Суретшілер табиғатпен сырласуды қойды
Тоққожа Мұқажанұлы, «Дарын» сыйлығының иегері, суретші, педагогика ғылымының докторы, профессор:
Бейнелеу – ерте кезден ата-бабамыздың қолөнерінен тамыр алған, тарихымызбен біте қайнасқан өнер. Алғашқы дизайнерлік шешімдердің тұрмыста қолданылуы біздің ұлы шеберлерімізден бастау алды десек, артық айтқанымыз емес. Кезінде қазақтың тума талант суретшісі Әбілхан Қастеевтен «сурет салуды қайдан үйрендің?» дегенде, ол «ешкінің мүйізінен, әжемнің киізінен, таудың жотасынан үйрендім» деген екен. Ал бейнелеу өнерінің бүгінгі жай-күйі қандай? Осы бір әсем өнерден өз ұлттық бояуымыз көрініс бере ме? Ойымызды мазалаған осындай бірнеше сұрағымызды Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші Тоққожа Мұқажанұлына қойған едік.
– Тоққожа Мұқажанұлы, еліміздегі бейнелеу өнерінің кешегісі мен бүгініне маман ретіндегі көзқарасыңыз...
– Қазақстандағы бейнелеу өнері еліміз егемендік алғаннан кейін басқа да өнер салалары сияқты белгілі бір қиындықтарды бастан өткерді, аздап тұралап та қалды. Екінші жағынан, суретшілер үшін шетелге есік ашылды, Еуропа, Азия елдерімен байланыс орнады. Бұрындары суретшілердің картиналарын тек мемлекет көрмеге қоюға сатып алатын, ал кейіннен суретшілер картиналарын шетелдерге сатып, өздерінің материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік туды. Ал шығармашылықта бейнелеу өнерінде түрлі бағыттар пайда болды. Алайда мұның кері әсері де жоқ емес еді. Біздің суретшілеріміз кәсіби қалыптасқан дүниеге қарағанда, жеңілдікке, астарсыз әдемілікке бой ұрып кетті. Пісіп-жетілмеген жұмыстар көбейіп, суретшілеріміз күнкөрістің қамы үшін суретті жылдам салып, өткізгенше асығатын болды. Сондай-ақ екінің бірі ақшасына сүйеніп жеке көрмелерін өткізіп жатады. Ал бұрын көрмеге тек қатал сыннан өткен, бейнелеу өнерінің талаптарына жауап беретін суретшінің шығармалары ғана өтетін. Яғни суретшілерге қойылған талаппен қоса, олардың өз жауапкершіліктері төмендеді. Суретші өзінің салған картинасын кәсіби әріптестері, қарапайым халық қалай қабылдайды деген үлкен жауапкершілікті сезінбейтін секілді. Ең бастысы, әр суретші өзінің салған суретінің өз ұлтының келбеті екенін сезінгені абзал. Қазіргі суретшілердің көпшілігі бірыңғай әдемілікке ұмтылады, бірақ бұл керемет болып көрінгенімен, жоғары деңгейдегі өнер туындысы болмағандықтан, тез жалықтырады. Бояу айтар ойға қызмет етіп, үйлесімді болуы керек.
– Ертеректе тұрмыста пайдаланылған ер-тұрман, сырмақ пен текемет, сандық пен кебеже өнердің нағыз өресі – бейнелеу өнерінің туындылары болғанын байқаймыз. Қазіргі бейнелеу өнерінен өзіміздің қазақы ұлттық бояуымыз көрінбей кеткендей ме, қалай?
– Рас. Бейнелеу өнері кәсіби түрде кеш дамыды дегенмен, бұл өнердің түп-тамыры тереңде. Ата-бабаларымыздың тұрмыста пайдаланған откиізі, алаша, текеметіндегі ою-өрнектер, бояулардың әдемі үйлесімділігі – біздің бейнелеу өнердегі ұлттық ерекшелігіміз. Қазақ бейнелеу өнерінің өткен ғасырдың 50-60-жылдары өзіндік ұлттық қолтаңбасы қалыптасты. Бұл – біздің ұлттық өнеріміздің темірқазығы. Өнер деген – ұлттың ұйып отыруы. Сондықтан басқа елдермен тереземіз тең болып, өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалғымыз келсе, өткенімізді зерттеп, тың тақырыптарға қалам тартуымыз қажет. Тақырып көп, ешқашан түгесілмейді. Кешегі би-шешендерімізді, батырларымызды, ою-өрнектеріміздің философиясын зерттесек, осылардың барлығы ірі-ірі жұмыстарды өмірге әкелуге мұрындық болары хақ. Ескіні ала отырып, болашақпен байланысты үзіп алмасақ болғаны. Сонда ғана біз дүниежүзілік мәдениетке өзіміздің үлесімізді қоса аламыз.
– Сіз болашақ қазақ суретшілерін, бейнелеу өнерінің мамандарын даярлайтын қара шаңырақта ұзақ жылдар қызмет етіп келесіз. Біздің елдегі оқу жүйесінде бейнелеу өнері қаншалықты маңызға ие?
– Қазіргі кезде осы бір мәселе мені қатты толғандырады. Неге десеңіз, жылына біздің факультетке 10-15 талапкер суретші боламын деп талпынып келгенімен, олардың екі-үшеуінен ғана суретші шығады да, қалғаны басқа салаға кетіп қалады. Демек, біз балалардың сезімін өлтіріп алып жатырмыз. Суретшілікке қызығып, құлшынып келген баланың ішкі дүниесіне үңілмей, тек шеберлігін арттырамыз деп, олардың арманына балта шауып жатқандаймыз. Тапжылтпай отырғызып қойып, түрлі жанрлардағы композицияларды көшіртеміз. Ал суретші барлық саладан хабары бар, әдебиетке қанық, өзіндік дүниетанымы бар адам болуы керек емес пе? Міне, біз осыны ескере алмай жатырмыз. Қарапайым ғана мақал-мәтелді, ертегілерді оқымаған бала қандай суретші, ұлттың патриоты болуы мүмкін? Екінші бір жағы, талант табиғаттан беріледі. Қарап отырсаңыз, кез келген бала кішкентай кезінде қолына қалам ала салып, алдымен жазу емес, сурет салады. Кейіннен суретке құштар бала басқа баланың өзінен жақсырақ салатынын көргенде, оның құлшынысы азаяды. Мені тағы бір қынжылтатын жайт, мектепте бейнелеу пәнінің бейшара күй кешуі. Математика мен физикаға сағат жетпей жатса, бейнелеудің орнына өткізе салады. Айтайын дегенім, бейнелеу пәнін өзіміз менсінбей отырсақ, бізден қайдан мықты суретші шықсын? Тіпті мықты суретші шықпаған күнде де, егер бейнелеу пәнінің маңызы зор болса, біздің балаларымыз әсемдікке құмар, талғампаз, сыршыл сезімді болып өсер еді. Көру диапазондары кеңейіп, қиялдары өрістейді. Сондықтан оқу жүйесінде кешенді бағдарлама жасалып, мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындары бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасауы керек.
Компьютерлік техника суретшінің ішкі сезімін бере алмайды
Қазіргі кезде компьютерді бейнелеу өнерінде пайдалану өнерге сәл салқынын тигізіп отыр. Өйткені техника суретшінің ішкі сезімін бере алмайды. Суретшілеріміз табиғатпен сырласуды қойды, пейзажды табиғатпен тілдеспей, компьютердегі бер жағы әсем картиналардан көшіру көбейді. Сонымен қатар бақуатты адамдардың үйіне қою үшін арнайы тапсырыспен салынатын картиналар көбейді. Суретшілер қауымы өз қиялына қарағанда, біреудің талабының шеңберінен аса алмайтын дәрежеде қалды.
Барлық өнердің басын қосатын бағыт қажет
Қазір суретшілер қауымы тек ірі мемлекеттік тапсырыстар келгенде ғана ойға алынады. Басқа кезде мемлекет тарапынан суретшілерге деген қамқорлық жоқ, бейнелеу өнеріне дұрыс ден қойылмайды. Сондықтан, меніңше, барлық өнердің басын қосатын бір бағыт аса қажет. Өнерді бір-бірінен бөліп-жармай, кешенді дамытсақ, ешқандай сала кенже қалмайды. Сонымен қатар қазіргі заман ағымына сай насихат, ақпараттық қолдау, өнерді дәріптеудің дұрыс жүйесі қалыптасса, болашақта қазақ бейнелеу өнерінің де заманы туары хақ.