Шығармашылық бәйгелер қаламгерді ширата ма?

Шығармашылық бәйгелер қаламгерді ширата ма?

Жалпы өнер саласында түрлі бәйгелер мен сыйлықтар баршылық. Негізінде, сыйлық, бәйге атаулының барлығының да түптеп келгендегі жалғыз мақсаты – өнердің дамуына ықпал ету, өнерпазды ынталандыру, материалдық тұрғыда қолдау болса керек-ті. Бірақ сол мақсат қаншалықты орындалуда?
Өнердің барлық саласы жайында айтатын болсақ, сөзіміз біразға созылады. Сондықтан әр тарапты бір шалмай, әңгімені әдебиеттің айналасында қозғап көрелік.
Бірінші әртүрлі тақырыптардағы жыр мүшәйралары турасында айтайық. Ақын­дар­дың арасында «мүшәйра классика тудырмайды» деген сөз көп айтылады. Де­мек, бұл – мойындалған шындық, дәлел­­­деуді қажет етпейтін аксиома. Мүшәйраға келіп түскен өлеңдер бір-бірімен деңгейлес дүниелер болып жатады көбіне. Егер бұған көз жеткізгіңіз келсе кез келген мүшәйрада әртүрлі орын алған шығармаларды  қарап шығуыңызға болады. Айтары да, көркемдігі де бір-бірімен  шамалы екенін байқайсыз. Бірақ шығармалар шартты түр­де бірінші, екінші, үшінші орындарға ла­йық­талып жатады. Сіз үшін бас жүлде алған шығарма мен ынталандыру сыйлығын алған шығар­маның орны ауысып кеткендей көрінуі де мүмкін. Бұл әділқазылардың тал­ғам тара­зы­сының әлсіздігінен емес. Жалпы табиғаты солай. Өйткені бір тақырыпқа байланған мүшәйрада айтар ой шеңбермен шектелген. Шеңбер ішіндегі додада жүй­ріктердің алысқа ұзап кете алмайтыны он­сыз да түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда кез келген мүшәйраның ақын шығар­ма­шы­лы­ғына әкелер пәлендей пайдасы жоқ. Оның бір дәлелі ретінде мүшәйраларға арнап жазылған өлеңдердің сол ақындардың таңдамалы шығармалар жинағының ішінен көріне бермейтінін айтсақ болар. Демек, мүшәйраның ұйымдастырылуындағы бірінші мақсаты көп жағдайда орындала бермейді. Екінші мақсаты – тақырыптың ашылуы. Бұл мақсат толық орындалады. Егер мүшәйра белгілі бір тұлғаның 80 жылдығы немесе қандай да бір ауданның 90 жылдығына арналса, сол мүшәйраңызға қатысқан ақындарыңыз бұл тақырыптары­ңызды жан-жақты ашып бере алады. Үшінші мақсаты таланттарды материалдық тұрғыда қолдау болса, бұл мақсат та белгілі бір деңгейде орындалады. Сонымен, қорыта айтқанда жыр-мүшәйраларының әдебиетке берер пайдасын орасан зор деп айта алмаймыз. Бірақ көптеген ақындардың осы мүшәйралар арқылы танылғанын жоққа шығаруға болмас. Және бір айта ке­терлігі, мүшәйрада бас жүлде алған ақын-классик, ынталандыру сыйлығына қол жеткендері ортаңқол деген түсінік тумауы керек. Бұның барлығы да – шартты нәрсе.
Енді бәйгелерге келейік. Ең пайдалысы – осы, нақты бір тақырыпқа байланбаған бәйгелер. Бұл бәйгелер таланттардың мүм­кіндігін көрсетеді және жаңа шығарма­лар­дың дүниеге келуіне де септігі тиеді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін осыған дейінгі драма­тургия мен балалар әдебиеті саласындағы бәйгелерді айтуымызға болады. Осыған дейін жеті жыл бойына жарияланып келген балаларға арналған шығармалардың «Да­рабоз» бәйгесі көптеген тың туындылардың жазылуына себеп болды деп айта аламыз. Биылғы жылы «Балауса» атты тағы бір бәй­ге қосылды. Бұл бәйгелерде жоғарыда айтқан үш  мақсат толығымен орындалады. Әртүрлі тақырыптарда өтіп тұратын кон­курстар да осы тақылеттес.
Фестиваль дегенде ең бірінші болып ойымызға оралатыны – «Шабыт» фести­валі. Осы фестиваль алғашқы жылдарда өте абыройлы еді. «Шабыттан» жүлде алған адамнан асқақ ешкім болмайтын.
«Шабыттан» орын алу былай тұрсын, әншейін қатысудың өзін мәртебе санаған жас таланттар да жоқ емес. Бірақ сол фестивальдың да соңғы уақыттарда бағасы түсіп бара жатқаны жасырын емес. Оның себептерін жіпке тізіп жатудың соншалықты керегі жоқ шығар. Бұл жердегі айтпағымыз, егер өз деңгейінде ұйымдастырылып жатса, жас таланттар үшін ең маңыздысы осындай фестивальдар.
