Шопен шеруі – Ақтөбеде
Поляк ұлтының мақтанышы, әйгілі композитор Фредерик Шопеннің туғанына биыл – 200 жыл. Композитор, фортепьяноның хас шебері болған музыканттың мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтпек. Сол шаралардың бір парасы Ақтөбеде өтті.
Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониядағы концертке Польшаның Қазақстандағы бас консулы Веслав Осуховски келіп, арнайы қатысты. Ақтөбелік өнерпаздар Шопен шығармаларының ең озығын орындады. Олардың шеберліктері бас консулдың өзін тәнті етті.
– Жас орындаушылардың өнері таңғалдырды. Филармония залының акустикасы да керемет екен. Шопеннің құнды туындылары қазақ сахнасында орындалғанына қуаныштымын және алғысым шексіз. Композитордың өзі болашақта осындай құрметке ие боларын білмеген шығар. Бүгінгі концерт қазақ және поляк ұлтының мәдени-рухани байланысын нығайта түсетін шара болды. Лық толған залға қарап, Ақтөбе жұртшылығының классикалық музыкаға ден қоятындығын байқадым. Әрине, бұл халық талғамының өте жоғары екендігін көрсетеді, – дейді Веслав Осуховски. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония залында камералық хор Шопен шығармаларының таңдаулыларын орындады. Оның ішінде Фредериктің әлемді мойындатқан прелюдиялары, этюдтері, ноктюрндері мен мазуркалары да бар.
Консул алдағы уақытта әр аймақтың өнерпаздарын қосып, елшілікте ұлы композитордың мерейтойына арналған концерт ұйымдастыру жоспарланып отырғандығын айтты.