектің үлкен­дер­ше ой тоқтатуы, ісіне берік, сөзіне мығым мінез танытуы боямасыз. Сондықтан да осынау әңгімелер өз оқырманына ой тастайды, өмір-тіршілік сырын ұқтыра­ды.
Ал енді «Тұтқын және бозбала», «Бай­сақтың сауыны», «Құла ат», «Кеш­ке дейін де ғұмыр бар», «Қырық қыз», «Ананың көз жасы», «Архат», «Тор­ғай», «Ақжауын», «Исіну», «Тұқым», «Қас-қағым», «Шай­тан­ның күлкісі», «Ене мен келін», «Неме­ре», «Бөрі», «Аңшылық», «От жалынында» тағы басқа новеллаларының көлемі бір беттен  бес бетке дейін созылады. Бұл көлемі ғана. Жалпы, қаламгер өз шығар­маларын өте нақты әрі қысқа жаза­ды. Ал олардың мазмұнында өлшем терең. Өзек­ті идея, сюжет ағыны, түйінді ой, жиылып келгенде оқырманды өмір тағылымына тереңдете­ді.
Осы новеллалардың өзінен-ақ, яғни автордың кітаптың бірінші бетіне шығар­ған басты идеясы – «Социализм» идеясы, социалистік қоғам шындығы, заман шын­ды­ғы болып ұшқындап көрініп тұрады. Социализм шындығы дегенде автор ал­ды­мен адам тағдырына соғып, адам тағдырын алдыңғы қатарға шығарады. Күллі қоғамның, тарихтың, оқиғалардың ең басты қозғаушы күші – адам, сол адам­ның басынан өтетін сан алуан тағдыр соқ­пағы шығарма ішінде үлкен көркемдік жинақтаулар арқылы оқырман жан дү­ние­сіне жол тартады.
Метафоралық түйіндеулер, көркемдік айшықтаулар қарапайым оқиғаның өзінен бастау алады да қорытындысында үлкен философиялық жинақтауларға қарай ұласады. Мысалы, осы орайда шығарма беттеріндегі мына сөздерге назар аударып көрейік: «Жар жағалап өмір сүріп жатқа­нын тек ізгі, рухы биік жандар ғана сезін­бек. Осы сана адамға бақыт емес, қайғы әкелмек. Ғұламаларға, ойлы адамға бұл жалғанда қызық жоқ дейтіні сондықтан.  Жар жағасы дегеніміз – жақсылық емес, жамандықтың нышаны. Сонда адам жа­ман­дықты бір аяғымен басып тұрып, үне­мі одан алыстауға харекет етпек, алайда жамандықтан қашып құтылу адамға бұйырмаған. Ол жамандық жағалауынан қаншама алыстап кеткісі келгенімен, жар жағасы оның соңынан бір қалмайды. Өз тағдырынан қашып әрекетке түскенімен, барған жерінен жар жағасы табыла кетеді. Жар жағалау ізгі жанның – қашып құтыл­мас Тағдыры». Жар жағалау ізгі ниеттегі жан үшін үлкен жауапкершілік екендігін автор сана ағымы астарында ишаралап отыр. Саналы адамның мұңы ешқашан таусылмайтынын мегзейді.
Ал енді «Адам Ата мен Хауа Ана» хикая­тында автор мәңгілік Ақиқатты іздеу жолында басын тауға да, тасқа да ұратын пенделердің болмысына үңіледі. Ұлы Жаратушының бейнесі көркемдік таным мен даналық онто­ло­гия арнасында ашы­лады. Бұл эсседе адам әрекетіне баға берілмейді. Керісінше, Жаратушының қолында тұрған күллі құді­реттің тылсым сыры адам әрекетімен қа­лай­ша сабақтаса­тынына қаламгер деталь­дық көріністер арқылы жақын­дайды.
Тәубе, шүкіршілік, тағдырға мойынсұну сынды адам бойындағы мінез-құлықтар­дың мәні ашылады. Жер бетіндегі тірі мақұлықтарға ырзығын, несібесін тауып беріп отырған Жаратушы құдіретіне сене­міз. Жоқтан бар жасап, барды жоқ еткен Ұлы Жаратушы тұлғасы мен адам болмысы бетпе-бет келгенде пенделердің не істей­тіні, не әрекетке баратындығы астарлы ой ағымымен жеткізіледі.
Күнәға белшесінен батқан адам-пенде жақсылықтан күдер үзбейді. Басына іс түсіп, азап бұлты үйірілгенде Жаратушыға жалбарынады. Осының барлығы филосо­фиялық ой арнасында сөз болатындықтан оқырманды ой­лан­дырады, терең тебіре­ніс­ке түсіреді. Адам тағдыры адамның өз қолында емес екендігін айқын ұғынасыз.
