Шығармаларына 4 ғасырдың кейіпкерлерін арқау еткен халық жазушысының кеші өтті
Алматыда 23 мамырда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділовтың 80 жасқа толуына арналған мерейтойлық кеші өтті.
«Мен таза көркем әдебиеттен 10 роман, 21 повесть, 70-тен астам әңгіме жаздым. Онда 4 ғасыр қамтылған. Олардың қамтыған уақыт ауқымы 18-21 ғасырлар. Кейіпкерлерім де осал емес: Абылай хан, Әбілқайыр хан, Кенесары хан, Ресейдің патшайымдары, Қытайдың императорлары, Жоңғардың хандары мен қоңтайшылары, Қоқанның бектері, Қырғыздың манаптары. Осылардың бәрі қамтылған менің шығармаларымда», – деді Қ.Жұмаділов.
Мерейтой иесін құттықтаған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев: «Бұл тек Қазақстанның ғана емес дүниежүзіндегі бүкіл қазақтың тойы. Өйткені Қабдеш Жұмаділовтың кейіпкерлерінің ұрпағы жан-жақта жүр. Ол оқырманы көп және халқы қадірлеп, құттықтап жатқан бақытты жазушы. Бұл тойдың жоғары деңгейде атап өтілуі шетелдегі қазақтардың елге оралуға деген ынтасын арттырады», – дегенді айтты.
Қаламгердің кешіне ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Мәдениет және спорт министрі және тағы басқа да құзырлы мемлекеттік органдардың басшылары құттықтау хат жолдады. Ал күйші Еркін Ерген мен «Салтанат» би ансамбі, «Сазген сазы» ансамблі және әншілер Құрменбек пен Риза Әлімғазы, Сәуле Жанпейісова, Тілеубек Қожанұлы, Майра Ілиясова, Мәдина Сәдуақасова өз өнерлерін көрсетіп, жиылған халықтың көңілін көтерді.