Шымкентте бір ғаламат айтыс өтті
Шымкентте "Нұр Отан" партиясы мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен "Шырайлы, шежірелі құтты мекен" атты республикалық айтыс өтті.
Қазақ айтыс өнерінің ақтаңгері Оразалы Досбосыновтың «Айтыс десе ат түгіл, атан түгіл, АҚШ-тың байлығын да менсінбеген», деп жырлағанындай бұл додаға жиналған тыңдарман қауымның қарасы көп болды. Облыстық опера және балает театрында залға сыймай интірескен көрерменді сөздің інжу-маржан асылдарымен қызыққа бөлеген ақындар өздері де елдің ыстық ықыласына бөленді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтыстың өңірлерде ұйымдастырылуының басты себебі, Астана мен Алматыда өткен сөз додасына өңірлерден жырсүйер қауым дерлік қатыса алмайтындығын ескеріп өңір-өңірді аралап сөз аламанын ұйымдастырып жүргендіктерін айтады.
Осы реткі жетекші партияның 15 жылдық торқалы тойы қарсаңындағы аламанға елімізге танымал сайдың тасындай Мұхтар Ниязов, Нұрлан Мұсаев, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Қажымұхан Абзал, Қанат Мырзахан, Есет Досалы, Қуаныш Шарманов, Талғат Мықи, Біржан Байтуов сыңды ақындар қатысты. Кілең ер жігіттерден құралған «сен тұр мен атайын» деген жігіттердің сапынан оралдық Талғат Мықи мен шымкенттік Біржан Байтуов, қызылордалық Мұхтар Ниязов пен атыраулық Нұрлан Мұсаев, түркістандық Бекарыс Шойбеков пен қарағандылық Айбек Қалиев, шымкенттік Қажымұхан Абзал мен алматылық Қанат Мырзахан, тараздық Есет Досалы мен керекулік Қуаныш Шарманов сөз сүзістірді. Мұны бірінші рет «Алтын домбыраны» ұтып алған Мұхтар Ниязовтың «бұл айтыста аяу жоқ, кілең ерлердің шайқасы болмақ» дегенінен-ақ байқауға болады. Әсіресе, Мұхтар мен Нұрланның, Айбек пен Бекарыстың айтыстары ес жиғызбай шапалақ соқтырды. Айтысқа аралық салып қосылған Нұрлан мен Қуаныш баптарында екенін көрсетті.
Ұлыстың ұйытқысы Оңтүстікте өткен тартысты доданы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы, сатирик, ақын Көпен Әмірбек, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Мұхамеджан Тазабек, жазушы Мархабат Байғұт, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Бахтияр Тайжандар қазылық жасады. Айтысқа Оңтүстік Қазақстан облысың әкімі Асқар Мырзахметов, әнші, жырау, Нұр Отан партиясының саяси кеңесінің мүшесі Бекболат Тілеухан, Нұр Отан орталық аппаратының саяси жұмыс департаменті директорының орынбасары Ғалымжан Өтелбайұлы келді.
Осылайша, «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыстың қорытындысы бойынша, Мұхтар Ниязов үшінші орынға (750 мың теңге) ие болды. Ал екінші орын (1 миллион теңге) Қажымұқан Абзаловтың еншісіне тиді. Бірінші орынды Бекарыс Шойбеков (1 жарым милиион теңге) иеленді. Бас жүлдеге Айбек Қалиев (2 миллион теңге) лайық деп танылды. Бұл айтысқа қатысқан ақындардың ешқайсысы жүлдесіз қайтқан жоқ. «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған алдыңғы айтыстардағыдай әр қайсысы 500 мың теңгеден қанжығалады. Және «Қазайтыс» сайты дайындаған арнайы жүлде Нұрлан Мұсаевқа бұйырып, оны белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашов табысталды.