Сұлулықтың бір синонимі – музыка...
Ғылым-білім, жаңа технология тұрғысынан алғанда, өзгелерден оқ бойы озық тұрған Жапонияның жалпы білім беретін мектептерінде музыка пәні бойынша қосымша курстар міндетті бағдарлама ретінде енгізілген. Соның негізінде Күншығыс елінің балаларына ең болмағанда бір аспапта ойнап үйрену міндеттелген...
Мамандардың бұл реттегі пікірі «музыкалық аспапты игеру баланы көп нәрсеге баулып, жан-жақты дамытады. Жасөспірімнің әртүрлі стресс жағдайлары мен олардың салдарларына қарсы тұра алу қабілеті артады. Музыканың тіпті бала жан-жүрегіндегі әлдебір туа біткен жарақаттарды емдейтін де қасиеті зор» дегенге саяды. Қалай болғанда да, жалпы, музыканың жасөспірім жандүниесін байытып, сұлулықты көре білуге және түсінуге тәрбиелейтіндігі анық. Сондықтан да болар, баяғыда өз елімізде де музыкаға, өнерге айтарлықтай мән берілетін. Оқушылардың көктем сайын өтетін аудандық, облыстық өнер байқауларына бүкіл мектеп болып қыстай дайындалатын. Концерттік бағдарламаның неғұрлым жан-жақты болуы қарастырылып, хор, вокал, жеке орындаушылар, би, мәнерлеп оқу, аспаптық музыканы жеке және оркестрмен орындау деген сияқты нөмірлердің түгел қамтылуына күш салынатын. Енді ойлап отырсақ, сондағы мақсат – екінің бәрін әртіс қып шығару емес екен. Яғни мектептегі сол хор, вокал, оркестр дегеннің бәрі балалардың өнерге талабын ұштап қана қоймай, оларды бұйығылық, оқшаулану іспетті жағымсыз әдеттерден арылта отырып, ортаға үйретіп, еркіндікке, өзара бауырмалдылыққа баулу мақсатынан туындаған. Бүгінде сол жақсы үрдіс үзіліп қалды. Әр кезеңдерде балалардың түрлі байқауларын ұйымдастырып, үзіп-жұлып бірдеңе өткізіп жүргеніміз болмаса, жүйелі ештеңе жоқ. Мектептердегі музыка пәні бастауышпен бітеді. Бірқатар білім ұяларында домбыра үйірмелері бар, әрине. Бірақ ата-аналардың көпшілігі оқу бағдарламасының қиындығынан онсыз да титықтап жүрген перзенттерінің алтын уақытын «артық жүктемеге» сарп еткісі келмейді. Өйткені музыка пәнінің қосымша курстары бізде жоғарыда айтылған Күншығыс еліндегідей міндетті емес.
Соның салдарынан қоғамымызды музыкалық сауатсыздық жайлап барады. Аға буын болмаса, бүгінгі балалар ертеректегі Құрманғазы, Тәттімбет, Ақан сері, Біржан салдар түгіл, тіпті Шәмші, Әсет, Әбілахат, Нұрғиса сынды күні кеше ғана бүкіл қазақты әнімен, күйімен әлдилеген айтулы ағаларының кім екенінен, қандай мұралар қалдырғанынан хабарсыз. Осы жерде «бүкіл білім жүйесін реформалай отырып, музыка пәнін оқытудың да жаңа методикасын енгізсе...» деп еріксіз ойлайсың. Әсіресе, бастауыш сыныптарда балаға гуманитарлық білім беруге көбірек ден қойылуы тиіс екендігін мамандар айтып та, жазып та жүр. Яғни әуел бастан ой-қиялын ұштап, дүниетанымын кеңейткен жағдайда бала жандүниесі бай, жан-жақты азамат болып қалыптасады.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, «математика – логикаға, ал музыка бәріне үйретеді» деп есептейтін жапондықтардың елдің ертеңгі болашағына бүгіннен қам жасауды мұрат тұтып отырғанын аңғару қиын емес. Ұлттық идея жөніндегі жалаң ұранмен, болмаса, түрлі жобалармен мәдениетті қалыптастыру мүмкін емес. Мәдениетті адам моделі сұлулықты сезіне білу арқылы негізделеді. Ал сұлулықтың бір синонимі – музыка...