Шоу-бизнес: Кинобайқау үшін емес, көрермен үшін қызмет ететін режиссерлер қайда?

Шоу-бизнес: Кинобайқау үшін емес, көрермен үшін қызмет ететін режиссерлер қайда?

Оқушы кезде сүйікті жазушыларымыздың шығармаларын оқып отырып қиялымызда киноның кадрлары жүріп жатқандай әсерде болушы едік қой. Сол оқып жатқан әңгімеде кейіпкердің сыртқы бейнесі, ішкі сезімі, жан дүниесі, мінез-құлқы, ой-арманы суреттелетін тұстарында егер осы шығармаға кино түсірілсе, мына бір образды көрерменге қалай жеткізуге  болады деп те өзімізше бас қатырып қоятынбыз. Керісінше, бала кезімізде, «Көксерек», «Менің атым Қожа» секілді фильмдерді көргенде өзімізді киноның ішінде жүргендей әсерде болатынбыз. Ондай кезде киноны режиссер түсіретінін, ондағы кейіпкерлерді актерлер ойнайтыны ойламайсың да. Бейне бір Қожа күнде өзіңмен бірге жүрген сыныптасың секілді. Кейіннен ойлап отырсам, режиссерлық деген құдірет осы екен-ау. Ендеше «Алаш айнасы» оқырмандарымен бірлесе отырып, осы режиссерлықтың қыр-сырына үңіліп көрсек.
Режиссер – театр, кинемотография, телевидение, цирк, эстрада секілді өнер салаларының жетекшісі, ең басты шығармашылық тұлғасы. Оның негізгі міндеті музыкалық драмалық шығарманы немесе театр спектаклінің сценарийін, эстрадалық немесе цирк қойылымдарын сахналау, фильмдер қою. Соңғы жылдары режиссерлер жеке студияларда клип те түсіреді, телеарналарда телесериалдар түсірумен де айналысады.
Режисер мамандығы негізінен XIX ғасырдың орта  шенінде драма театрында пайда болған. Ол уақытта Еуропада Людвик Кронеканың «Мейнинген» театры, Парижде Андре Антуанның «Еркін театры», Берлинде Отто Браманың «Еркін сахна» теарлары көпшілікке таныла бастаған. Осы театрларда алғаш рет шығармашылық ұжымның бір адамға бағыну принципі қалыптаса бастады. Уақыт өте келе XX ғасырда кино өнерінің қанат жаюымен кинорежиссура мамандығына деген сұраныс көбейді. Жақсы  фильм түсіру үшін сапалы сценарий және дарынды актер аздық ететініне көз жете бастады. Мамандардың айтуынша, режиссура драматургиядан басталады. Драматургияның заңдылығын білмейтін режиссер мықты режиссер емес. Кинода, театрда болсын режиссер өзіне продюсер сеніп тапсырған сценарийге жан бітіруі тиіс.
Режиссер болып туыла ма? 
Режиссура – өте күрделі мамандық. Режиссер болу үшін өнердің қаншама саласынан хабарың болу керек. Тарих, мәдениет, театр, мүсін, сәулет, музыка, бейнелеу өнері сияқты өнер салаларының бәрін зерттеп, игерген адам ғана режиссураның қыр-сырын жете түсіне алады. Алайда режиссерлікті мамандық дегеннен гөрі екінің біріне қона бермейтін қабілет десек болады. Мысалы, кез келген филолог немесе журналист ақын бола алмайды ғой. Ақын болып туылады. Сол сияқты режиссерлық та тума дарын иесіне ғана бұйырған бақ.
Режиссерлер де бала болған....
Кішкене кезінде баланың әнге, есепке, спортқа деген қабілеті білініп тұрады. Ал болашақ режиссер бала кезінде қандай болады деп ойлайсыз? Болашақ режиссердің бала кезінен бір мысал келтіріп көрейік...
