Шыңжаң қазақтарының рухани мұрасы туған топырақта түледі
Алаш жұртына сүйіншілейтін тағы бір жаңалық! Ата-бабаларымыздан қалған сан ғасырлық мәдени, рухани құндылықтарымыз тағы бір баға жетпес байлықпен толықты. Рухы асқақтаған ару Астананың 11 жылдық тойы қарсаңында кезінде тағдыр тауқыметімен шекара асып кеткен қандасымыз Долда Кенешұлының құрастыруымен «Шыңжаң қазақтарының рухани мәдениет үлгілері» атты жеті томдық жинағының соңғы төрт томы жарық көрді. Былтыр елорданың 10 жылдығына орай, аталған жинақтың алғашқы үш томы «Атамұра» баспасынан басылып шыққан болатын. Көршілес Қытай елінен өзінің өмір бойы тірнектеп жинаған ән-күй, өлең-жырларын, мақал-мәтелдерін шашау шығармай, атамекенге жеткізген белгілі мәдениеттанушы, этнограф, зерттеуші, сазгер Долда Кенешұлының бүгінде еңбегі жанып, жұртшылық жеті томдықтың тұсаукесеріне куә болды.
Долда Кенешұлы отыз жыл бойы Қытай жеріндегі қазақтардың ауыз әдебиеті үлгілерін, ән-күйін, халық әндерін, жырларын, мақал-мәтелдерін жинап, аудиотаспаларға түсіріп, осыдан үш жыл бұрын Қазақстанға алып келген еді. Мұндай құндылықтарды атамекенге жеткізудегі мақсат – әдебиетке, мәдениетке қамқор азаматтардың қолына табыс етіп, өзінің туған жұрты алдындағы борышын ақтау болатын. Бір өзі бір институттың қызметін атқарған азамат атамекенге келісімен қолындағы барын Иманғали Тасмағамбетовке аманат етіп тапсырды. Мәдениеттің мәнін түсінетін, рухани құндылықтың бағасын білетін Имекең Долда Кенешұлы жеткізген таспаларды мұқият тыңдап, ондағы бұрын-соңғы халыққа жете қоймаған ән-күйлердің, жырлардың, баталардың, басқа да ауыз әдебиеті үлгілерінің жинақ болып басылып шығуын шұғыл қолға алды.
Сөзді қадірлейтін, өнерді құрметтейтін көзіқарақты халық үшін аталған жинақ шынымен де құнды. Осы тұрғыда Долда Кенешұлының еңбегін белгілі этнограф Шоқан Уәлиханов пен Александр Затаевичтердің мәдениетімізге қосқан үлесімен салыстыруға тұрарлық. Сондай-ақ аталған жинақтың жарық көруіне қазақтың беткеұстар азаматтары: белгілі ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, «Атамұра» баспа корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхаммед, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры Ысқақ Біләл, халықтық шығармаларды орындаушы Еділ Құсайынов сынды әдебиет пен өнер жанашырлары үлес қосты.
Ұлықбек Есдәулет, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
— Долда Кенешұлы осыдан бірнеше жыл бұрын маған 20-30 касета мен төте жазуымен жазылған қолжазбаларды алғаш әкеліп көрсеткен еді. Ол: «Менің бақылауымша, өнерге шын жаны ашитын бір адам болса, сол — Иманғали Тасмағамбетов болар деп ойлаймын. Осы қазынам ешкімге қолды болмай, сол кісінің қолына тисе, менің арманым жоқ» деп өтінішін білдірді. Мен Долдекеңнің аманатын Иманғали бауырымызға жеткіздім. Ол, әрине, бұл құндылықтың құнын бірден бағалап, рухани байлықты жинақтаушы жалғыз қазақтың еңбегінің жануына қолынан келгенін аяған жоқ. Ал маған осы істің басы-қасында болып, үйлестіруіме жолдастық тапсырма берді. Сонымен біршама азаматтардың еңбегімен қазіргі қолымыздағы жинақ жарық көрді.
Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы:
— Қытайдағы қандастарымыздың «Адам күбірін тау естиді, тау күбірін Тәңірі естиді» деген жақсы бір сөзі бар. Олардың бай, әдеби, мәдени мұрасының бізге жетіп отырғаны – үлкен жетістік. Ал халқының бай мұрасының құрып кетпеуін ойлап, нағыз иелеріне қайтару үшін оны жинақтаушыда нағыз қазақы үлкен жүрек, намыс болуы керек. Мен осындай Долда секілді азаматтың халқының бағына жаратылғанына қуаныштымын. Қазіргі тіліміздің жай-күйі мәз емес болып тұрған шақта бұл – үлкен еңбек. Басымды иіп, мың да бір рақмет айтамын.
Долда Кенешұлы, жеті томдықтың құрастырушысы:
— Еліміздің егемендігінің арқасында мен өмір бойы жинаған халық мұралары жеті кітап болып жарық көріп отыр. Мен өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Әсіресе, балдан қалған сарқыттай ата-бабамыздың бізге қалдырған осы халық мұраларын кейінгі уақытта да жалғастыру – біздің борышымыз. Мен осы мұраларды 1970 жылдан бастап жинадым. Қытай жерінде 1966-76 жылдар аралығында аумалы-төкпелі кезең болып, мәдени төңкерістің салдарынан көптеген мұраларымыз өртеніп, қиратылып, аспаптарымыз құртылды. Әумесер саясаттың салдарынан ән айтуға, күй тартуға тыйым салынды. Кейін әпербақан надандардың заманы өтіп, қателіктер түзетіле бастағанда, біршама өнерге жанашыр азаматтар құруға шақ қалған әдеби, мәдени мұраларды тірнектеп жинаумен болды. Халық мұраларын жинақтау теңізден тебен іздегендей машақатты жұмыс. Кез келген әнші-күйшіге барып, «мен мына әніңді, күйіңді жазып алайын» дегенге ешкім саған қолындағы барын жайып салмайды. Одан да біреудің қызын айттырып барған оңайырақ. Сондықтан мен бүгін еңбегімнің жемісін көріп отырғаныма шексіз қуаныштымын. Менің еңбегімді бағалап, жинақ етіп шығаруға көмектескен азаматтарға алғысымды білдіремін.
Түйін
Игілікті іске халық қашан да қуанады. Әсіресе, «елім, жұртым» деген азаматтарды туған халқы бағалайды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе атқарылған жұмыстың жемісіне бүгінде баршамыз куәміз. Құрамында Біләл Ысқақ, Айтқали Жайымов, Еділ Құсайынов т.б музыка мамандары, зерттеушілері мен орындаушылары бар жұмыс тобы жинақтағы ән-күйлердің нотаға түсуіне, олардың іріктелуіне қыруар еңбек сіңірген. Бір жылға тарта жүргізілген еңбектің нәтижесінде, ұлтымыздың мәдени мұрасы 128 сыбызғы күйіне, 300-ге тарта домбыра күйіне, 400-дей ән үлгілеріне толықты. Кешегі өткен жеті кітаптың тұсаукесерінде қазақ өнерпаздары жинаққа енген ән-күйлерден шашу шашты.