«Сыр сандуғаштары» сайрайтын болды
«Сыр елі – жыр елі» дегенмен, осы күнге дейін дария бойында жергілікті жас өнерпаздардың дыбыс жазу студиясы болмай келген еді. Өнері өрге жүзген өрендер амалдың жоқтығынан еліміздің ірі қалаларына барып, сол жұмысты атқаратын еді.
Енді ондай әуре-сарсаң болмайды. Келешегінен үлкен үміт күттірген жас ұландар туған қаласынан алысқа ұзамай-ақ, дыбыс жазуды жасата алады. Оны «Сыр сандуғаштары» балалар студиясы атқарады. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетова жетекшілік етеді. Талай талантты өреннің өнер әлемінің қиясында қалықтауына даңғыл жол ашқан ол кісі енді тағы да елдің арасынан сондай өрендерді шығаруды көздеп отыр. Студияда әндерін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары шырқап жүрген жергілікті сазгер Сәбит Ұлықпанұлы музыкалық көркемдеуші қызметін атқарады. Сондай-ақ, бұл жерде мың бұрала биші болғысы келетін және аспаптық жанрды үйренгісі келетін үміттілер де өзінің білімін шыңдай алады.
Қаракөз Ақдәулетова, «Сыр сандуғаштары» балалар студиясының жетекшісі:
– Бұл мақсатта былтыр 7 млн теңге шамасында қаржы бөлінген. Осының арқасында кәсіби жазу аппараттары алынды. Мұндай жабдықтар Астана, Алматы қалаларында ғана бар. Енді олардың қатарына біздің студия да қосылмақ.