«Шоқанның шері» – Қостанай төрінде
Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында «Шоқанның шері» спектаклінің премьерасы болды. Аталмыш қойылыммен театрдың Х маусымының ашылуы да қатар келді.
Қазақтың жарық жұлдызы Шоқан Уәлихановтың 175 жылдығына арналып отырған алғашқы ескерткішке пара-пар спектакль. Әйтпесе қанша айтылып келсе де, қаламызда Шоқанға арналып не бір ескерткіш бой көтеріп, не көше аты берілмеген еді. Оса мерейтой тұсында спектакльдің дүниеге келгені қуантты. Бір қызығы, премьера Ілияс Омаровтың туған күнімен тұспа-тұс келді. Жиналғандар Шоқанның шерін көріп, айта алмай кеткен зары мен мұңына құлақ түріп, бар қазақтың да мұңын көре білгендей болды.
Премьерада Шоқан өмірінің қиын шақтары, ызаға булығып, шенін жұлып тастап, күйінген кездері суреттелген. Әке қаталдығы, сол заманда бізге отан болған Ресей патшалығының өктемдігі де жеткілікті көрсетілген. Шоқанның ішке бүккен шері – бар қазақтың зіл батпан шері. Оны бір қойылыммен жеткізу – қиын дүние. Дегенмен театр әртістері шеберліктерін көрсете білді. Автор Ақылбек Шаяхметтің көп ізденгені де байқалады.