Жалпы, өмірдің мәні, қас-қағым сәттік адамның ғұмыры жазушының кейінгі әң­гіме, новеллаларында да басқа қырынан сан қайталанады. Өмірдің әрбір сәтінен, адам тағдырының әрбір көрінісінен алын­ған осынау шығармалардағы сюжеттердің де әрқайсысының көтеретін өз жүгі бар. Мысалы, «Кешке дейін де ғұмыр бар» әңгімесінде қас-қағым сәтте жол апатынан мерт болған жас жігіттің тағдыры өте ауыр ойларға жетелейді. Адам тағдырының мәні ашылады. Миллиондаған адамдар­дың басынан өтіп жататын осынау траге­диялы оқиғаның астарынан автор ой түйінін дәл таба алған. Ательеде шалбарын тездетіп алуға жанұшырып, асыққан боз­бала тойға жеделдете бара жатып, көлік астына құлайды. Тағдыр оны той табал­дырығына жеткізбеді. Әңгіменің аяқталуы төмендегідей: «Менің де тапсырысым даяр болмай, ательеде біршама мезгіл айналсоқтап қалдым. Мен тұратын жатақ­хана ательеге таяу болғандықтан, жаяу тарттым. Жатақханаға жете бергенде жол қиылысы шеңберінде топырласқан адам­дарға назарым түсті. «Бұл не болды екен?» деп барсам, бағанағы ательедегі аққұба бозбала жол айрығында велосипеді бір бөлек, өзі анадайда құлап жатыр. Көзіме ательеден алып шыққан шалбары оттай басылды, ол еш шашылмастан велоси­педтің артында, сол ұқыпты бүктелген қалпында. Самайы тұсынан, сірә, аққан қанға етпетінен малшынып жатыр, өмір­ден өтіп кетіпті». Аңғарған оқырман ав­тор­дың жеке әсері типтендірілгенін бай­қайды. Қысқа әңгіме көп ойларға жете­лей­ді. Көркемдік жинақтау арқылы бір адамның тағдырын көз алдыңызға алып келеді.
Ал енді, осы жинаққа енген жазушы­ның «Таңсұлу» романы көркемдік қуаты, сюжет тартымдылығы, тілі жағынан бар­лық шығармаларынан оқшау көрінеді. Бұл – философиялық тұрғыдан қарағанда өте күрделі шығарма. Автор бас кейіп­кер­дің тағдырынан тарата отырып, бір әулет­тің басынан өткен өмір шындығын тар­тым­ды, тосын, сан қилы сюжеттік оқиғалар арқылы және осыларға метафора, образ­дық ойлау арналарын іштей сабақтастыра отырып, тұтас бір ұлттың тарихи өткелдер­дегі алмағайып тіршілігін көркемдік тұр­ғыдан жинақтап, алдыңғы қатарға шыға­ра­ды.
Жалпы, Ғарифолла Есім шығармалары­ның көркемдік қуаты, стильдік көпқыр­лылығы, оның алдымен сюжет табудағы, сюжет құрудағы шеберлігінен байқалады. Өмір көріністері қаламгер үшін шикізат қана емес, өзінің философиялық ойлары­на бастайтын соқпақ іспеттес. Өз ойын жинақтап айтуға, айшықты жеткізуге әр­да­йым ұмтылатын қаламгер қарапайым адам тіршілігінің өзінен-ақ белгілі бір мазмұн-мән тауып, сол арқылы көркемдік ізденістерге қол артады. Жазушының су­рет­керлік бояуының, қаламгерлік шебер­лігінің ерекше көрінетіндігін, тақырып, дүниетаным ауқымының кең екендігін осынау дүниелердің барлығы аңғартады. Яғни адамзат басынан өткен тұтас ғасыр­дың, кешегі ХХ ғасырдың шындығын за­ма­на шындығы ретінде көркем сөзбен кестелеген туынды «Социализм» романы философ-жазушы Ғарифолла Есімнің соңғы жылдары көркем дүниелерге бір­жолата дендеп отырғандығын дәлелдейді. Қаламгердің осынау мақсат жолында көп тер төккенін, ең бастысы, сырттан тақырып іздемей, тақырыпты, сюжетті өз басынан өткен, өз тағдырында терең із қалдырған оқиғалар мен өмір көріністерінен тарқа­тып, қаламына тірек еткені терең әсер қал­дырады. Осы арқылы кейіпкерлер тағды­рына боямасыз, шынайы үңіліп, бойлап отыратындығына қуандық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста