«Шындық детекторы» – шынайылығымен ерекшеленген шығарма
«О заманда, бұ заман, бастықты темірдің таңдауымен сайлағанды кім көрген? Бұрын адамның тағдырын адам шешуші еді, адамдарға жағдайыңды айтып түсіндіруге болатын. Қазір шындық детекторы деген бәле шығыпты. Шындық детекторы тамыр-таныс, ағайын-туыс дегенді ұқпайды...» Бұл – жақында ғана Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған «Шындық детекторы» пьесасындағы кейіпкердің сөзі. Иә, қазіргі заманда жоғары мансапқа ұмтылған үміткер де, тіпті қарапайым жүргізушінің куәлігін алғысы келген адам да, оқу орнына түсуге талпынған талапкер де электрондық жүйемен тест тапсырып, бағын сынайды. Бірақ «заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейтін адамдар темірді де алдаудың жолын тауып, парақорлықты одан сайын үдетпесе, азайтар емес.
Міне, заманның осындай дертін сонау кеңес заманында-ақ шығармасына арқау еткен белгілі драматург Баққожа Мұқайдың «Дүние кезек» пьесасы бүгінде Мұрат Ахманов сынды жаңаша көзқарасты режиссердің өңдеуімен қайта сахналанды.
Сахнада ежелден бір ұжымда қызметтес болған Сайран Райымов, Ботан Сарманов, Асхат Шарифуллин, Жайсаң Базаров, Бану Қоқанова сынды кейіпкерлер үлкен лауазым үшін тартысқа түсіп, «Шындық детекторының» есігіне кірместен-ақ бір-бірінің өміріндегі пендешіліктерін әшкере етіседі. Өзінің кемшілігін сезетін кейіпкерлердің әрқайсысы өздерінің «сүттен ақ, судан таза» екендігін дәлелдемекші болып, біресе шындық детекторына кіруге таласса, біресе сол есікке кіруге жүрексініп, бірін-бірі итермелейді. Кезінде Мақан Жақанович атты бастыққа бағынышты болған ұжымдағы жасы үлкендеу Ботан Сарманов – әйелі Нұрияның сөзінен аса алмайтын, ішкілікке жақын жағымпаз қызметкер. Оны мазалайтын ой – «темірді де жасаған адам ғой, егер шындық детекторы адал жұмыс істейтін болса, дүниеде таза адам қалмас еді». Ал Жайсаң Базаров – адамдардың бәрін ақымақ, өзін ақылды санайтын залым. Ол өзі жоғары лауазымды орынға ұмтыла тұрып, басқаларды «басшы болу – адам қызығатын дүние емес» деп өзінше үгіттеп қояды. Ал татар Асхат Шарифуллин әйелі Сәнияның айдауына көніп, айтқанынан шықпайды. Оның түсінігінде шындық детекторы адамды ұлтқа, руға бөліп қарамайды, қандай маман екенін анықтайды, пара алмайды. Еркектердің арасындағы лауазымға таласқан жалғыз әйел Бану Қоқанова шындық детекторын жасаған адамды тауып алсам деп армандайды. Шындық детекторынан өтуге қорықпай келген тағы бір қызметкер – Сайран Райымов. Оны кезінде ұжым болып қаралап, бастықтарының былығын жабу үшін құрбан етіп, пара алды деген айыппен түрмеге тоғытқан болатын. Алты жыл темір торда отырып келген Сайранды әріптестері жақтыра қоймайды. Өйткені Сайран олардың әрқайсысының кемшілігін беттеріне басады. Ол мансапқа деген махаббаттың адамды орға жығатынын ашына айтса да, тыңдар құлақ болмайды. Пьесаның соңында шындық детекторының есігіне кірген Жайсаң Базаров, Асхат Шарифуллин, Бану Қоқанова есеңгіреп шығады. Ал оларды көрген Ботан Сарманов қорыққанынан кіруге бас тартады. Елдің ең соңында шындық детекторының есігінен енген Сайран жоғары лауазымға лайық деп табылады. Бірақ оның бұл қуанышы ұзаққа созылмай, тосыннан тиген оқтан көз жұмады. Сонымен қойылымның көрерменге жеткізбек ойы – біздің қоғамда әділеттіліктің жоқтығы. Адамзаттың алдында адал өмір сүру үшін талай күрес күтіп тұрғанын меңзейтін шығарма көпшілікке ой салары сөзсіз.
Драматургтің соңында театры, іздеушісі, режиссері болса, ол ешқашан өлмек емес. Баққожа ағаның алмағайып замандағы адамдардың арпалысын дөп басқан шығармасы – бүгінгі заманның да шындығы. «Мен бастық болсам, бастарыңа жастық болам, бетегеден биік, жусаннан аласа, астарыңа алаша болам» деп халықты қу сөзбен алдап, дегеніне жеткен соң аспандап кететіндердің дәурені жүріп тұрған уақыт туралы уытты тілмен көпшілікке жеткізу де – қаламгердің күресі. Ал режиссердің жетістігі – шығарманы бүгінгі заманға лайықтап, қазіргі заманның қаһарманын жасауы. Дәл осындай тың ізденістер бүгінде театр өнеріне ауадай қажет.
Мұрат Ахманов, қоюшы-режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
– Бұл шығарма – Баққожа Мұқайдың 1989 жылы жазылған «Дүние кезек» атты пьесасы. Біз бұл шығарманың атын заманға сай өзгертіп, «Шындық детекторы» деп атадық. ЭВМ алдында жауап беретін адамдардың өзіндік қорқыныштары болатыны рас. Олар өмірде өздерінің істеген пендешіліктерін, кемшіліктерін, білімдерінің таяздығын біреу біліп қоя ма деп күдіктенеді. Осыдан кейін адамдардың арасында бақталастық пайда болып, өзара тартысқа түседі. Қазіргі кезде біздің елімізде және басқа да көптеген мемлекетте әсіресе мемлекеттік қызметкерлер арасында сайлау, жарыс, байқаулар жиі өтеді. Қай мекемеде болса да бастықтарды байқау арқылы таңдау етек алған. Электрондық жүйеде тест тапсыру көбейді. Бірақ қалай болғанда да адамның ар-намысы бірінші орында болуы керек. Сонау қайта құру кезеңінде жазылған шығарма болса да, қазіргі заманға да сай келіп тұрған секілді.
Есмұқан Обаев, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның Халық әртісі:
– Баққожаның өмірден өткеніне де биыл бес жыл болды. Ол отызында орда бұзып, «Қош бол, ертегі» шығармасымен театр сахнасына келген еді. Одан кейін театр сахнасында оның талай пьесасы сахналанды. Мен Баққожаның «Дүние кезек» пьесасын Семей, Қарағанды, Жамбыл театрларында қойдым. Ал оның көзі жұмылғаннан бері осы шығармасы бүгін алғаш рет жаңа атаумен қойылып отыр. Аталған пьеса сахнада жүрген сайын өзектілігін жоғалтпайды. Бұл шығарма – уақытпен сапарлас, сырлас, мұңдас, үндес қойылым. Ешкім қалам сілтеуге батылы бара бермейтін тақырыптарға Баққожа тосыннан келіп килігіп кететін. Қазақ драматургтерінің ішіндегі айтары мол, ұрпаққа қалдырған аманаты бар Баққожаның бүгінде М.Әуезов театрында екі пьесасы жүріп жатыр, облыстық театрларда да қойылымдары сахналануда. Әлі де талай шығармасы көрерменге жол тартады деп ойлаймын.