Шығармашылық еңбек дүние-мүліктен қымбат
Бүгін – Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні. Әйтсе де кітап оқу азайған тұста және белгілі бір шығарма иелерінің өз құқықтарын дұрыс білмейтін қазіргідей кезеңде дәл осындай ерекше күннің елеусіз өтіп кететіні өтірік емес. Әлемнің жүздеген елдері кәдімгідей салтанатпен атап өтетін бұл күн, әсіресе оқырмен қауым үшін мерекедей болуы тиіс еді. Ал бізде бәрі керісінше. Аталған мерекенің ешқандай да мемлекеттік маңызы мен дәрежесі болмағандықтан, бұл күнді атап өтудің басты салмағы мен машақаты тек кітапханашылар қауымына ғана жүктелетіні түсініксіз.
Анығын айтар болсақ, кітапханашылардың мерекесі 15 қазанда емес пе еді? Негізі, осы күнді шығармашылық интеллигенцияны құрайтын қаламгер қауым мен кітап индустриясын дамытып отырған баспагерлер дүркіретіп-ақ ала кететін жөндері бар ғой. Көп жағдайда кітап көрмесі деңгейінде ұйымдастырылатын осынау даталы күнде авторлық құқықтың тиісті дәрежеде қорғалуына байланысты түйткілдерге мән бере бермейміз. Осыдан-ақ біздің рухани құндылықтарға деген дұрыс көзқарасымыздың әлі де пісіп-жетілмегендігі мен интеллектуалдық меншік иесінің құқын қай дәрежеде қорғайтынымыз аңғарылып тұрғандай. Тәуелсіздік алғалы бергі жылдармен есептегенде ТМД аумағы бойынша авторлық құқық ең жиі бұзылатын елдер қатарында Қазақстан алдыңғы орындардың бірінде тұр. Мұның бәрі осы мәселелер төңірегіндегі біздегі заңдардың шикілігінен. Оның үстіне, бүгінгідей ақпараттық технологиялардың дамыған кезеңінде интеллектуалдық меншіктің де түрі көбейе бастады. Бұрындары жазған кітабың мен салған суретіңді немесе шығарған музыкаңды авторлық құқық тұрғысынан алаңсыз қорғай алатын болсаң, бүгінде адамдар кез келген дүниені сырттан-ақ иемденіп, патент ала беретін болды. Бұған қоса, қазіргі уақытта кез келген жаңа шығармашылық туынды немесе басқа да ақпараттар сандар мен кодтар түрінде берілуі де мүмкін. Осы орайда интеллектуалды өнімді (өлең, ән, әңгіме, музыка, фильм т.с.с ) әсіресе ғаламтор арқылы таратуда авторлық құқықты қорғауға қатысты жаңа проблемалар алдымыздан шықты. Мысалы, белгілі бір туынды ғаламтор жүйесінде құқық иеленушінің рұқсатынсыз пайдаланылған жағдайда авторлық құқық бұзылады. Әрине, ақпараттық кеңістіктің бәрін бақылап, авторлық құқықтың бұзылмауын біреулер күні-түні қадағалап отырмайды. Құқықтың заңды түрде қорғалуы ең алдымен әлгі шығармашылық меншік иесінің өзіне тікелей байланысты. Десек те, осындай түсінбеушіліктердің алдын алу үшін қазіргі қолданыстағы заң жобасына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілген.
Ондағы мақсат «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі мен Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясының ережелерімен сәйкестікке келтіру. Бірақ бұл заң жобасының халықаралық талаптарға қаншалықты сәйкес келетінін біз дөп басып айта алмаймыз.
Дерек
Бұл күнді атап өтуге себепті нәрсе – 23 сәуірдің қаламгер қауымына көп байланысты болғандығынан. 1616 жылдың 23 сәуірінде әлемді мойындатқан классик қаламгерлер Сервантес, Шекспир, Инка Гарсиласо де ла Вега дүниеден өтті. Бұл күн – сонымен қатар әлемге танымал авторлар Морис Дрюон, X.Лакснесс, Владимир Набоков, Мануэль Мехиа Вальехоның туған және өмірден қайтқан күндері. Сондықтан әлемнің кітапсүйер қауымы 23 сәуірді Кітап және авторлық құқық күні ретінде атап өтеді.
1995 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күнін атап өтуді белгілеген. Бұған қоса, дәл осы күні балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік әдеби шығармалар үшін ЮНЕСКО сыйлығы да тағайындалған болатын.
Түйін
Біздегі кітап өндірісі мен оны сату жүйесі, интеллектуалдық туындылардың ғаламторда қалай болса солай пайдаланылатыны, әсіресе әдебиет пен өнер саласында ұрлық, көшірме дүниелердің, яғни плагиаттың тым көбейіп кетуі біздің заңдық тұрғыдан сауатсыздығымыздың айқын көрінісін білдіреді. Ал біздің қазақы салғырттығымыз шығармашылық еңбегімізді заңдастыруға асықтырмайды. Біз, керісінше, тұрмысқа қажетті дүние-мүлікті заңдастыруға асығамыз. «Сананы тұрмыс билейді» деген осы.