СОҢҒЫ ХАНЗАДАНЫҢ ДОСЫ – саяхатшы Григорий Потанин

СОҢҒЫ ХАНЗАДАНЫҢ ДОСЫ – саяхатшы Григорий Потанин

Мені Шоқан Уәлихановтың аққан жұлдыздай айшықты ғұмыры, небәрі отыз жасында тарих, этнография, шығыстану, әдебиет, әсіресе, фольклористика, тіпті, әскери білім салаларындағы тамаша зерттеулері баурап алған жастық шағымнан оның зерделі де зиялы серіктерінің, орыс армиясының оған тілеулес басшыларының да іс-әрекеттері, шығармашылығы қызықтыратын. Осы орайда қазақтың тұңғыш ұлы ағартушысының ең әйгілі серігінің, ХІХ-ХХ ғасырлардағы орыстың атақты жиһангездерінің бірі, білгір ориенталист Григорий Потаниннің өмірі мен қызметіне бойлауды ұйғарып, ол туралы біраз зерттеулерге ден қойып едім.

Г. Потанин Шоқанмен түйдей құрдас: 1835 жылы қазіргі Павлодар қаласының іргесіндегі Ямышево бекінісінде туған. Осы елді мекенде оның әкесі Николай Ильич Потанин казак әскерлерінің хорунжийі қызметін атқарады. Әскери қызмет бабымен біздің өңіріміздегі Преснов станицасына қоныс аударғанда үйір-үйір жылқы айдап, қыруар байлыққа кенелген еді. Алайда, әскер басшыларымен қырғиқабақ болған ол сотталып, абақтыға қамалады.

Әкесі істі болып, қамауға алынғанда бес жасар Гриша шешесінен де айрылады.

Кейін Преснов станицасына казактардың жаяу әскер полкі мен атты әскер бригадасы орналасады. Бұл әскери құрылымдарды орыстанып кеткен француз бригада генералы Морис Элизен басқарып, қатардағы казак болып төмендетілген Николай Потанинге, әсіресе, оның жетім ұлына көп көмек жасайды. Соның арқасында ұғымтал Гриша Элизендердің үйінде, отағасының зайыбы қамкөңіл де жанашыр Мария Павловнадан оқып, алғашқы тәп-тәуір білім алады.

Элизендер отбасының қолдауымен әкесі 1846 жылы он бір жасар баласын Омбының әскери училищесіне оқуға береді. Осыдан кейін Сібір кадет корпусы деп аталған осынау әйгілі оқу орнына Шыңғыс Уәлиханов он бір жасар Шоқанды да оқуға алдырады.

Осы оқиғадан бастап қазақ ханзадасы Шоқан Шыңғысұлы мен казак баласы Григорий Потаниннің достығы қалыптасады. Бастапқы кездері орысшаға тым шорқақ Шоқан аз уақыттың ішінде өзінің асқан зердесінің арқасында алға озып, үздік оқушы деген Потанинді артқа тастайды.

Этнографияға, ел, жер тануға әуестігі ерте оянған Потанин Шоқаннан қазақ даласы, Құсмұрын, Сырымбет жайында сұрастырады. Қазақтардың қолданыстағы заттары, тұрағы, баспанасы, қару-жарақтары жайында білуге құмартады.

Бұдан соң олар болашағына болжау жасап, кадет корпусын тамамдаған соң Петербург университетіне оқуға түсуді ұйғарады. Бірақ өмір өз билігін жүргізіп, 1852 жылы кадет корпусын бітірген олардың жолдары екі айрылады: Шоқан Омбы генерал-губернаторы Гасфордтың адъютанты қызметіне алынса, Потанин Семейде орналасқан сегізінші Сібір казак полкіне жіберіледі.

1852 жылдың ерте көктемінде Потанин алынған казак полкіне Семейден жеті жүз шақырым жердегі Жетісудың Қапал қаласына, одан әрі Тянь-Шань сілемдеріне барып, бекіністер салуға бұйрық беріледі.

Анығында, орыс империясы басшыларының қазақ даласын уысынан шығармаудың амалымен жасап отырған осы айла-шарғысын әп-сәтте жүзеге асыру оңай шешіле қоятын мәселе еместі. Сондықтан казактардың майор Перемышельский, полковник Абакумов басқарған әскерлері Іле Алатауының етегіндегі Есік мекенінің тұсында аса қиын тиген қысты өткізеді.

Абакумовқа Потаниннің зейінділігі, білімге құмарлығы ұнап, ол жас офицерге Николай Некрасов шығаратын, өзі үзбей жаздырып алатын “Современник” журналын оқып тұруға береді. Осының арқасында Григорий Николаевич Лев Толстойдың, Иван Тургеневтің, Николай Чернышевскийдің, Николай Добролюбовтың шығармаларын ынта-ықыласпен оқиды.