Қазақ әдебиеті пәні. Мұғалім тақтада 5 сынып оқушыларына М.Әуезоавтың «Көксерек» шығармасын оқып, түсіндіруде. Шығарма «Ес жиған соң жұрт көк шолақтың құлағына қарап отырып, бұрынғы кеткен Көксерек атты күшікті таныды. Құрмашты ойлап, кейбіреулердің көздерінен жас та шықты. Ауылға әкелгенде, Құрмаштың әжесі боздап келіп:  «Қуарған-ай, неңді алып ем?!.. Не жазып едім?.. Баурына салып өсіргеннен басқа не қып еді менің құлыным?!.. — деп елді тегіс еңіретіп, Көксеректі басқа тепті» деп аяқталады. Әңгімеге елітіп кеткен оқушылар тып-тыныш тыңдап отыр. Бір кезде қаршадай бала орнынан ұшып тұрып, «Көксерек» әңгімесін жазған жазушы маған ұнамай қалды», дейді күтпеген жерден. Сонда мұғалім, Алдияр, неге олай дейсің? деп сұрайды. Сонда оқушы: «Жазушы неге Құрмаштың әжесіне Көксеректің басынан тепкізеді. Одан да әжей «Көксерек-ау, Құрмаш сені жақсы көрді ғой, сен неге оны таладың?» деп оны теппей-ақ жылау керек  еді. Сонда әсерлірек болар еді деген екен.
Міне, кез келген шығармаға, фильмге, өмірдегі оқиғаларға өз көзқарасымен қарай алатын баладан болашақта мықты режиссер шығады дейді мамандар. 
Қазақ режиссурасы қалай қалыптасты?
О баста театрдан басталған әлемдік режиссураның ізімен қазақ режиссурасы да театрдан бастау алды.  Өнертану ғылымының докторы Бақыт Кәкиқызының зерттеу жұмысында қазақ режиссурасының қалыптасу кезеңдері төмендегідей көрсетіледі:
Қазақ театр режиссурасы 1915 жылы кеңес төңкерісі орнамай тұрғанда дүниеге келіп, кеңес үкіметінің алғашқы кезеңінде қалыптасты. Ж.Аймауытов қазақ топырағына еуропа үлгісіндегі театр өнерін әкелген алғашқы режиссер. Ол сахна ерекшелігін терең ұғып, алғашқылардың бірі болып пьеса жазған драматург. Режиссура өнерінің тууымен бірге, қазақ қоғамында мәдени дамудың жаңа кезеңі басталды. Қазақ режиссурасының туып, қалыптасуына ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының ролі айрықша болды. Олар әртүрлі мамандық иелері бола тұра, театр өнерінің еліміздің мәдени өмірінде атқарар жүгі мен халқымыздың рухани өркендеп өсуіне айрықша әсерін дұрыс түсініп, қазақ топырағында жаңадан дүниеге келген театр өнерінің даму бағыттарына жол сілтеді. Олар халық шығармашылығының бай мұрасын игерудің озық үлгісін көрсетті. Бұған М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», Ж.Шаниннің «Арқалық батыр кейінірек жазылған Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері-Ақтоқты» пьесалары дәлел. Аталмыш туындылар актерлік орындау өнеріне ұлттық, табиғилық бояу беріп, сахнада өмір болмысының нанымды бейнеленуіне мүмкіндік берді.
Қазақ кәсіби режиссурасының негізін қалаған Ж.Шаниннің көп салалы қызметінің маңызы зор. Пьеса жазып, спектакль қою, репертуарды жасаудан тыс актерлермен сабақ жүргізу, театрға көрермендерді ұйымдастыру, гастрольдік сапарлардың кестесін жасау тәрізді театрдың қыруар жұмысын білгірлікпен атқарды. Ж.Шанин қазақ актерлік өнерінің кәсіби бағытын қалыптастырған педагог-режиссер. Қазақ актерлерінің театрдың сахна сырын меңгеріп, кәсіби бағыт алуына орыс режиссерлері М.А.Соколовтың, Я.П.Танеевтің, И.Г.Боровтың, М.Г.Насоновтың, М.В.Соколовскийдің шығармашылық қызметтерінің біршама ықпалы тиді. Ұлттық туындылармен бірге сахнаға орыс және батыс классиктерінің, кеңес драматургиясының үздік үлгілері қойылды.
Қазақ және орыс театр мәдениетінің өзара қарым-қатынасы соғыс және соғыстан кейінгі жылдары да нығая түсті. Қоғамда үстемдік еткен идеологиялық-саяси қысымдар қазақ режиссурасына да кері әсерін тигізді. Барлық театрлар қазан төңкерісінің тарихи рөлі мен социалистік өндірісті, халықтар достығы туралы спектакльдер қоюға мәжбүр болды. Дегенмен, қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениетіне қатысты тақырыптар ұлттық классикалық және тарихи пьесалар арқылы көтеріліп халықтың ұлттық келбетін сақтап қалуға мұрындық болып отырды. 1940 жылы А.Тоқпановтың режиссурасымен қойылған М.Әуезов пен Л.Собольевтің «Абай» трагедиясы режиссурадағы жеңіс деп бағаланды.
Қазақ режиссурасы кеңестік дәуір кезеңінде ұлттық тарихи-генетикалық ойлау негіздері мен халқымыздың өзіне тән мінез ерекшеліктерін, салт дәстүрі мен тілін, ділін сақтап қалуға барынша ат салысты. Өз спектакльдері арқылы көрермендердің жүрегін тербеп, ұлттық жадымыздан айрылмауға күштерін салды.
Қазақ театрындағы елеулі кезең Ә.Мәмбетов режиссурасымен тығыз байланысты. Оның шығармашылығы белсенді қойылымдық режиссураның жаңа көркем идеясының көрінісіне айналды. Ол қазақ сахнасы жинақтаған тәжірибелерге сүйене отырып, актерлік мектептің күш-қуатын тиімді пайдалана алды. Ә.Мәмбетов қазақ театр өнерінің жаңа бағытын жасап берді.
1961-90 жылдары қазақ режиссерлері дәуір тынысын терең сезініп, күнделікті өмір талабына жауап беретін өзекті спектакльдер жасауға ұмтылды. Олар театр репертуарын кеңейте отырып, өз халқының рухы мен тарихи тәжірибесіне сәйкес келетін шығармаларды іріктеп алу ісіне баса назар аударды. Жаңа сахналық тіл мен жаңа пішіндерді дамыту жолындағы ізденістерін жалғастыра берді.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары ұлттық классикалық шығармаларды режиссерлер бүгінгі көзқараста танып-білуге ұмтылыс танытуда. Бүгінгі қоғам мен тарихи танымға үлкен әсерін тигізіп отырған ғаламдық өзгерістер мен әлеуметтік үдерістердің қазақ режиссурасына тигізген ықпалы талдаудан өткізілді. Өзге халықтардың ділін танып-білу, батыс-орыс драматургтерінің күрделі шығармаларында өздерін шыңдау үрдісі режиссурада жалғасын тапты.
Театр режиссурасының бүгінгі тынысы...
Қазіргі таңда Қазақстанда кәсіби 35 театр, оның ішінде 9 қазақ драма театры жұмыс істеді. Еліміздегі театрларда бүгінде түрлі жанрдағы қойылымдар қойылуда. Алайда қазақ театрларына сауатты драматургия, сапалы режиссура жетіспейтіні туралы жиі айтылады. Неге десеңіз, мамандардың айтуынша, дәл қазір біздің театрларға ізденімпаз, жаңашыл режиссер ауадай қажет. Алдағы күндері «Алаш айнасы» сайтынан театр режиссурасы төңірегіндегі мәселелер жөнінде белгілі режиссер Қуандық Қасымовтың сұқбатынан оқи аласыздар.
Кино және режиссура
Нағыз қазақ киносының қалыптасуы тұңғыш кәсіби режиссер Шәкен Аймановтың есімімен тығыз байланысты. Сондай-ақ М.Бегалин, С.Қожықов, А.Қарсақбаев сынды дарынды режиссерлер қазақ көрерменіне арнап кино түсірді.Өткен ғасырдың орта шенінен бастау алған қазақ кинорежиссурасы бүгінгі күнге дейін үзілмей жалғасын тауып келеді. Бұған дейін әр кезеңдегі қазақ киносының деңгейі, қазақ режиссерлерінің өресі туралы талай жазылып жүр ғой. Біздің айтпағымыз, әр заманның режиссерға қояр талабы бар. 
Соңғы жылдары «Қазақфильм» киностудиясының және жекелеген студиялардың, телеарналардың кино түсіру қарқыны ұлғайды. Бәрі бірдей сапалы, мөп-мөлдір дүние демесек те, режиссерлер іздене бастады. Бұған себеп, бүгінде кино – өнер туындысы емес, табыс көзіне айналған өндіріс нысаны. Ал кинорежиссурада әуесқой режиссер мен кәсіби режиссердың жігін ажырату көрермен үшін маңызды болмаса да, сұранысқа ие сапалы фильм шығару екеуіне де ортақ қажеттілік.
Мамандардың айтуынша, жақсы кино түсіру үшін режиссерға сапалы сценрий, шебер актерлер және қаржы керек. Қалғаны режиссердің дарыны мен ізденісіне тәуелді.
Ермек ТҰРСЫНОВ, режиссер:
– Менің негізгі мамандығым  сценарист. Бірақ мен өз фильмдерді өзім түсіремін. Бұған дейін менің сценарийім бойынша басқа режиссерлер отызға жуық фильм түсірді. Олардың арасында шетелдік режиссерлер де бар. Бірақ мен көп жағдайда менің сценарийіммен түсірілген фильмдерді көргенде өз сценарийімді танымай қаламын. Өйткені әр режиссер сценарийді өзінше қабылдайды. Сондықтан мен өз фильмдеріме өзім сценарий жазып, өзім түсіремін. Мен жалпы өзіме етене таныс, өзім білетін дүниелерді өз қалауыммен кино етіп түсіремін. Бұл менің басты қағидам. Режиссерға өз қалауымен кино түіру өте қымбатқа түседі.
Голливуд – миллиард доллар, Ресей – 100 миллион доллар, Қазақстан – миллион доллар
Жоғарыда айтқанымыздай, кино қазіргі таңда табыс табудың қайнар көзіне айналған. Бұған дәлел, соңғы жылдары елімізде коммерциялық фильмдердің қатар артты. Мұндай фильмдерді киноның майын ішкен әккі режиссерлер түсірмесе де, алғашқы қадамдары айтарлықтай сәтсіз емес. Өйткені қазақ киносының прокаттан миллион доллар табыс табуы әзірге біз үшін үлкен жетістік болып тұр. Кәсіби режиссерлыққа сатылап көтеріліп келе жатқан Ақан Сатаев пен коммерциялық фильмдерді түсіруге машықтана бастаған Баян Есентаева қазақ киносында қозғалыс жасады. Алайда біз үшін голлиудтың ауылы әлі де алыс... Неге десеңіз, сонау 50-60 жылдары Кеңес үкіметі қаржыны аямай қаруға салып жатқанда, Америка Голливудқа миллиардап қаржы құйды. Құйылған қаржының арқасында кинөндірісті жолға қойып алған голувудтық режиссерлер уақыт өте келе өздігінен табыс тауып, тіпті бір фильммен-ақ миллиардер атанып жатты. Мәселен, «Титаник» фильмінен-ақ Джеймс Камерон миллиард доллар пайда көрген екен...
Қазақстандық режиссерлер потенциалы жағынан Голливуд режиссерлерінен еш кем түспейді. Голливудтық режисерлер бізден артық туғандықтан олардың киносы шарықтап кетті деу артық. Мұны қазақ режиссерлері әлдеқашан дәлелдеген. Алысқа бармай-ақ әлемдік кино өнерінде есімі голливудтық режиссерлермен қатар аталатын Тимур Бекмамбетовтің туындылары бұл сөзімізге дәлел. Тимурдың айтуынша, қазіргі біздің қазақ киногерлерлеріне қандай да бір кино байқауына қатысу үшін немесе қырып табыс табу үшін кино түсірудің қажеті аз.
«Мен қазақстандық режиссерлер түсірген фильмдерді жібермей көріп тұруға тырысамын. Менің байқағаным, олардың көпшілігіне ортақ бір кемшілігі фильмдері қарапайым көрерменге түсініксіз. Киноны тым күрделендірудің қажеті жоқ, қарапайым болу керек. Біздің режиссерлеріміз өз қиялына ерік беремін немесе голивудқа еліктеймін деп көрерменді ұмытып кетеді.  Ең жақсы кино – баршаға түсінікті қарапайым кино», дейді режиссер. 
Иә, театрда немесе кинода болсын қарапайым көрермен «режиссер мұнымен не айтқысы келді екен» деп бас қатырмайды. Егер режиссер көрерменге өзінің айтайын дегенін жеткізгісі келсе, актердің жанына айналып, өзі ғайып болғанда ғана нәтиже шықпақ. Әрине, өнерге сын көзбен қарау оңай болғанымен, шынайы баға беру қиын. Біз бұл шолуымызда театр және кино режиссурасы жөнінде оқырманға түсінік беруге тырыстық. Ал қазақ режиссурасы түгесілмейтін тақырып.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста