Соғыстан жеңіске дейін
9 Мамыр – Жеңіс күні жақындаған сайын еліміздің барлық аумағында көптеген арнайы игі іс-шаралар атқарылуда. Ардагер қауымның қан майдандағы ерліктерін бүгінгі ұрпаққа паш етіп, солардың бойындағы отансүйгіштік қасиеттерді жастарға сіңіру мақсатында Алматыдағы республикалық Кітап мұражайында Ұлы Жеңістің 64 жылдығына арналған үлкен кітап көрмесі ашылды.
Көрменің ашылу салтанатында бас қосқан майдангер қаламгерлер мен оқырмандар алдында сөз сөйлеген Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Сейдәлім Тәнекеев пен Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы туралы өз естеліктерін айтты. Қаламгерлер сондай-ақ кітап мұражайына өз кітаптарын сыйға тартты.
Жеңіс күніне орайластырылған арнайы көрме төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім Ұлы Отан соғысына, екінші бөлім Қиыр Шығыстағы Дамаск аралы оқиғасының 40 жылдығына, үшінші бөлім Ауған соғысына арналған. Төртінші бөлімге «Ерлік жалғаса береді» деген айдар тағылып, онда да соғыс тақырыбына қатысты кітаптар мен құнды материалдар қойылған.
Аталған кітап көрмесінде майдангер қаламгерлер – Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықовтардың кітаптарымен қоса жас жазушылардың соғыс туралы жазған шығармаларына да кеңінен орын берілген.