Кішігірім додаларды осымен бір қайырып алып, сыйлықтарға келетін бол­сақ, аты әйгілі үш сыйлығымыз бар. Бірін­шісі – әрине еліміздің басты марапаты бо­лып саналатын Мемлекеттік сыйлық. Екін­шісі – жастардың «Дарын» сыйлығы. Үшіншісі – таза әдебиеттің айналасында­ғы­лардың өздеріне ғана қатысты Халықара­лық «Алаш» сыйлығы.
Мемсыйлық аталып кеткен бас марапа­тымыздың тарих-тамыры тым тереңде. Ол әлімсақтан бері беріліп келеді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атану дегеніңіз –  мемлекеттің ресми мойындауы. Мұхтар Мағауиндер, Оралхан Бөкейлер алғанда бұл сыйлықтың мәртебесі одан әрі арта түскен. Халықтың құрметіне бөленген, күллі оқырмандар мойындаған қаламгерлерге берілсе сыйлықтың абыройы арта түседі. Ал, кейде керісінше, оқырмандар мен әдеби ортада дұрыс бағаланбаған адамдар иелік еткенде арзандағандай сезілетіні де бар. Осындай себептермен төмендегендей көрінгенімен, бұл сыйлығыңыз қадірін жоғалта қойған жоқ. Өзін лайық санайтын қаламгерлердің алынбас асуы, қол жетпес биігі болып тұрғаны да – осы сыйлық. «Да­рын» мемлекеттік жастар сыйлығы жөнінде де осы ойды қайталауға болады. Өйткені «Дарын» сыйлығы – мемлекеттік сыйлық­тың жастарға арналған кішірейтілген көле­мі. «Алаш» сыйлығы болса, Мемле­кеттік сый­лық­қа қолы жетпеген жазушылар үшін бірден-бір сыбаға – осы.
Бұл сыйлықтардың барлығы да талант­тардың еткен еңбек, төккен терінің жемісі, тіпті ресми мойындалуы болып саналады. Сыйлық алғандар талантты, алмағандар талантсыз деген де ой тумауы керек. Бірде-бір сыйлық алмаған классиктеріміз жетер­лік.
Қорыта айтқанда сыйлық дегеніңіз жазы­лып, оқырмандардың қолына жеткен дайын шығармаға беріледі. Жазушы ол шығарманы (сыйлық алған шығарманы) жазып отырғанда, сыйлық алсам деп емес, әдебиет үшін, қала берді оқырман үшін жазғаны ақиқат. Демек, сыйлық дегеніңіз әдебиетшіге керек болғанымен, әдебиеттің дамуына қосар пайдасы аз. Ал, мүшәйра­ның жағдайын жоғарыда айттық. Осындай ойдың түйіні ретінде әдебиет үшін  тиімдісі белгілі бір тақырыпқа байланбаған әдеби бәйгелер мен конкурстар екенін айтқымыз келеді. Ол бәйгелер жазушы үшін де, әде­биет үшін де пайдалы.
Ауыт МҰҚИБЕКҰЛЫ, ақын:
– Негізі, сыйлық пен мүшәйра шы­ғар­маны бағалаудың нақты өлшемі емес. Десе  де, таланттарды материал­дық жағынан демеуге,  еңбегін бағалау­ға керек. Бүгінгі күннің жағдайымен ал­ған­да әділдік азайып кетті. Нағыз тұл­парлар далада қалып, шабан-шар­тық­тар көм­беден көбірек көрінетін болды. Мысалы, Шығыс Түркістаннан келген Серік Қапшықбайұлы деген ақын бар. Ешкімге ұқсамайтын талант. Сол кісі келгелі 20 жылға таяды. Кемінде 10 кітап шығарды. Ол кісіні әдеби қауым білмейді емес, біледі. Жақсы біледі деуге болады. Іздеп жүріп оқитындар­дың қарасы өте көп. Сондай шығарма­шы­лық иелеріне ша­қырып алып, шапқызбай бәйге беру­ге әбден болады.

Алмас ТЕМІРБАЙ, ақын, «Серпер» сыйлығының иегері, «Шабыт» фестивалінің лауреаты:
– Әрине жыр мүшәйралары да, түрлі фестивальдар да қажет! Пайдасы көп, зияны жоқ. Біріншіден, өнердің өсуі үшін осындай шығармашылық жарыс, бәсеке керек. Екіншіден, әр қатысушы байқауға жаңа туындыларын дүниеге әкеліп, үкілеп топқа қосады емес пе?! Бәйгеден орын алмаған күнде де сол үшін жазған шығармасы өз жанында қалады, кейін кітабына енеді, ал егер ол шынымен де бағалауға лайық шығарма болса халықтың ортақ игілігіне айнала­ды. Оның өзі – түсінген адамға үлкен ол­жа!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста