Шығармашылық достық шындықты айтқызады
«Өнер мен әдебиетте шекара болмайды» деген сөз жайдан-жай айтылмаса керек. Әр дәуірде өмір сүрген қазақтың көптеген талантты тұлғалары өзге жұрттың сөз ұстаған жақсыларымен тығыз қарым-қатынаста болып, достық орната білген. Мысалы, Абай шығармашылығының Пушкин мен Гете сынды алыптармен тамырласып жатуы, Жамбыл мен Гомердің үндестігі, Мұқағали мен Есениннің рухани сабақтастығы ұлттардың өзара байланысын байыта түсетін құбылыс емей, немене?!
Тарихи деректерге сүйенсек, «әйгілі Пушкин Махамбеттей қазақ батырымен жолығысып, оған бір дастанын оқып берген» деген де сөз бар. Бұл жөнінде белгілі жазушы Рақымжан Отарбаев бір әңгімесінде тәптіштеп жазған. Ал Шәкәрім мен Толстойдың, Шоқан мен Достоевскийдің достығы тарих беттерінде айрықша айшықталып қалды емес пе?! Мұхиттың арғы жағы мен көршілес Ресейдегі қаламгерлер қауымының арасынан қанаттастарын көп жинаған Олжастың өзге ұлттың жайсаңдарымен достығы қазіргі қазақ әдебиетіне едәуір салмақ қосқандай болды. Мұхтар Шахановтың Евгений Евтушенко, Шыңғыс Айтматовтармен достығы әдебиетте шын мәнінде де шекара болмайтындығын аңғарта түскендей.
Әдебиет тарихында бұған дәлел мен мысалдарды көптеп келтіруге болады. Өмірдің өзі дәлелдеп бергендей, әдебиеттегі достық қаламгердің тілі мен дініне немесе басқа да қасиеттеріне қарамайды. Өйткені қандай да бір рухани сабақтастық пен түсіністік болған жерде шектеулі шекара болмақ емес. Алайда осы «достық» ұғымын кезіндегі қоғам түрлі саяси мақсаттарды жүзеге асыру үшін «тиімді» пайдаланғаны жасырын емес. Кезінде кеңес өкіметінің «ұлттар лабораториясына» айналған социалистік Қазақстанда «ұлы достық» идеясының шылауында жүріп, біздің өз ұлттық болмысымыздан да айырылып қала жаздағанымыз аян. Бұл қауіп тек еліміз егемендігін жариялағаннан кейін барып сейіле бастады. Әйтсе де «халықтар бірлігі» деген ұғымды біз әлі терең түсіне алмай жүрген сияқтымыз.
Саяси термин ретінде кең қолданыста жүрген интеграция, ықпалдастық үрдісіне үрке қараудың қажеті жоқ. Көпшіліктің бұл жөніндегі түсінік-пайымы толық пісіп- жетілмегенін де жасырмай-ақ қояйық. «Халықтар бірлігі» мен «ұлттар достығы» төңірегінде туындаған идеялар негізінен қызыл саясатты желеу еткен кеңес заманында қарқынды жүзеге асырыла бастады. Алайда сол кездегі одақтас республикаларда осы бағытта жүргізілген идеологиялық жұмыстардың мақсаты өзгеріске ұшырап, алдымен аралас балабақшалар мен мектептер пайда бола бастады. Қазақ-орыс ұл-қыздарының «айнымас достығы» құпталып, аралас некелер «ұлттар бірлігінің» үлгісі ретінде барынша насихатталды. Кеңес дәуірінде кең етек жайған осындай «достықтың» инерциясы Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарымызға дейін жалғасты. Қазіргі қоғам халықтар достығын жаңаша сипатта қабылдап, осы бір қасиетті ұғымды мемлекетаралық байланыстар мен рухани қарым-қатынастарды нығайта түсу үшін ұлт игілігіне пайдалануда.
Сондықтан да ел мен елді жақындастырып, халықтарды біріктіретін фактор ретінде еларалық мәдени-рухани байланыстардың жетілдірілгені ләзім. Бүгінде қазақтың үлкен-кіші ақын-жазушыларының басқа мемлекеттегі әріптестерімен байланысы бұрынғыдай емес. Қазақ қаламгерлерінің шеттегі ақын-жазушылармен достығы кеңес өкіметі тұсында жанданды. Оған сол уақыттардағы халықтар арасындағы «ұлы достықты» насихаттаған қоғамдық-саяси идеологиялық бағыттар айтарлықтай септігін тигізді. Жалпы, осы үрдістер ұлттық әдебиетіміздің өсуіне, қазақ қаламгерлерінің сыртқа танылуына жаңа мүмкіндіктер ашты. Бұл ретте Қазақстан Жазушылар одағы үлкен шараларды жүзеге асырып жатты. Сонау 70-жылдардың басында Алматыда Азия-Африка елдері жазушыларының үлкен конференциясы болып өткен. Осындай халықаралық жиындарда табысқан әр ұлттың қалам ұстаған игі жақсыларының таныстығы достыққа ұласып жататын. Бұған қоса қазақтың қаншама таланттары Мәскеудегі әйгілі Әдебиет институтында оқып, сол жерден білім алып, жаңа достар тауып жататын. Мұндай әдеби ықпалдастық әсіресе көркем аударма саласының дамуына қатты әсер етті. Қалай десек те, әр елдің қаламгерлерінің достығы мен шындықты айтқызатын шығармашылық байланысы сол елдердің әдебиетіне ықпал етіп қана қоймай, ол – сонымен қатар халықтың рухани өсіп-жетілуіне әсер ететін құбылыс.
Аманхан ӘЛІМ, ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері:
– Шығармашылық адамдарының өзге елдердегі қаламдас әріптестерімен рухани байланысы, өзара достық қарым-қатынасы – қай заманда да болатын, әрі де бола беретін құбылыс. Сондықтан да достықты күнделікті тұрмыстық сипаттағы қажетті қарым-қатынас деп қана қабылдау – қате ұғым. Кеңес заманында Орталық комитеттердің жанында «Әдебиеттер байланысы», «Ұлттар әдебиеті» деген сияқты арнайы комитеттер мен ұйымдар жұмысы жақсы жолға қойылды. Осылайша, әр ұлттың қаламгерлер қауымы арасында өзара тығыз байланыс орнағандықтан, тың дүниелер туындап, жаңа шығармалар жазыла бастады. Мұның сыртында көптеген қазақ ақын-жазушысы шетелдегі әріптестерімен өз тараптарынан байланысқа шығып, хат жазысып тұратын. Әйтсе де «шығармашылық достық» деген ұғым бүгінгі қоғамда бұрынғыдай көрініс тауып отырған жоқ. Қазақ әдебиетіндегі аударма саласы ерекше серпілісте болған сол жылдары Әбдіжәміл Нұрпейісовті – Юрий Казаков, Жұбан Молдағалиевті – Татьяна Кузовлева, Мұқағалиді Михаил Курганцев сынды орыстың таланттары тәржімалады. Өз кезегінде қазақ қаламгерлері талай классикалық дүниесін өз оқырманымызға жеткізіп берді. Біз өзге мемлекеттермен әдеби-шығармашылық байланысымызды үзбеуіміз керек. Себебі өзінің әдебиетімен ғана шектеліп қалған ұлттың әлемдік әдебиетпен тайталаса алмасы анық.