Суретшілер отбасының көрмесі
Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық мұражайында белгілі суретші Рыстан Өмірзақтың «Атамекен» атты сурет көрмесінің ашылуы болды. Көрмеге суретші мен оның отбасы мүшелерінің 60-тан астам туындылары қойылған.
Ұлттық құндылықтарымызды қазақы нақышта бейнелеп жүрген қылқалам шебері Рыстан Өмірзақтың туындылары терең философиялық мазмұнға құралған. Ол сондай-ақ еуропалық біліммен сусындағын санаулы қазақ суретшілерінің бірі.
Өнертану саласы білгірлерінің айтуы бойынша оның салған оюлары өткен замандардағы нұсқалардан бөлек, жаңаша сипатқа ие. Осы ретте Рыстан Өмірзақов әлемге әйгілі Пикассо, Матисса туындыларының түпнұсқаларын зерттеу арқылы өзі де жазық кенепке ерекше ізденістер енгізу мүмкіндігін меңгерген өнер шебері деуге болады. Өзінің қолтаңбасын айшықтау үшін суретші тектік белгілер ретінде тау тастарына салынған көне суреттерді жиі пайдаланады.
Суретшінің бір ерекшелігі, көне дүние мен қазіргі заманғы ұғымдарды өзара байланыстырып, айтар ойын ұлттық ою-өрнектер арқылы жеткізуге тырысады. Аталған көрмеге сондай-ақ суретшінің жары Кәлемхан Рахметбай, дарынды қыздары, көптеген халықаралық байқаулардың қатысушысы Айнұр мен Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанған Гүлназымның да бірнеше туындылары қойылған.
Мұнда жекелеген еңбектерімен қатар, суретшінің жарымен бірлесіп салған суреттері мен кестелері де көрген көзді сүйсіндірмей қоймасы анық. Мамандар көрмедегі тың тақырыптағы ерекше туындыларды тиісінше бағалап, ұлттық бейнелеу өнеріне жаңа даму үрдісі келе жатқанын атап өтті.
Отбасылық сурет көрмесі алдағы 14 ақпанға дейін жалғасады.