Шоқан Құсмұрында емес, Қызылжарда туыпты!
Шоқан қайда дүниеге келген? Оқулықтарда қазіргі Қостанай облысына қарасты Құсмұрын бекінісінде туғаны жазылған. Бірақ кейбір ғалымдар Шоқанның кіндік қаны тамған жер – Солтүстік Қазақстан облысының Сырымбет ауылы екенін алға тартып отыр.
Соңғыларының дәлелдері де салмақты. Бұл тақырып Қызылжарда Шоқан Уәлихановтың 175 жылдық мерейтойына орайластырылып өткен ғылыми-тәжірибелік конференция да талқыланды. Конференцияда сөз сөйлеген Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Қадыржан Әбуев «той тойлағаннан гөрі, ғалымның биографиясындағы ақтаңдақтарды анықтаумен айналысқанымыз жөн еді» деген пікір білдірді.
Қадыржан ӘБУЕВ, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі:
– Шоқан Құсмұрында туды деген деректі Әлкей Марғұлан келтірген. Бірақ бұл қате. Себебі, Құсмұрын бекінісі Шоқан туғаннан кейін тоғыз жылдан кейін ғана салынған екен. Демек, ғалым онда дүниеге келуі мүмкін емес. Ал Сырымбетте туғандығы туралы тарихи мәліметтер өте көп. Бұл туралы мен Шоқанның 150 жылдық мерейтойына арналған конференцияда айтып едім, содан бері 15 жыл өтті. Ешқандай өзгеріс жоқ.
Тарихшылар Шоқанның артында ұрпағы қалуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Және ол құрт ауруынан өлді дегенге де күмәнмен қарау қажеттігін айтады. Орыс мемлекеті оны улап өлтірткен деген пікір де әлі дәлелдеуді қажет етеді. Осындай күмәнді мәселелер конференцияда көптеп көтерілді. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Саттар Мәжитовтің айтуынша, мерейтойлық шаралар Қызылордадан бастау алып, Көкшетау, Семей, Қостанай, Омбы, Алматыда жалғасып, Қызылжарда соңғы нүктесі қойылғалы отыр. Мерейтойлық шараға ғалымның ұрпағы Шота Уәлиханов, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов және Саттар Мәжитов бастаған шоқантанушылар қатысты.
Шота УӘЛИХАНОВ, ҚР Құрметті сәулетшісі, профессор:
– Шоқанға көрсетілген құрмет оның жазғандарын кітап қылып шығару болатын. Бұл әлі аяқтала қойған жоқ, бірақ 4-5 томдық еңбектері шықты. Ол өзі көп жасамаған ғой, не бары 30 жыл өмір сүрді. Уақыт алыстаған сайын, Шоқан ортамызға жақындап еніп келеді. Оның аты ешқашан ұмытылмайды.
Қызылжарға келген қонақтар ғалымның ескерткішіне гүл қойды. Одан кейін Н.Погодин атындағы театрда «Шоқан Уәлиханов» деп аталатын спектакльді тамашалады. Мерейтой Сырымбеттегі Шоқанның әжесі Айғанымның қонысында жалғасты.