Суреткер-ғалым тұлғасы әлі де терең зерттеуді қажет етеді
Бүгін – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туған күні. Осыған орай, Алматыдағы әдеби орта мен зиялы қауым өкілдері ұлы жазушының туған күні қарсаңында жылдағы дәстүр бойынша «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығына жиналып, «Әуезов оқуларын» тыңдады. Алқалы жиында жазушы шығармашылығы жан-жақты сараланып, кезең-кезеңі, жанр-жанры бойынша әңгімеленді. Қаламгердің алғашқы туындыларындағы ұлттық өмір шындығынан бастап, батырлар жыры, театр өнері, әдебиеттану ғылымы тұрғысындағы өміршең ойлары бүгінгі зерттеушілердің сараптауында тағы бір рет сүзгіден өткізілді. Жиында сөз алған әдебиетшілердің Алаштың айтулы қаламгеріне қатысты ой-пікірі төмендегідей бағытта сабақталды:
Дияр ҚОНАЕВ, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры:
– Мұхтар Омарханұлының ғылыми еңбектері революцияға дейінгі қазақ әдебиеті тарихы мен фольклорының, сондай-ақ Еуропа мен Азия халықтары әдебиеттері байланысының маңызды мәселелерін қозғайды. Мұхтар Омарханұлының қазақ әдебиеті тарихы мәселелеріне байланысты ғылыми қызығушылығы орта арнаулы және жоғары оқу орындары үшін осы тұрғыда оқулық жазудан басталды. Сөйтіп, тарихымызда тұңғыш рет ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің негізгі жанрларына ғылыми анықтама беріліп, шығармалары оқып-үйренілуге тиісті ақын-жыраулар ортасы айқындалды, қазақтың әдебиеттану ғылымының негізгі бағыт-бағдары нақтылана түсті. Осының барлығы болашақтағы ұлттық әдебиеттану ғылымының жолға түсуіне іргетас болып қаланды. Сонымен қатар Мұхтар Әуезов қазақ әдебиеттану ғылымының мүлде жаңа саласы – Абайтанудың да негізін салушы болып табылады. Бұл ретте, ол өзінің 30 жылдан астам ғұмырын қазақтың бас ақынының өмірін, әдеби мұрасын зерттеуге сарп етті. Осының нәтижесінде сонау 30-жылдардың ішінде-ақ Абайдың ғылыми түрде негізделген өмірбаяны мен шығармаларының толық басылымы әуелде – бір, артынша екі том болып жарық көрді. Сондай-ақ Абай шығармаларының орыс тілінде алғаш рет 1940 жылы Мәскеуден шығуы да М.Әуезовтің басшылығымен жүзеге асты.
Ұлы суреткер ғана емес, үлкен ғалым, теңдессіз аудармашы ретінде де, Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл Орта Азия әдебиетінің дамуына зор үлес қосты. Оның шығармашылық тұлғасының бірегейлігі – жазушы болмысында суреткерлік пен ғалымдықтың қатар өріліп жатуымен сипатталса керек. Жалпы, Мұхтар Әуезовтің қазақ фольклоры мен әдебиеті тарихын зерттеуге, ұлттық сананы қалыптастыру мен халықтың рухани мүддесін айқындау қозғалысына қосқан үлесінің тарихи маңызына баса назар аударған абзал.
Ұ.ЕРКІНБАЕВ, әдебиеттанушы:
– М.Әуезовтің алғашқы әңгімелеріне, оның ішінде «Көксерекке» қатысты бүгінгі зерттеулер көбінесе шарттылыққа құрылып жүр. Яғни бұл орайдағы ұйғарымның бәрі «аң мен адамның арпалысы», «тағы тағылығын істейді» дегенге саяды. Негізінде, Көксерек – архитектоникалық құндылық. Онда өрлік мотиві, қазақтың прототипі бар. Сол себепті де «Көксерек» – барынша зерттеуді қажет ететін туынды.
А.ТЫЛАХМЕТОВА, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері:
– Қазақ театрына шын жаны ашыған адамның бірі де, бірегейі де – Мұхтар Әуезов. Ұлы жазушы әлем театрларының тарихы мен тәжірибесін зерттей отырып, олардың үздік үрдістерін қазақ театр өнеріне алып келді. Оның сахна өнеріне қатысты пікірлері, мақалалары театртанушы ғалымдар тарапынан қарастырылған, бірақ әлі де жете көңіл бөліне қойған жоқ. Мысалы, М.Әуезовтің «Сахналық қойылымда домбыраны ғана қанағат тұтпай, қобыз бен сыбызғының үнін қайта тауып алу керек. Қобыз бен сыбызғыда сар даланың үні жатыр» дегені бар. Өкінішке қарай, осы пікір ескерілмей жүр. Сонымен бірге жазушының аударма пьесалармен шындап айналысу, интеллектуалды театр өнерін жандандыру тұрғысындағы ойларының да өз маңызын әлі жоймағаны анық.