Суып барып, жылып қайтқан
Мұқағали – бар қазаққа ортақ жан. Ол қазақ жерін батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік деп алаламады, бірдей сүйді. Мұны қазақ ақын-жазушылары ат басын сирек бұратын Қызылжарға келген сапарынан да аңғарамыз. Қазағы аз қаланы жатсынбай, бірнеше күн болып, шығармашылықпен айналысқан.
Ақынның теріскейдегі шаһарға сапары жайлы жергілікті ақын Мүтәллап Қанғожин былай еске алады:
– 1974 жылдың жазы. Күнделікті күйбеңмен жұмыс бөлмесінде отыр едім, телефон шылдыр етті. Трубканы көтерсем – ар жағынан гүрілдеген біреу мені сұрайды. «Мен Мұқағалимын. Осындағы қонақүйде ауырып жатырмын. Тез жет», – деді. Көп ойланатын уақыт жоқ. Мұқаңа дереу медициналық көмек керек. Бауырына жағатын тамақ әзірлеу қажет. Мұқаң үйіме де, ауруханаға да баруға қарсы болды. Қалалық, облыстық дәрігерлер ем-домын қонақүйде жасады. Әйтеуір, үш тәулік дегенде ақын ағаны аяғынан бастырдық-ау.
Мұқаң осы сапары барысында облыстық телеарнаға бірнеше сұхбат берді. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы тұңғыш рет облыстық «Ленин туы» газетінде жарық көрген екен. Мүтәллап Қанғожиннің айтуынша, Алматыдан ренжіп келіп, ауырып қалған ақын Қызылжардан жаңа леп алып қайтқанға ұқсайды. Мұны мынау өлеңінен де аңғаруға болады:
Сән түзеген Есілдің өңірінде,
Ақ қайыңдар әлі тұр көңілімде.
Ерекше еді ол жердің көлі мүлде,
Ерекше еді ол жердің елі мүлде.
Ерекше орын алып жүр көңілімде.
Суып барғам, суытқан қылықтардан
Жылып қайтып кеткен ем,
(суып барғам)...