Сүлейменов оқулары өтті
Кеше ҚР Білім министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты аса көрнекті қазақстандық шығыстанушы-ғалым Рамазан Бимашұлы Сүлейменовтің
80 жылдық мерейтойына арналған «Сүлейменов оқуларын» өткізді. Жиынға шығыстанушылар, тарихшылар қатысты.
Басқосуға жиналған ғалымдар Қазақстандағы қоғамдық ғылымдардың жағдайына тоқталды. Экономика ғылымының докторы, профессор Оразалы Сәбден: «Қытай секілді дербес елдер қоғамдық ғылымдарды арнайы институттарға шоғырландырған. Олар қоғамдық ғылымдардың идеологиялық құрал бола алатынын жақсы түсінеді», – деді. Сол секілді шығыстанушы-ғалым Рамазан Сүлейменовтің мәдениет, тарих, халықаралық байланыстар, саясат тақырыбында жазған еңбектерін ғалымдар баяндамаларында атап өтті. Оқулар барысында соңғы жылдары Шығыстану институты қызметкерлерінің зерттеулері арқасында табылған тың жаңалықтар мен материалдардың тұсаукесері өтті. Шығыстану институты директорының орынбасары Әшірбек Мүминов: «Рамазан Сүлейменов 1992 жылы қайтыс болды. Тәуелсіздіктен кейінгі зерттеулерді арқалап келген зерттеушілер бүгін шығыстану ғылымының бүгіні мен болашағын талқылады. Оған қоса екі көрме ұйымдастырылды. Көрмеде «Қазақстан: шығыстану ғылымы», «Мәдени мұра» сериялары мен Шығыстану институты қызметкерлері монографиялары таныстырылды».
Дерек
Рамазан Бимашұлы Сүлейменов – танымал тарихшы, мәдениет мәселелерін зерттеуші, шығыстанушы, қазір өзінің атымен аталатын Шығыстану институтының негізін қалаушы. Еліміздің тарих және шығыстану ғылымының дамуына зор үлес қосқан аса көрнекті ғалым, XX ғасырдағы қазақ зиялыларының ортасынан шыққан тарихшы-ғалымдардың үшінші буынына жататын тұлға. Ол кісінің авторлығымен 100-ден астам кітаптар, мақалалар мен рецензиялар дайындалды. Олардың ішінде «XVIII ғасырдағы Қазақстан тарихынан (Абылай хан)», «Темірбек Жүргенов», «Ш. Уәлиханов – шығыстанушы» және т.б. еңбектері қазақ ғылымының дамуына өз үлесін қосып келеді.