Сүйінбай ақын – түркі дүниесінің рухани қазынасы
Жыр жампозы Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өтуге Алматы облыстық бюджетінен қомақты қаржы қарастырылып отыр. Бұл туралы Алматы қаласында Жазушылар одағында өткен «Сүйінбай ақын – түркі дүниесінің рухани қазынасы» атты әдеби-танымдық конференцияда Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев мәлімдеді.
Аудан әкімінің айтуынша, бүгінгі күнде ақын шығармашылығын зерттеп, мұрағат арқылы бұрын баспа бетін көрмеген өлеңдерін жинақтап жарыққа шығару, ақынның өмірі мен шығармашылығына негізделген деректі фильм түсіру және басқа да ұйымдастыру жұмыстарына 7 млн. теңге қаржы бөлінген. Мерейтой қарсаңында Қарақыстақ ауылын абаттандыру жұмыстарына тағы 3 млн. теңге жұмсалып, ақын мұражайына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сеталық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ мұражайдың күрделі жөндеу жұмыстарына 90 млн. теңге қаржы қарастырылды, 16,5 млн. теңгеге Сүйінбай Аронұлының кесенесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Ауылдық аурухана, әкімшілік ғимараттары күрделі жөндеуден өтеді. Мерейтой тартуы ретінде Қарақыстақ ауылының орталығында ақынға арналған еңселі ескерткіш бой көтеріп, ауыл ажарына көрік берер орталық саябақтың лентасы қиылмақ. Сонымен қатар ауылдың ауыз су құбырларын қайта жаңғырту, орталық көшелеріне күрделі жөндеу жүргізіп, абаттандыру сынды бірқатар игілікті істер атқарылатын болады.