Есейіп, қазақ даласының қарапайым тұрғындарының тұрмысын осы Жетісу өңірінде жүргенде жіті қадағалаған жас офицер Г. Потанин өзінің атасы Ильяның табын-табын жылқылары мен мыңдаған бас ірі қара малы оның болмашы офицерлік тапқан ақысымен құралмағанын аңғарады.

Пайдакүнем атасының қисапсыз қазынасы арам жолмен, дала көшпенділерін тонаудан, қайыршы жатақтарды арсыздықпен қанаудан құралғанын сезеді. Осы әлеуметтік теңсіздік болашақ жиһангездің жүрегін қатты қобалжытады.

1864 жылы Омбыда, одан кейін Томскіде әскери қызмет атқарған кезінде, әсіресе, Сібірде осындай ахуал алдынан шығады. Орыстың прогресшіл, зиялы адамдарының және баймырзаларының мүдделері мен мақсаттары, өмірлік танымдары мүлде қабыспайтынына көзі әбден жетеді. Егер Омбы әскерилер қаласы саналса, Томск оқымыстылар мен зиялылар қаласы аталады. Ол Томскіде орыстың көрнекті саяхатшы-археологі Николай Ядринцевпен, көсемсөзші-жазушы Вячеслав Шашковпен танысып, достасады. Осылардың ақыл-кеңесімен Потанин Зайсан көлінің төңірегін, Ертістің төменгі ағысын, Тарбағатай сілемдерін зерттеп, алғашқы саяхатын сәтті аяқтағанды.

Шашков “Сібірде өзінің университеті болуы керек!” деп ұран тастайды. Оны Г. Потанин және басқа да зиялы қауым өкілдері құптап, осы қалада Григорий Николаевичтің ұйымдастыруымен “Сібір патриотизмі” ұйымы құрылады.

Алайда, сатқын М. Катков дегеннің көрсетуімен бұл астыртын ұйымның ой-мүдделерін жергілікті полиция біліп отырады. Соның салдарынан бірнеше жас зиялылар қолға түсіп, Потанин бастаған сол үлкен топ Омбыда орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевский төрт жыл бойы азап шеккен “Өлі үй” абақтысына қамалады.

Бұл ұйымның көксеген ойы, көздеген мақсаты Омбыдағы зиялы қауымның арасына кеңінен тарап, оларға да қозғау салады. Бұлардың көздегені патша билігі айыптағандай, “Сібірді Ресейден бөліп әкету” емес, керісінше, осы өлкені өркендету, оның табиғи байлығына қоса, зияткерлік өрісін кеңейту болатын. Шоқан түгілі, осы кезде Омбыда қызмет атқарған оның әкесі Шыңғыс Уәлиханов “Сібір патриоттарына” тілеулестігін жасырмаған. Бұл орайда академик Әлкей Марғұлан “Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметі” деген очеркінде “Шыңғыстың прогресті көзқарасы, әсіресе, отставкаға шыққаннан кейін нығая түседі және ол “Сібір сепаратистерінің” саяси күресі кезінде өте айқын көрінеді. 1865 жылы “Сібір патриоттарына” деген үндеудің Омбының кадет корпусында кеңінен тарап, жайылып кетуіне және Уәлихановтың дос адамдары – Г. Потаниннің, Н. М. Ядринцевтің, Ф.Н. Усовтың және басқаларының тұтқындалуына байланысты Шыңғысқа саяси айып тағылады. “Сұлтан, полковник Шыңғыс Уәлихановтың үкіметке қарсы қылмыстық пікірлері туралы” деп аталған іс Омбының архивында сақталған.

Потанин мен Ядринцевтің және басқаларының тұтқындалуына байланысты Шыңғыс Батыс Сібір генерал-губернаторына ресми хат жолдап, тұтқындарға қолданылып отырған рақымсыз қатал жазалау шараларына және облыстық басқармадағы сорақы әділетсіздіктерге қарсы наразылық білдірген” (“Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы”, Алматы, “Жазушы”, 1985, 11-бет).

Тергеу жарты жылға созылып, соның нәтижесінде ұйымның басшысы Потанинге 15 жыл каторгада қамауда отыруға үкім шығарылады. Бірақ зымиян билік жастарға жаны ашығансып, мерзімді 5 жылға қысқартады. Сөйтіп, Г. Потанин Финляндияның Свеаборг бекінісінде ешқандай азаматтық құқығы жоқ қылмыскер ретінде қара жұмысқа жегіледі.

Ал қалған бес досы да осындай үкіммен Архангельск және Олонецк губернияларына жер аударылады.

Бірақ тағдырдың да кей уақытта бейбақтарға бетін бұратын кездері болады екен ғой. Дарынды жас офицердің бойынан болашағы зор саяхатшының тұлғасын ерте таныған орыстың аса беделді жиһангезі Петр Петрович Семенов-Тянь-Шанский оны құтқарудың амалын жасап, екінші Александр патшаға өтініш хат түсіреді. Патша даңқты саяхатшының Потанинге рақымшылық жасау жөніндегі өтінішіне қарсы тұра алмай, кесімді бес жыл мерзімінің екі жылын шынжыр бұғаулы азапта өткізген Григорий Николаевичті қамаудан босаттырады.

П.П. Семенов-Тянь-Шанский Потанинді Петербургке қоныстандырып, қаражатсыз қалған жас досын қамқорлығына алады, осында тағы бір тамаша саяхатшы Николай Михайлович Пржевальскиймен таныстырады.

Осындай қамқорлықтың арқасында Г. Потаниннің зерттеушілік, саяхатшылық қабілеті қанаттанып, ол шалғай жерлерге, қияндағы өңірлерге аяқ басуға ынталанады.

Осылайша 1876-1878 жылдары ішкі Моңғолияда саяхатта болып, Азияның осынау көне қонысындағы халықтардың этнографиясын, әлеуметтік тұрмысын зерттейді.

1879-1880 моңғол-тува, 1884-1886 жылдары Қытай-Тибет, 1892-1893 жылдары тағы да Қытай-Тибет өлкелерінде экспедиция жүргізеді.

1899 жылы Үлкен Хинган тауларын аралап, ғылымға аса құнды деректер жинап береді.

Сол жылы оның өміріндегі ең сенімді серігі, зайыбы Александра Викторовна Потанина өмірден озып, өзі жалғыз қалса да, Потанин алпыс төрт жасына қарамастан, Моңғолияға соңғы саяхатына шығады.

Потаниннің жиһангездік мұралары ол өмірден озған соң өзінің лайықты бағасын алды. Атап айтқанда, академик Владимир Обручев 1947 жылы Г. Потанин жайлы жазған монографиясында “Орыстың әйгілі саяхатшысы Николай Пржевальскийдің есімі баршаға аян. Алайда, кеңес оқырмандарының көбіне дәл сол жылдары Ішкі Азияны зерттеген және Моңғолияға, Урянхай өлкесіне, Қытайға және Тибеттің шығыс беткейіне бес рет саяхат жасаған Г.Н.Потаниннің есімі белгісіз. Ал Моңғолия мен Қытайдың табиғатын зерттеуде оның тындырғаны Пржевальскийдікінен әлдеқайда көп”, – деп турасынан түйіндеген.

Өзінің жүрегіне арман ұялаған бала күнгі досы Шоқан Уәлихановтың небәрі отыз жыл ғұмыр сүріп, 1865 жылы қайтыс болғанын естігенде Григорий Николаевич қатты күйзеліп: “Сібірдің соңғы ханзадасы” – Батыс-Сібір өлкесінің соңғы ханының баласы – аса дарынды, кейіннен жан-жақты білімдар, орыс қызметіндегі даланың дарқан офицері Шоқан Уәлиханов досым еді”, – деп қайғырға отырып, естелік жазғаны белгілі.

1905 жылы Г. Потаниннің жетпіске толуына Томск технология институтының ғылыми кеңесі оның өзіне білдірместен оқу орнының құрметті мүшесі етіп сайлайды. Алайда, Ресей империясының халық ағарту министрлігі ғалым-саяхатшыны саяси сенімсіз адам деп санап, оған бұл атақты бергізбей тастайды.

Григорий Николаевич өзінің естеліктерін 1913-1917 жылдарда Томскінің “Сібір тұрмысы” газетінің беттерінде үнемі жариялайды. Осы естеліктерінде ол өзіне етене жақын Сібір казак әскерлерінің өмірі, тұрмысы, әдет-ғұрыптары, Омбының кадет корпусында оқыған жылдары, Шоқан Уәлихановпен достығы, қамауда, айдауда және тірлігінің тыным таппай, жан баспаған соқпақтарды шарлаған жылдарында тағдыр табыстырған тамаша адамдар жайында өзіндік қаламгерлік күш-қуатпен, әдемі көркем тілмен айтып берген.

Өмірінің соңғы жылдарында көзі көрмейтін дертке шалдығады. Соның салдарынан оқи да, жаза да алмайтын халге келеді. Бірақ Томскідегі әйелдер гимназиясының география пәнінің оқытушысы Наталья Карпованың риясыз көмегінің арқасында естеліктерін осы әйелге айтып отырып, баспаға жолдаған.

Г.Н.Потанин 1920 жылдың 30 маусымында Томск қаласында қайтыс болып, сонда жерленген.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

soltustikkaz.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста